Видео

Ұзындығы 150 метр: Нұр-Сұлтандағы таңғажайып тұйық көше – видео

Жазылу
Бүгінде Қазақстан астанасы дамудың даңғыл жолына түскен: қалада зәулім ғимараттар мен кеңселер аз емес. Ал сегіз жолақты жолдар ондаған шақырымға созылып жатыр. Алайда, Нұр-Сұлтанда он шақты үй орналасқан шағын көшелер де жоқ емес

Sputnik Қазақстан тілшісі Белжайлау көшесінде болып, елорданың ең қысқа жолының жағдайымен танысып қайтты.

Белжайлау көшесі ішкі істер министрлігінің көп қабатты ғимаратының жанында орналасқан. Оған Гейдар Алиев көшесінен кіруге болады.

Ұзындығы 150 метр болатын көшедегі алғашқы үй осыдан 30 жыл бұрын пайда болған. Целиноградта "Тұрғын үй-91" бағдарламасы жаңадан іске қосылғанда, "Энергетиктер" көшесі шағын аудандағы алғашқы көшелердің бірі болған. Бірнеше жыл бұрын бұл көшеге Белжайлау деген атау берілген.

Қазіргі кезде шағын көшеде 13 үй бар. Оның көпшілігінің иесі көше салынғаннан бері осы жерге қоныстанған тұрғындар.

Олар өз қолдарымен үй тұрғызып, ағаш отырғызған. Қазіргі кезде мұнда бірнеше жылдық емен, қарағай, шырша мен көктерек, қайың және сирен сияқты ағаштар жайқалып тұр.

Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанда веложолдар қай жерде, қалай салынып жатыр – видео

Белжайлау көшесінде бой көтерген алғашқы коттедж иесінің бірі – Владимир Денгин.

"Біз коттедждерді өз күшімізбен салдық. Сол сияқты жол мен жол жиегі, тротуарлар да өз қаражатымызға жасалды. Бір жақсысы бұл тұйық көше. Біздің көшенің тұрғындары бір-бірін өте жақсы біледі және үнемі туған күндерді бірге атап өтеміз", – дейді ең қысқа көше тұрғыны.

Тағы бір тұрғын Светлана Махмұтова мұнда 20 жылдан бері тұрады. Ол жедел жәрдем дәрігері болып жұмыс істеп, зейнетке шыққан. Зейнеткер өз үйін ешқандай да ақшаға немесе астананың ешбір сәнді пәтеріне ауыстырмайтынын айтады.

"Барлық көршілер бір-бірін біледі және осы жердегі ойын алаңына балалар көп келеді. 20 жыл осында тұрып, төтенше жағдай немесе қандай да бір оқыс оқиғалар мен қайғы-қасірет туралы естімедім. Бұл жерді астанадағы жұмақ десе де болатындай", – дейді ол.

Белжайлау көшесінің тұрғындары өздері тұратын көшенің әдемілігімен әрі ықшамдылығымен ғана емес, сонымен бірге өздері жасаған қауіпсіздік пен жанға жайлы атмосферасымен де жоғары бағалайды.

Жаңалықтар
0