НҰР-СҰЛТАН, 19 мамыр – Sputnik. Парламент мәжілісі "мемлекеттік фельдъегерлік байланыс туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, фельдъегерлік қызметті ұйымдастыратын құзырлы орган – премьер-министр кеңсесі.
"Бұл қызметтің міндеті – үкіметтің хат алмасу жұмысын қамтамасыз ету, мемлекеттік органдардың аса маңызды әрі құпия хаттарын тасу, арнайы пошталарды ТМД-ға мүше елдерге жеткізу", – деді ол мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, фельдъегерлік бөлімнің қызметкерлері ішкі істер органдарының кадрында тіркелген. Сондықтан олар қарумен, формамен және арнайы құралдармен қамтамасыз етіледі. Бірақ ішкі істер органдарының қызметкерлері сияқты қылмыс ашып, тергеу жүргізбейді.
Заң жобасын әзірлеу кезінде халықаралық тәжірибе зерттелді. Министр бірқатар елде фельдъегерлік байланыс туралы арнайы заң қабылданғанын атап өтті.
"Біз дайындаған заң жобасының мақсаты – фельдъегерлік қызметтің құқықтық мәртебесін бекіту. Екіншіден, Достастық елдері арасында фельдъегерлік байланыс тәжірибесін жасау. Үшіншіден, осы саладағы қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелері үшін әлеуметтік кепілдіктер бекіту. Осы мақсатқа үш жылға бюджеттен 16,8 миллион теңге қарастырылған", – деді Тұрғымбаев.
Айтуынша, бұл қаржы жұмысына байланысты көшетін қызметкерлердің жеке заттарын тасымалдауға, ұшақта жүріп қызметтік міндетін атқаратындардың жалақысына қосылатын үстемеақыға, зейнетке шығатын кезде берілетін төлемақыға бағытталады.
Оқи отырыңыз: Сенатор үкіметтен ашаршылыққа қатысты құпия деректерді ашуды талап етті
Сонымен қатар жұмыс ауыстырған кезде қызметкерлердің балаларына балабақшадан кезексіз орын беріледі.
Мәжіліс заң жобасын бірауыздан мақұлдады.