Қоғам

Мәжіліс қашықтан жұмыс істеу туралы заң жобасын мақұлдады

© Photo : СС0 / StockSnapКомпьютерная мышь
Компьютерная мышь - Sputnik Қазақстан, 1920, 19.05.2021
Жазылу
Заң жобасына сәйкес төтенше жағдай және карантиндік шектеулер енгізілген кезде, жұмыс беруші уақытша қашықтан жұмыс істеуге көшкен жұмысшыны коммуникация құралдарымен қамтамасыз етіп, шығындарын өтеуі тиіс

НҰР-СҰЛТАН, 19 мамыр – Sputnik. Парламент мәжілісі қашықтан жұмыс істеуді құқықтық реттеу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Заң жобасын мәжіліс пен сенат депутаттары әзірледі. Құжатты дайындауға былтыр бүкіл әлемде басталған COVID-19 пандемиясы себеп болды. Індет салдарынан Қазақстанда қызметкерлердің 70 проценттен астамы үйден жұмыс істеген еді.

"Елде қашықтан жұмыс істеуді ұйымдастырудың қалыптасқан тәжірибесі пандемия кезінде еңбек саласындағы нақты процестер мен еңбек заңнамасы арасындағы алшақтықты көрсетті. Анықталған олқылықтарды ескеріп, депутаттар бірқатар ұсыныс жасады", - деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған депутат Жанат Омарбекова.

Заң жобасында қашықтан және қашықтан аралас жұмыс істеу ұғымдары енгізілген.

Мәжілісменнің айтуынша, қашықтан жұмысқа ауысқан қызметкерлер компьютердің, коммуникация құралдарының жоқтығы сияқты өткір мәселеге тап болған.

"Осыған байланысты заң жобасында норма көзделді. Оған сәйкес төтенше жағдай және карантиндік шектеулер енгізілген кезде, уақытша қашықтан жұмыс істеуге көшірілген жұмысшыларды коммуникация құралдарымен қамтамасыз ету және шығыстарды өтеу қажеттілігі жұмыс берушінің актісінде айқындалады. Егер жұмысшы өзінің коммуникация құралдарын тұрақты негізде пайдаланса, жұмыс беруші өтемақы төлей алады. Оның мөлшері, төлеу тәртібі мен мерзімі тараптардың келісімімен белгіленеді", - деді депутат.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда қашықтан жұмыс режимі заңдастырылады

Сонымен қатар жұмыс берушінің актісі бойынша қызметтік міндеттерін  еңбек шартын жасаспай жүзеге асыратын мемлекеттік қызметшілерді, әскери қызметшілерді, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлерін қашықтан жұмыс істеуге жіберу тәртібі регламенттелді.

Омарбекованың айтуынша, заң жобасында қашықтан жұмыс істеу кезінде жұмыс орнын көрсетуге қатысты талап жоқ. Бірақ жұмыс беруші жеке еңбек шартында қашықтан жұмыс істеу үшін арнайы орынды бекітуге құқылы. Егер бекітпесе, қызметкер кез келген жерде, тіпті басқа қалаға барып та қашықтан жұмыс істей береді.

Бұдан бөлек, қашықтан жұмыс істеу режимі кезінде жұмыскер жұмыс берушімен байланыста болуға тиіс.

Заң жобасында тараптардың келісімімен икемді жұмыс уақытын қолдану мүмкіндігі де қарастырылған.

Мәжіліс заң жобасын бірінші оқылымда бірауыздан мақұлдады.

Жаңалықтар
0