Денсаулық

Қант диабетінің 2-ші түрін емдеудің заманауи әдістері қандай

© Photo : TesaPhotography/pixabayСахарный диабет, иллюстративное фото
Сахарный диабет, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 18.05.2021
Жазылу
Қант диабетінің 2-ші түрі деген қандай ауру екенін түсіну үшін алдымен биология мен анатомияға көз жүгірту керек

Алдымен глюкоза жайлы айтайық. Ол әрқайсысымыздың қанымызда бар. Себебі дәл осы глюкоза адам үшін энергия көзі болып саналады.

Глюкоза ағзаға құрамында көмірсу бар тағаммен немесе глюкоза гликоген ретінде сақталып тұрған бауырдан келіп түседі. Энергия көзіне айналу үшін глюкоза ағза жасушаларына түсуі керек. Инсулин дәл осы мақсатта қажет болады.

Инсулин гормонын ұйқы безінің ерекше жасушалары өндіріп шығарады. Глюкоза енуі үшін инсулин біздің денеміздегі тіндер жасушаларын кілт секілді ашып береді. Осы процесс жүрген кезде қандағы қант деңгейі төмендейді.

Қант диабеті кезінде не болады? Қант диабетінің 1-ші түрі кезінде инсулин шығаратын жасушалар бұзылады. Сондықтан науқастарға гормонды сырттан қабылдауға тура келеді. Инсулинге тәуелді диабет деген атаудың шығуы да осыған байланысты. Қант диабетінің 2-ші түрі кезінде мүлде басқа жағдай қалыптасады. Біріншіден, ағзаның инсулинге тұрақтылығы – инсулинге төзімділік пайда болады. Түсінікті тілмен айтқанда, гормон түзіледі, бірақ тіндерге глюкоза жетуі үшін ол көп көлемде қажет. Мұндай жағдайдың бір себебі ретінде семіздікті атауға болады. Себебі май тіндері инсулиннің жұмысына кедергі келтіреді. Екіншіден, қант диабетінің 2-ші түрі кезінде инсулинге төзімділік оның жеткілікті деңгейде шығарылмауымен үйлесуі мүмкін. Мұны инсулин секрециясының тапшылығы деп атайды. Оның себебі алуан түрлі болуы мүмкін. Мысалы, ұйқы безіндегі қабыну процестері.

Қант диабетінің 2-ші түріне шалдыққан науқастарда инсулин түзілетіндіктен, бұл ауруды инсулинге тәуелсіз диабет деп атайды.

Қант диабетінің 2-ші түрі қалай туындайды

Көп жағдайда қант диабетінің 2-ші түрі 40 жастан асқан адамдарда кездеседі. Алайда соңғы жылдары дәрігерлер бұл аурудың жасарып жатқанын айтуда. Қант диабетінің 2-ші түрінің асқыну себептері мен факторлары көп:

  • Көп тамақ жеу, семіздік: дене салмағының индексі ≥ 25 кг/м2.
  • Аз қозғалыстағы өмір салты.
  • Тұқым қуалаушылық (егер анасы/әкесі, әпкесі/ағасы қант диабетіне шалдыққан болса, онда сіз де қауіп тобындасыз).
  • Ұйқы безіндегі проблемалар – ол инсулин шығаруға әсер етуі мүмкін.
  • Артериалы гипертензия.
  • Гестациялық қант диабеті – ол жүктілік кезінде пайда болады.
  • Липидті алмасудың бұзылуы.
  • Поликистозды аналық без синдромы.
  • Жүрек-қантамыр аурулары.

Қант диабетінің 2-ші түрі асқынулар анықталғанға дейін еш белгі бермейді. Қант диабетінің 2-ші түрінің симптомдары көп аурудікіне ұқсас келеді:

  • Шөл қысу және ауыз құрғау.
  • Жиі зәр шығару.
  • Салмақтың өзгеруі.
  • Үнемі ашығу сезімі.
  • Терідегі қышулар.

Қант диабетінің 2-ші түрін емдеуге бола ма

Қант диабетінің 2-ші түрі – толық емдеуге келмейтін, бірақ сәтті түрде бақылауда ұстауға болатын созылмалы ауру.

"Қант диабетінің 2-ші түрін емдеу өмір сүру салтын жетілдіру, тамақтану тәртібін өзгерту және дене шынықтырумен айналысудан басталады. Содан кейін қант құрамын азайтатын дәрі-дәрмек тағайындалады. Олардың бірнеше түі бар. Кейде бірнеше түрін тағайндайды", - деді жоғары дәрежелі эндокриолог дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Евгения Степанова.

Емдеу тәртібі қант диабетінің 2-ші түрінің қай сатыда екенін байланысты болады. Қан құрамындағы қант деңгейі шамалы көп болса, онда диета сақтау жеткілікті болады. Қант диабетінің 2-ші түрі кезіндегі диета нені білдіреді? Бұл рационнан жылдам көмірсуларды алып тастауды немесе шектеуді білдіреді: тәтті (қант, кәмпит, печенье), ұннан жасалған өнім (нан, макарон өнімдері), майларды шектеу (май, майлы ет, шұжық).

Диетаға қосымша физикалық жүктемемен де айналысу керек – 30-60 минуттан аптасына кемінде үш рет. Қажет болса, қан құрамындағы қантты төмендету үшін дәрілік заттар тағайындалады. Олар екі әдіспен әрекет етеді: не инсулин түзілуін арттырады, не жасушалардың глюкозаға төзімділігін арттырады.

"Дәрімен емдеу тиімділік көрсетпесе, онда қант диабетінің 2-ші түріне шалдыққан науқастарды біз көп жағдайда инсулинді терапияға ауыстырамыз. Бұл науқасқа байланысты. Оның көрсеткіштері неғұрлым нашар болса, онда оның инсулинге көшу мүмкіндігі соғұрлым жоғары", - дейді дәрігер Степанова.

Диагностика

Қант диабетінің 2-ші түрінің диагностикасы глюкоза деңгейін өлшеу арқылы жүргізіледі. Егер ол белгілі мәннен жоғары болса, онда сәйкес диагноз қойылады.

"Саусақтан капиллярлы қан, көктамырдан венозды глюкоза қан тапсыруға немесе гликирленген гемоглобинге қан тапсыруға болады. Ол соңғы үш айдағы қандағы глюкоза деңгейін көрсетеді. Капиллярлы қандағы глюкоза бойынша норманың жоғарғы шегі – бір литр үшін 5,5 ммоль, көктамырдағы үшін – бір литрі үшін 6,1 ммоль", - деді сарапшы.

Бұл тексерулер басқа зертеулермен толықтырылуы мүмкін:

  • Неврологиялық – тіндердің сезімталдылығын тексеру.
  • Сирақ қантамырларындағы қан қысымын өлшеу арқылы доплерографиямен ультра дыбыстық зерттеу.
  • Адам денесінің төменгі бөлігіндегі күретамырларын сканерлеу.
  • Тіндердегі қан ағымын бағалауға мүмкіндік беретін транскутанды оксиметрия.

Заманауи әдістер

Ғалымдар қант диабетінің 2-ші түрін емдеудің жаңа құралдары мен әдістерін іздестіруді жалғастырып жатыр. Кейбір жаңа препараттар дәрігерлердің назарын аударғаны рас.

"Қант диабетінің 2-ші түрін емдеу үшін қолданылатын заманауи препараттардың арасында глюкогонды пептид агонистері деп аталатын құралдарды атауға болады. Бұл инъекция түрінде қолданылатын ерекше препараттар. Бір препарат бірнеше дәрі-дәрмектің орнын алмастыра алады: ол қандағы глюкоза деңгейін төмендетеді, липидті спектрді, яғни холестеринді қалпына келтіреді, артериалық қысымды қалпына келтіреді, тәбетті төмендетеді, салмақты азайтады. Яғни қант диабетінің 2-ші түрін емдеу кезіндегі мақсаттың барлығын қамтиды. Бұл инсулин емес, бұл қантты төмендететін басқа препарат", - деді эндокринолог дәрігер Евгения Степанова.

Жаңалықтар
0