Өңірлер

Атырау мектебінен шу шықты: спортзалда түсірілген сурет желіде тарап кеткен

© Sputnik / Дмитрий Дмитриев / Медиабанкке өтуАрхивное фото школьного спортзала
Архивное фото школьного спортзала - Sputnik Қазақстан, 1920, 18.05.2021
Жазылу
Әлеуметтік желіде едендегі саңылауды матамен бітеп отырған мұғалімнің суреті қызу талқыланып жатыр

НҰР-СҰЛТАН, 18 мамыр – Sputnik. Атырау қаласындағы мектептердің бірінде шу шықты, деп хабарлады "Хабар 24".

Әлеуметтік желіде едендегі саңылауды матамен бітеп отырған мұғалімнің суреті қызу талқыланып жатыр. Бұл жағдай мұнайлы шаһардағы Мақаш Бекмұхамбетов атындағы орта мектепте болған.

Былтыр білім ошағына күрделі жөндеу жүргізілген болатын. Алайда оның сапасы сын көтермеген. Жазба авторы қазынаның 440 миллион теңгесіне жасалған жөндеу жұмысының нашар екенін айтып отыр.

Оқи отырыңыз: Павлодарда сынып жөндеуге ақша жинаған ата-аналардың басы дауға қалды 

Мектеп мұғалімі Райса Жұмабаеваның айтуынша, білім ошағы күрделі жөндеуден кейін де әлі де тиісті жұмыстарды қажет етеді. Ал облыстық білім басқармасы "педагогты кәсіби міндетіне қатысы жоқ жұмыстарға тартқаны үшін мектеп директоры тәртіптік жауапкершілікке тартылды" дейді.

Қазір ішкі мемлекеттік аудит департаменті бұл мектепте тексеру жұмыстарын бастады.

"Спортзалдың едені мүлде жасалмады. Соның бетін сүргіледі. Ағаштардың арасы ашық қалғасын оған мұғалімдерді шақырып, арасына мата тыққызды. Ол менде бұрынғы фотода бар. Содан кейін мұғалімдерге сырлау жұмыстарын жасатты. Сосын мен арыз жазғаннан кейін спортзалдың есігі кілттеніп, құрылысқа жауапты ЖШС келіп бітірді. Бұның артында қосымша бітпеген жұмыстар әлі көп", - дейді мектеп мұғалімі Райса Жұмабаева.

Қалалық білім бөлімінің басшысы Фаруза Шангереева желідегі фотоны көріп, директордан түсініктеме алғанын атап өтті.

"Жалпы педагогтарды кәсіби мамандығынан бөлек қызметтерге тартуға болмайды. Сондықтан мектеп директорынан түсініктеме алынып, міндетті түрде шара қолданылады", - дейді ол.

Мемлекеттік аудит департаменті бүгінгі күні тексеріс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Соның қорытындысы бойынша шешім қабылданады.    

Жаңалықтар
0