Денсаулық

Эпилепсия туралы не білу керек: емдеу және алдын алу

© Photo : Рixabay./RyanMcGuireЧеловек лежит на ступеньках, иллюстративное фото
Человек лежит на ступеньках, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.05.2021
Жазылу
Эпилепсия кезіндегі тырысу аяқ астынан, кейде тіпті күтпеген уақытта болуы әбден мүмкін. Көп жағдайда тырысып қалған науқасқа адамдар алғашқы көмек көрсетуге тырысады. Алайда көмек дұрыс көрсетілмегендіктен, науқастың зардап шегуі де кездесіп жатады

Эпилепсия деген не

2005 жылы Халықаралық эпилеписияға қарсы лига ұсынған анықтамаға сәйкес, эпилепсия (грек тілінен аударғанда "epilambo" – тырысу, ұстама дегенді білдіреді) екі негізгі аспектіні қамтитын ауру:

  • бас миының эпилептикалық ұстамаларды тудыруға патологиялық бейімділігі;
  • осы күйдің нейробиологиялық, когнитивті, психологиялық және әлеуметтік салдарының болуы.

Эпилепсияны ең алғашқы болып сипаттағандардың бірі – Гиппократ. Ол ұстамалардың болуына ауа температурасы, жел, күн сәулесі секілді сыртқы факторлар әсер етеді деп санап, эпилепсияны "әулие ауру"деп атады. Тарихи мәліметтерге сүйенсек, Юлий Цезарь, Наполеон Бонапарт, Ван Гог сынды танымал адамдар эпилепсиямен ауырған.

Эпилепсияның пайда болу себептері

"Жыл сайын эпилепсия диагнозы қойылатын науқастар саны артып келеді. Жалпы эпилепсиялық ұстамалар нейрондарды қоздыру және тежеу механизмінің бұзылуымен байланысты бас миындағы нейрондардың шамадан тыс разряды салдарынан туындайды", – дейді ресейлік невролог дәрігер Павел Дынин.

Бірақ эпилептикалық ұстамалар мына секілді жағдайларда туындаса, онда науқасқа "эпилепсия" деген диагноз қойылмайды:

  • төтенше жағдай (күйзеліс);
  • дене температурасының көтерілуі;
  • улану;
  • ұйқысыздық.

Бұл көбіне балаларда жиі кездеседі. Себебі балаларда бас миының физиологиясын реттеу механизмі қалыптасу сатысында тұрады. Сонымен қатар бассүйек-ми жарақатының асқынуы, бас миының инфекциялық ауруы, ісік, метастаз кезінде де талма болуы мүмкін.

Эпилепсияның 3 түрі бар:

  • тұқым қуалайтын (зат алмасудың генетикалық ақауы);
  • туа біткен (жатыр ішінде пайда болған патология – инфекция, босану кезіндегі жарақат);
  • эпилепсия туындауына жүре пайда болған бейімділік (жарақат, инсульт, ісік салдары).

Эпилепсия белгілері

Эпилепсияның 3 кезеңі бар:

  • ұстамалы немесе иктальді кезең;
  • ұстамадан кейінгі немесе постиктальды кезең;
  • ұстамааралық немесе интериктальды кезең.

Ұстама алдында аура деп аталатын құбылыс болуы мүмкін. Ол вегетативті өзгерістер, моторлы бұзылыстар, сенсорлық сезімдер, психикалық немесе сөйлеудің өзгеруі түрінде болуы ықтимал. Көбіне эпилепсия ұстамасы жүрек айну, бас айналу, қатты әлсіздік, кеудедегі ауырсыну, тұншығу, ұйқышылдық, тіл немесе еріннің ұюы, құлақтағы шуыл немесе шыңылдау, иіс сезудің бұзылуынан басталуы мүмкін.

Егер бұл күрделі ұстама (парицальді) болса, онда ол кезде автоматизмдер (ебедейсіз қимылдар) байқалуы мүмкін. Бұл кезде ол адаммен байланыс орнату өте қиын болады.

Қайталанған жаппай ұстама аяқ астынан болуы мүмкін. Бірнеше секундқа созылған аура кезінде науқас есін біліп жатады да, артынша ол құлап, тез есін жоғалтады. Құлау кезінде кеуде тұсындағы бұлшықеттің күрт жиырылуымен дауыс шымылдығының аралығындағы құрысу салдарынан науқас айқайлауы мүмкін.

Одан кейін дірілді ұстаманың тонустық кезеңі басталады. Бұл кезде бұлшықеттің қатты тырысуы салдарынан дене мен аяқ-қол созылады, науқас басын артқа лақтырып, бір шетке қисайтады. Оның тынысы тоқтап, мойнындағы тамырлар ісінеді, бет-аузы көгеріп, жағы қысылады. Бұл фаза 20 секундқа созылады.

Одан соң ауызда көбік пайда болып, қарлығып тыныс алатын клонустық тырыспа болады. Бұл фаза 2-3 минутқа созылуы мүмкін. Дірілді тырысу жиілігі біртіндеп азаяды да, бұлшықет толығымен босайды, тітіркендіргіштерге және жарыққа реакция болмайды.

Тырысудан кейінгі кезеңде неврологиялық симптомдар болмауы немесе тырысуға алып келген симптомдардың кейбірі ғана болуы мүмкін.

Эпилепсия түрлері

"Эпилепсиялық ұстамалар алуан түрлі. Олар ақыл-ойдың жоғалуы, дене мен аяқ-қолдың дірілдеуі немесе тонустық жиырылудан кейде жанындағы адамдар байқамайтын, айналасындағы шынайы өмірден бір сәтке "жоқ боп кететін" дірілсіз эпизодтар – абсанстарға дейін болуы мүмкін. Сол сияқты көз алдының жарқ етуі, шу, ауырсыну және тактильді сезім секілді ақыл-ойды жоғалтусыз болатын эпилептикалық ұстамалар да бар.

Шектеулі уақыт ішінде эпилептикалық ұстамалардың бірінен кейін бірі болуы эпилептикалық статус деп аталады және ол шұғыл түрде мамандандырылған көмек көрсетуді қажет етеді.

Эпилепсияны емдеу

Тырысулар сирек болса да және науқастың қалыпты өміріне аса кедергі келтірмесе де эпилепсияны емдеу керек. Бұл ауру болжам білмейтін асқынуларымен аса қауіпті және адам өліміне алып келуі мүмкін.

Диагностика

Эпилепсия диагнозын қою әркез оңай емес. Дәрігер науқастың бұған дейін қандай аурумен ауырғанын терең зерттеп, барлық симптомды мұқият тіркеп отырады. Қосымша бірқатар зерттеу құралы қажет болады. Олар мидағы эпилептикалық белсенділік ошақтарын растап, олардың патологиялық белсенділігін және мидағы орналасуын белгілейді.

Диагнозды невролог немесе эпилептолог дәрігер қояды. Патологияны анықтаудың негізгі әдісі – ЭЭГ. Тексеру кезіндегі мәлімет бойынша мидағы патологиялық белсенділік ошақтары анықталады. Компьютерлік талдаудың көмегімен белсенділік көзі анықталады. Кейде ол үшін функционалды сынақтар, яғни жарық арқылы тітіркендіру, гипержелдетуі бар үдемелі тыныс алу әдісіне жүгінуге тура келеді.

Сонымен қатар миға МРТ жасау да маңызды. Себебі бұл зерттеу арқылы ұстаманың себебі – ісіктер, жарақат, аневризма анықталады. Сондай-ақ ЭКГ, офтальмолог консультациясы, қан және зәр талдауы тағайындалуы мүмкін.

Невролог дәрігер Павел Дынинның айтуынша, әрбір кезекті эпилептикалық ұстама және оны дұрыс емдемеу сырқаттың асқынуына және бас миындағы нейрондардың өлуіне алып келеді. Кейде ұстама болатын жағдайдың өзі де адам өміріне қауіпті болады. Яғни, науқас тырысу басталған кезде автокөлік жүргізіп келе жатса, жүзумен айналысса, биікте тұрса, оның жақсы аяқталары екіталай. Сондықтан тез арада дәрігерге қаралу керек.

Эпилепсия тек медикаменттердің көмегімен емделеді. Егер онкологиялық патология бар болса, онда операцияға жүгінуге тура келеді. Қазіргі уақытта вальпроик қышқылы, окскарбазепин, левитирацетам, карбамазепин сынды негізгі препараттар тобы бар.

Эпилепсияны адамдардың өз бетінше емдеуіне қатаң тыйым салынады. Себебі бұл ауру кезінде қолданылатын әрбір препараттың өзіндік нұсқауы мен қарсы нұсқауы бар және оны тек дәрігер анықтай алады.

Эпилепсия кезінде физиотерапевтік ем шараларын шектеулі түрде қолдануға болады. Себебі олардың бірқатары электрлі импульстерді қолданумен байланысты. Массаж, емдік дене шынықтыру тағайындау ұстамаларды препараттармен түзету деңгейіне, сондай-ақ физикалық белсенділігі бар науқастарда ұстаманы қоздыратын факторлардың болмауына байланысты болады.

Үй жағдайында эпилепсияның алдын алу

Дәрігер невролог Павел Дынинның айтуынша, эпилепсияның қандай да бір профилактикасы жайлы сөз етуге болмайды. Себебі арнайы тексеру – электроэнцефалограмма кезінде көрінген өзгерістер дені сау адамнан да байқалуы мүмкін. Стандартты альфа-ырғақтан ауытқуға күйзеліс, ұйқының бұзылуы, дәрі-дәрмек қабылдау, бірқатар азық-түлік және тағы басқа факторлар әсер етуі ықтимал.

Ал егер әдеттегі эпилептиформалы белсенділік байқалса, оны тудыруға тәулік бойы жұмыс істеу, алкогольді және энергетикалық ішімдікті шамадан тыс көп ішу, қатты жарық алдында ұзақ отыру (кино көру, компьютерде жұмыс істеу немесе компьютерлік ойындар) себепші бола алады.

Бұл жағдайда терапияны тағайындау туралы шешімді маман ғана қабылдайды. Мидың жұмысын жүйелі түрде зерттеуден басқа бірқатар жағдайда видео-ЭЭГ-мониторинг орындау тағайындалуы мүмкін (бірнеше сағаттан тәулікке дейінгі электроэнцефалография). Бұл тексеру барысында науқастың ояу және ұйқы кезіндегі мидың белсенділігін бағалауға болады.

Жаңалықтар
0