Дерекқор

"Назарбаев қойғаннан кейін амалсыз болдық қой": Герольд Бельгер туралы қызықты деректер

© Sputnik / Абзал КалиевКітап сөресі
Кітап сөресі - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.05.2021
Жазылу
Танымал жазушы, прозашы, публицист, әдебиет зерттеушісі, сыншы, аудармашы, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Герольд Бельгердің өмірбаяны туралы Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Неміс баласы қазақ жеріне қалай келді

Герольд Бельгер 1934 жылы 28 қазанда Саратов облысы Энгельс қаласында туды.

Әкесі Карл Фридрихович, 1931 жылдан бері құжаттарда "Федорович" деп көрсетілген. Ұшқыштар мектебінің дәрігерлік бөлімінде істеді. Анасы Анна парашютші болатын.

Герольд Бельгер – үйдің тұңғышы, өзінен кейін үш қарындасы дүниеге келді: Эльма, Роза, Альма.

Роза дүниеден өткен, әкесі және анасымен Ташкентте жерленген. Эльма Ташкентте, ал Альма Германияда тұрады.

1941 жылы Сталиннің жарлығымен этникалық неміс ретінде ата-анасымен бірге Қазақстанға жер аударылған. Осыдан бастап ол Солтүстік Қазақстан облысында, қазіргі Ысқақ Ыбыраев ауылының маңындағы қазақ ауылында өсті.

Ауылда оны ешкім Герольд деп атамаған, "Гера", "Кира", "Сары бала" атап кеткен.

"Есімнен өмір-бақи кетпейтіні – жер аударылғаным. Сонау Еділ бойынан жазықсыздан-жазықсыз жер аударылғаным еш уақытта есімнен кетпейді. Оны әрдайым жазам, кітаптарымның негізгі тақырыбы да сол. Немістердің автономиясын құлатты, қиратты, таратты. Жан-жаққа жер аударды. Мектептен, өз тілінен, өз мәдениетінен ажыратты. Жеті жасымнан бастап осы кезге дейін оны ұмытпаймын. Қазір қазақтың тарихын, тағдырын ойласам, қазақтың тілін ойласам, қазақтар да осы жолға түсіп кете ме деп қорқам", - деген еді Бельгер.

Бала Герольд үйінде отбасымен неміс тілінде сөйлесті. Ал қазақ тілін мектепте, көшеде балалармен араласып жүріп меңгеріп алды.

Герольд Бельгер кішкентайынан кітапқа әуес болды. "Көп оқыдым. Үш тілде. Мені адам қылған осы менің рухани үш тірегім", - деген еді ол.

Қазақ орта мектебінде білім алды. Алматыдағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтының филология факультетіне оқуға түсті.

"1954 жылы ҚазПИ-ге бар-жоғы бес-ақ неміс оқуға түстік. Оған шейін онда бірде-бір неміс оқуға түсе алмаған. Ал, жоғарғы білім алғысы келген кейбір немістер аты-жөнін, ұлтын өзгертіп жазуға мәжбүр болған", - деп еске алған еді бірде жазушы көзі тірісінде.

Герольд Бельгердің қаламгерлік қарымы да осы кездерде қалыптаса бастады.

 

Герольд Бельгер неге депутат болғысы келмеді

Герольд Бельгер еңбек жолын Жамбыл облысында орта мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беруден бастады. Кейін "Жұлдыз" әдеби журналында қызмет етті, ал 1964 жылдан бірыңғай шығармашылық жұмысқа бет бұрды.

1971 жылдан бастап Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі атанды.

1992 жылдан неміс тіліндегі "Феникс" альманағы бас редакторының орынбасары болып істеді.

1994-1995 жылдары Қазақстан Жоғарғы кеңесінің депутаты болды. Алайда бұл қызметке Бельгер амалсыздан келіскен.

Тағы оқыңыз: Мүсіреповпен құда болған: әйгілі жазушы Сәбит Мұқанов туралы қызықты деректер

"Шыны керек, депутат болғым келген жоқ. Нұрсұлтан Назарбаев қойғаннан кейін амалсыз болдық қой, таратып жібергенде "шығармашылығыммен еркін айналысатын болдым ғой" деп қатты қуандым", - деді жазушы "Жұлдыздар отбасы" басылымына берген сұхбатында.

Сондай-ақ ол Қазақстан немістері кеңесінің мүшесі және Қазақстан президенті жанындағы мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңестің мүшесі болды.

Герольд Бельгердің шығармалары

Герольд Бельгер шығармаларын қазақ, орыс және неміс тілдерінде жазды. Өзге ұлт өкілі болса да, қазақтың әдебиетін, мәдениетін, тарихын жетік білді. Қазақ әдебиетінің шын жанашыры болды.

Абай мұраларын зерттеді, Ғабит Мүсірепов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбіш Кекілбаев, Дүкенбай Досжан және тағы басқа қазақ жазушыларының шығармаларын орыс тіліне аударды.

"Ауыл шетіндегі үй", "Даладағы шағалалар", "Тас өткел", "Гете мен Абай" секілді көптеген туындысы оқырмандардан өз бағасын алды.

Мәселен жазушының "Кезбенің үйі" романы Қазақстандағы этникалық немістердің тағдырына арналған. Шығармада зұлмат ғасырдың ауыртпашылығын көрген қазақтар мен немістердің тағдыры суреттеледі.

"Менің әкем енді мен Еділге қайтпаймын, өз Отаныма оралмаймын, қазақтың арасында қаламын деген үлкен қағидаға бой ұрып, ақыр аяғында қазақ ауылында үлкен ағаш үй салған азамат. Романның оқиғасы да осы бір эпизодтан басталады. Романдағы кейіпкерлер – менің әкем, еңбек армиясында болып, талай қорлық көрген інісі Христиан және Гарри есімді үшіншісі – өзім", - деді Бельгер осы романы жайлы.

Роман ойдан құралмаған, кейіпкерлерінің басым көпшілігі өмірде болған адамдар.

Бельгер екінші сыныптан бастап күнделік жазған. Кейін ол баспадан басылып шықты.

Еңбекқорлығы мен қарапайымдылығынан танбаған жазушы өмірінің соңғы күндеріне дейін қолынан қаламын тастаған жоқ.

Бельгердің қазақ халқы мен қазақ тілі туралы ойлары

Герольд Бельгердің қазақ тілі туралы ойлары қазақ ұлтының рухын көтеруге ықпал етті.

Жеті жасынан жер аударылған неміс баланың жүрегі қашан да "қазақ" деп соқты. Ол жазушының мына сөздерінен анық сезіледі:

"Қазақ тілі үшін барымды беруге дайынмын. Менің рухани тірегім Абай Құнанбайұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мұхтар Әуезов. Қазақ тіліне үңілген сайын тереңдей түстім".

"Қазақ тілі қазір тек қана кедей қазақтарға, ауылдың қазағына, доллары жоқ қазақтарға керек боп қалды. Қазақтың өзінің жүрекжарды тілі болуы керек. Соған жете алмай жүрміз. Оны мен емес, қазақтардың өздері айтуға тиіс. Менікі жай ғана қазақтың арасында өскендіктен, қазақтың тілін білгендіктен, қазақтың өзін танығандықтан айтып отырған дүние ғой".

Тағы оқыңыз: КСРО мемлекеттік сыйлығын алған үш қазақтың бірі Әбдіжәміл Нұрпейісов туралы деректер

"Өмірімнің 43 жылын қазақтардың арасында, қазақ тіліне құлағымның құрышын қандырумен келген екенмін. Менің ұғым-түйсігімде қазақ тілі құдды қазақтың осынау кеңпейіл, мейірбан дархан даласы сияқты ғажайып ұшан-теңіз бай, шешен де көркем тіл. Тек сол оралымды бай тілді "қиыннан қиыстырар ел данасы" керек. Өз басым осылай түсінемін".

"Мен қазақ алфавитін өзгертуді қалайтын адамдардың бірімін. Латын қарпіне көшудің жолында жүрген адаммын. Мақсатым – латын әрпіне көшсек, Шығыс, оның ішінде түркі халықтарының басы қосыла ма деген ой. Қазақ қайсысын қабылдаса, қайсысын дұрыс деп есептесе, мен соған қолымды көтерем де, соның бағытымен кетем".

"Келер ұрпақ менің қай тілде жазғаныма емес, сөзімнің салмағына назар аударар деп үміттенемін. Маған қазір ең жақыны - қазақ пен неміс. Қазақты бірінші орынға қойғанымды жағымпаздық деп қабылдамаңыз. Қазақ мұндайда "Бала баққандікі ме, әлде тапқандікі ме?" дейді. Мені неміс тапса да, жарқырап көрінуіме себеп болған қазақ қой. Сондықтан мен неміс пен қазақтың төсін қатар еміп өскен арда ұлмын".

"Мен қазаққа қаратып сын айтсам, жанашыр көңілден айтамын. Көптің бірі болып қалмай, қанатын еркін жайса екен деймін. Қазақты айтқанда, өзімнің немісім еске түседі. Германиядағы емес, ТМД елде­рін­дегі немістер. Қазақтың басындағы трагедия ТМД немістерінде де бар. Тіл мәселесі, орыстанып кеткені, тегінен, тілі мен ділінен ажырап, алыстап бара жат­қандығы екі ұлтқа да ортақ қасі­рет".

"Қазақ барлық салада тойшыл бо­лып барады. Басы артық мал шашу - нағыз дарақылықтың көкесі".

"Қазақстандық ұлтқа" қарсы шыққан Бельгер

2010 жылдары Қазақстанда "Ел бірлігі" доктринасы қоғамда қызу пікірталас тудырды. Доктрина көпұлтты, көпконфессиялы елге арналған құжат еді. Доктринада қазақстандық ұлт идеясы көтерілді.

"Қазақстандық ұлтқа" қарсы шыққан қаламгерлердің бірі Герольд Бельгер болды.

"Қазақстандық ұлт" мәселесі мүлде мен қабылдамайтын дүние. Мен тіпті келешекте төлқұжатты бергенде ұлтымды көрсетпесе, ұлтымның неміс екенін оған сиямен жазамын. Мен ешуақытта да "қазақстандық ұлтты" білмеймін. Менің ұлтым – неміс. Сол сияқты қазақтың ұлты қазақ, орыстың ұлты орыс болуға тиіс", - деп қадап айтты жазушы.

Ол бұл идея саясатқа бола ойдан шығарылғанын, келешекте қазаққа сор болып тиетін үлкен нәубат екенін айтқан еді.

"Ақын-жазушылар биліктің алдында мүлде басқаша сайрайды"

Герольд Бельгер шындықты бетке тура айтатын қаламгерлердің қатарынан еді. Бір сұхбатында ол ақын-жазушы достарының жүрек қынжылтар бір мінезі туралы айтты.

"Біздегі жазушылардың, керісінше, биліктің алдында құрдай жорғалап, құлдық ұратынын талай көріп жүрмін. Тіпті, солардың көбісі менің араласып жүрген достарым. Көшеде жүргенде олар басқаша сөйлейді де, биліктің алдына барғанда мүлде бөлек сайрайды...Зиялы қауымның осы бір мінезі менің көңілімнен шықпайды.

Тағы оқыңыз: "Кінәсін мойындаған" Әуезов: жазушы туралы қызықты деректер

Біздің үлкен кемшілігіміз анау шенеуніктерді өте жоғары көтереміз. Ол әкім екен, бастық екен деп, олардың алдында дірілдеп-қалшылдап жұмсақ сөйлеп, биязы бола қаламыз. Ал Батыста интеллектуалдар бастықтың алдында өзін әлдеқайда жоғары санайды. Өйткені, билік өткінші дүние де, ал әдебиет, мәдениет, философия мәңгілік ескірмейтін құндылықтар. Осы ұғым бізде жоқ.

Біздің ақын-жазушылардың көбісі уақытша әкімдердің алдында өздерін төмен ұстайды, бағасын тым арзандатып алады. Менің ызамды келтіретіні сол. Шын жазушы биліктің емес, өзінің сөзін сөйлеп арды мойындатқызуы керек. Мәселе сонда", - деген еді сыншы.

Герольд Бельгердің отбасы

Герольд Бельгердің жұбайы –  Раиса Хисматуллина, ұлты татар. Педагог.

Ерлі-зайыпты Ирина есімді бір қыз тәрбиелеп өсірді. Ирина Ковалева – әртіс, кинорежиссер. 1988 жылғы Всеволод есімді ұлы бар.

Жазушы 2015 жылы қаңтарда алтыншы рет инфаркт алып, комаға түсті. Қазақ мәдениеті мен әдебиетінің жанашыры 7 ақпанда 81 жасқа қараған шағында дүние салды.

Жаңалықтар
0