Экономика

Халыққа тегін ақша таратыла ма – валютаның жаңа формасына қатысты маман пікір білдірді

© Sputnik / Абзал КалиевНациональная валюта Казахстана тенге
Национальная валюта Казахстана тенге - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.05.2021
Жазылу
Халықаралық сарапшылардың пікірінше, халық цифрлық валютаның артықшылығын көрсе, коммерциялық банктерде ақша азаяды

НҰР-СҰЛТАН, 16 мамыр – Sputnik. Қазақстаннның ұлттық банкі цифрлық теңгені енгізуді жоспарлап отыр. Жақында осы мәселені қоғамдық талқылауға да шығарған. Банктің баяндамасына сәйкес, "бұл – ақшаның жаңа формасы". Биыл оны сынақтан өткізіп көреді. Бәрі ойдағыдай болса, цифрлық теңге қолданысқа түседі. Сонда ұлттық валютаның жаңа формасы қалай енгізіледі? Сауда-саттық пен ақша айырбастау жағынан қиындық болмай ма? Интернет істемей қалса, цифрлық ақша қалай аударылады? Пилоттық жоба кезінде тегін ақшаны таратуы мүмкін бе? Ең бастысы, халық цифрлық валютадан не ұтады? Sputnik Қазақстан тілшісі осы мәселені зерделеп көрді.

Әлемдік тәжірибе не дейді

Бүгінде әлем бойынша цифрлық валютаны енгізу мәселесі кеңінен зерделеніп жатыр. Осы бастаманы сынақтан өткізіп алған мемлекеттер де бар. Мәселен, көрші Қытай былтыр цифрлық юаньге сынақ жасады. Биыл осы ақшаға алғаш рет әуе билеті сатып алынды. Енді, келесі жылы цифрлық юаньді айналымға шығару жоспарланып отыр.

Қазақстанның тағы бір көршісі – Ресей Федерациясы да цифрлық рубльді сынақтан өткізіп көрмекші. Бұдан бөлек, Ұлыбритания, Канада, Швеция, Израиль мен Жапония сияқты мемлекеттер цифрлық валютаны жасау мәселесін зерделеуге кірісті. Еуропаның орталық банкі де алдағы уақытта цифрлық еуроны шығаруды жоспарлап жатыр. Ал Багам аралдары мен Камбоджа цифрлық валютаны қолданысқа енгізіп қойды.

Байқап қарасақ, барлығы есеп айырысуды технологиялық тұрғыда барынша жеңілдетуді көздейді. Себебі цифрлық валютамен офлайн режимде яғни, интернет болмаса да, төлем жасай беруге болады. Демек, шалғай ауылда жүрген адам да оны емін-еркін қолдана алады. Оған қоса, банктерге сан алуан комиссия төлеудің қажеті жоқ.

Ал халықаралық сарапшылардың сөзіне қарағанда, цифрлық валютаның арқасында санкцияларды да айналып өтуге болады. Мәселен, Иран долларлық төлем жүйесі арқылы ақша аудармай-ақ, басқа мемлекеттермен тікелей жұмыс істей алады. Сонда АҚШ-тың санкциялары тиімсіз болып қалады.

Цифрлық валютамен төлем қалай жасалады

Ұлттық банк мамандары цифрлық теңге мен криптовалютаны шатастырмау қажет деп отыр. Себебі мемлекет криптоақшаны шығармайды және оған кепілдік бермейді. Оның бағамы тұрақсыз болғандықтан, тауар мен қызметтің толыққанды төлем құралы бола алмайды. Ал цифрлық валютаны ұлттық банктің өзі айналымға шығарады және реттеп отырады.

Қазіргі жоспарға сәйкес, ондай валюта әмбебап цифрлық кодтың негізінде жасалады да, электронды әмиянға аударылады. Тіпті, интернетсіз ақша аудару мүмкіндігі де болады. Мысалы, сымсыз байланыс болғанда цифрлық теңге POS-терминал, QR-код және тағы басқа электронды құрал-жабдықтар арқылы аударылса, офлайн кезінде ақша смартфонға немесе планшетке жүктеледі де, арнайы модульде сақталады. Төлем Bluetooth немесе NFC арқылы жасалады. Цифрлық теңге телефоннан бірден терминалға түседі.

Осылайша, цифрлық теңге қолма-қол және қолма-қол емес ақша ретінде жүре береді. Бүгінде біз барлық төлемді көбінесе, картамен немесе ұялы телефонмен жасаймыз. Ал интернет болмаса, қолма-қол ақша іздей бастаймыз. Цифрлық теңгемен ондай проблема болмайды. Себебі төлемнің екі түрін де жасауға мүмкіндік болады.

Цифрлық теңгенің тиімділігі неде

Ұлттық банк цифрлық теңгені бюджет қаражатын бақылаудың тиімді құралы ретінде қарастырып отыр. Атап айтқанда, тендер мен субсидия арқылы бөлінген ақшаны қадағалауға болады. Бұдан бөлек, мемлекеттік жәрдемақылар мен зейнтақыларды тікелей әлеуметтік әмиянға аударып отыруға мүмкіндік бар. Ең бастысы, көлеңкелі экономиканың үлесі азаяды.

Цифрлық валютаны қолма-қол ақшаға да, қолма-қол емес ақшаға да ауыстырып, электронды аударымдар жасауға мүмкіндік бар. Сол сияқты ақшаның осы екі түрі де цифрлық форматқа аударылады.

GSB UIB бизнесті талдау орталығының директоры, экономист Мақсат Халықтың айтуынша, әрбір цифрлық теңгенің өзіндік сериясы болады. Сол арқылы ұрланған ақшаны табуға мүмкіндік бар.

"Әрбір цифрлық теңгеге жеке нөмір беріледі. "Токен" дейді. Қазір қолма-қол ақшаның өзінің сериялық нөмірі бар ғой, сол сияқты цифрлық ақшаға да тура сондай нөмір беріледі. Мәселен, ертең сіз ұялы телефоныңызды жоғалтып алсаңыз. Ал цифрлық әмияныңыздағы ақшаны ұрлап кетсе, онда ақшаның цифрлық нөмірі арқылы қалай және қайда жұмсалғаны анықталады. Сонда ұрылар мен алаяқтарды жылдам табуға болады", – деді Халық Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.

Осы орайда маман есепшоттарға кибершабуыл жасау мәселесіне де тоқталды. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі банк есепшоттарында жатқан ақшамен салыстырғанда цифрлық теңгені ұрлау қиынға түседі.

"Цифрлық жүйенің қауіпсіздік дәрежесі жоғары деген мәлімет бар. Яғни, хакерлерге цифрлық әмияннан гөрі банктің есепшотында жатқан қаражатты шешіп алу оңайырақ. Демек, қауіпсіздік жағынан да цифрлық валютаның артықшылығы бар. Ең бастысы, халық оның қандай тиімділігін көреді? Цифрлық валютамен есеп айырысу кезінде комиссия болмайды дейді. Болған күннің өзінде аз болады. Қазір біз бір банктің картасынан екіншісіне ақша аударсақ немесе банкоматтан лимиттен артық ақша шешсек, көп комиссия ұсталады. Ал цифрлық валюта кезінде бір әмияннан екіншісіне ақша аударғанда комиссия болмайды. Бұл – үлкен артықшылық. Одан халық ұтады", – деп атап көрсетті Халық. 

Дегенмен, қаржылық тұрақтылық жағынан бірқатар мәселелер туындауы мүмкін. Халықаралық сарапшылардың ойынша, халық цифрлық валютаның артықшылығын көрсе, коммерциялық банктерде ақша азаяды. Ал дағдарыс жағдайында салымдар мен депозиттер жаппай цифрлық жүйеге ауыстырылуы мүмкін. Осыған байланысты ұлттық банк бүгінде базалық мөлшерлемені қалай реттесе, тура солай цифрлық теңгені бір аккаунтқа аудару және ондағы ақшаның көлемін шектеу мәселесін де қарастырып жатыр. Сөйтіп, қаржы нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етеміз дейді.

Тегін ақша таратыла ма

Цифрлық теңге қазіргі қолма-қол және қолма-қол емес ақшамен қатар жүреді. Онымен төлем жасауға тіпті, депозит ашуға болады. Дегенмен, әзірше бұның барлығы – жоспар. Пилоттық жоба кезінде цифрлық теңгенің платформасы әзірленеді. Соның негізінде ұлттық валютаның жаңа формасын сынап көреді. Ал сынақ сәтті өтсе, цифрлық теңгені қолданысқа шығарады.

Айтпақшы, Қытайдағы пилоттық жоба кезінде цифрлық юаньді Шэньжэнь қаласының тұрғындары арасында тегін таратқан. Сонда лотереялық әдіспен 50 мың адам таңдалып, әрбіреуінің цифрлық әмиянына 200 юань аударылған. Осылайша, адамдар ақшаның жаңа түрін өздері қолданып көрді.

Экономист Мақсат Халықтың ойынша, Қазақстандағы пилоттық жоба кезінде цифрлық теңгені тегін таратудың қажеті жоқ. Себебі халық онсыз да ақшаның жаңа формасын кеңінен қолданатын болады.

"Негізі, цифрлық ақшаны лотереямен немесе бонуспен таратса, онда адамдардың көбісі осы цифрлық валютаға отырып алуы мүмкін. Ал қазіргі жоспар бойынша қолма-қол ақша да, банктің есепшотындағы және картадағы электронды ақша да қатар қолданылады. Меніңше, комиссия ұстамаудың өзі халық арасында үлкен қызығушылық туғызады. Соған бола азаматтардың көбісі цифрлық валютаны ұстауы мүмкін. Сондықтан лотерея және тағы басқасын өткізудің қажеті жоқ", – дейді Халық.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда цифрлық теңге қашан пайда болады

Сарапшы цифрлық валюта кезінде ақша массасына баса назар аудару қажеттігін ерекше атап өтті. Себебі ақша массасы артса, инфляция көтеріледі, ұлттық валюта құнсызданады.

Жаңалықтар
0