НҰР-СҰЛТАН, 14 мамыр – Sputnik. Жыл басынан бері қазақстандықтарға 894 миллиард теңгеден астам сомаға зейнетақы төленді, деп хабарлады еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
2021 жылдың қаңтар - сәуір айларында республикалық бюджеттен базалық зейнетақы төлеуге 274,2 миллиард теңге, ынтымақты зейнетақы төлемдеріне – 620,1 миллиард теңге бағытталды.
2021 жылдың сәуір айында республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 223,2 миллиард теңге, оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге – 68,4 миллиард теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге – 154,8 миллиард теңге бөлінді.
2021 жылғы 1 мамырдағы мәлімет бойынша Қазақстанда 2 миллион 245 мың зейнеткер бар.
"Зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері (оның ішінде базалық зейнетақы) 2021 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 100 мың теңгені құрады", - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, 2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі, оның зейнетақы жүйесіндегі тәжірибесін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалады.
Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер (МЗЖ) зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.
Сонымен, егер зейнетақы жүйесіндегі жұмыс өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ егер мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ын құрайды, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2%-ке артады. Мысалы, егер сіз 20 жыл қатыссаңыз, базалық зейнетақы күнкөріс деңгейі құнының 74%-ін, 30 жыл – күнкөріс құнының 94%-ін құрайды. 33 және одан да көп жыл жұмыс өтілі болса, күнкөріс құнының 100% жоғары мөлшерінде белгіленеді.
Оқи отырыңыз: Зейнетақы жинағын пайдалануға қатысты жаңа мәлімет жарияланды
Егер бір ай ішінде МЗЖ бірнеше рет Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жасалса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір айды құрайды.
Осылайша міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық салынатын болса, зейнетақы жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады.
Ал жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнеткерлікке дейінгі кезеңде алынған орташа айлық табысқа байланысты болады.