ПЕТРОПАВЛ, 13 мамыр — Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысында ауыл тұрғыны танысымен ұрсысып қалып, үйін өртеп жіберген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Бұл оқиға Мағжан Жұмабаев ауданындағы Қарақоға ауылында болған. Абырой болғанда үйі өртенген 52 жастағы әйел сол күні құрбысының үйіне барып қонған.
"Ол таныс ер адамның қоқан-лоқы көрсеткенін айтты. Содан аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері үйге қасақана өрт қойылғанын анықтады", - дейді полицейлер.
Ал шұғыл іздестіру шаралары барысында ауылдың 42 жастағы тұрғыны ұсталды. Бұған дейін ол ұрлық пен ауыр дене жарақатын салғаны үшін сотталған. Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 202-бабы (Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдiру) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Айта кеткен жөн, бұл қылмыс үшін 3-7 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тарту, я болмаса, 3 жылдан 7 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Ұстау кезінде күдікті мас болған. Қазіргі кезде тиісті сараптамалар тағайындалды.