Қоғам

Ashyq арқылы адамның қай жерге барғанын бақылай ма – министрлік жауабы

© Sputnik / Абзал КалиевПриложение ASHYQ
Приложение ASHYQ - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.05.2021
Жазылу
Вице-министрдің айтуына қарағанда, Ashyq қосымшасы геоақпараттық жүйеге қосылмаған. Барлық ақпарат тек санитар дәрігерлерге ғана жіберіліп отырады

НҰР-СҰЛТАН, 13 мамыр — Sputnik. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов Ashyq қосымшасына түсетін жеке мәліметтерді қорғау мәселесін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте тілшілер Ashyq қосымшасы арқылы адамды бақылау жайын сұрады. "Бүгінде мемлекет осы қосымша арқылы адамның қай жерге және нешеде барғанын көре алады. Сонда арнайы органдар да бәрін бақылай ала ма?", - деді журналистер.

Вице-министр Әсет Тұрысовтың айтуынша, Ashyq қосымшасы GIS-ке, яғни геоақпараттық жүйеге қосылмаған. Барлық ақпарат тек санитар дәрігерлерге ғана жіберіледі. Олар "қызыл" және "сары" статустағы адамдарға қатысты шара қолданады.   

"Басқа еш жерге жіберілмейді. Бүгінде Ashyq қосымшасы тек ПТР-тест базасына ғана қосылған. Оны денсаулық сақтау министрлігі бақылайды. Базаға барлық зертхананың нәтижелері түседі. Тест тапсырған адам туралы ақпарат алдымен базаға, содан кейін Ashyq қосымшасына жіберіледі. Бұдан бөлек, науқастармен байланыста болған адамдар туралы база да бар. Ashyq оған да қосылған. Осылайша, "қызыл" және "сары" түске жататын адамдар анықталады ", - дейді Тұрысов.

Оның сөзіне қарағанда, Ashyq қосымшасына жүктелетін барлық жеке мәлімет "Ұлттық ақпараттық технологиялар" акционерлік қоғамында сақталады. Компания ақпараттық қауіпсіздікке де жауап береді. Ал жеке мәліметтерді қолдану мәселесі заңмен реттеледі.

Оқи отырыңыз: Елордалық әуежайда Ashyq қосымшасы енгізілуде: жолаушы нені білуі тиіс

"Барлығы заң аясында жасалады. Онда жеке мәліметтерді таратуға тыйым салынған. Оны тек сотқа дейінгі тергеу кезінде немесе соттың шешімімен ғана алуға болады. Қазіргі тәртіп бойынша барлық ақпарат санитарларға жіберіледі. Ары қарай барлығы заңмен реттеледі", - деп атап көрсетті Тұрысов.

Вице-министр қосымшаны жүктемеуге де болатынын жеткізді. Ондайда қоғамдық орынға кіргенде ЖСН арқылы адамның қай түске жататынын тексертуге болады.

Жаңалықтар
0