Дерекқор

Өзбекстанға саяхаттайтын қазақстандықтар нені білуге тиіс

CC0 / LoggaWiggler / Виды Самарканда
Виды Самарканда - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.05.2021
Жазылу
Өзбекстанға саяхаттау үшін ПТР-тест тапсыру қажет пе, балалар үшін қандай құжаттарды алу керек, ірі айыппұл төлемеу үшін не істеу керек – толығырақ Sputnik материалында

Қазір Қазақстаннан Өзбекстанға ұшақпен немесе автокөлікпен жетуге болады. Пойыз қатынасы қашан қалпына келтірілетіні әзірше белгісіз. Бірақ "Узбекистон темир йуллари" компаниясы пойыз қатынасын қайта іске қосу үшін Қазақстан мен Ресейге хат жолдады.

Осы жылдың 15 наурызынан бастап күшіне енген Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекарадан өту ережелерімен коронавирустың бар-жоғын анықтайтын жедел тест тапсыру тәртібі жойылды.

Қазақстаннан Өзбекстанға қалай жетуге болады

Әлемнің кейбір елінде пандемия әлі де өршіп тұрғанына қарамастан, Өзбекстан туристер үшін өз шекарасын ақырындап аша бастады. Ел билігі мұны барлық қауіпсіздік шарасын сақтай отырып, жоғары жауапкершілікпен жүзеге асырып жатыр.

Биыл наурыздың ортасында әуежайда, теміржол бекетінде және шекарадағы өткізу орындарында елге келген туристер мен басқа да жолаушылардың ағзасында коронавирустың антигені бар-жоғын анықтайтын жедел тест тапсыру тәртібі жойылды. Алайда жаңа ережелер жарияланды.

15 наурыздан бастап Өзбекстанға ұшақпен немесе пойызбен келген барлық шетелдік азамат коронавирус жұқтырмағанын растайтын ПТР-тест нәтижесі бар анықтаманы қоса алып жүруге міндетті. Ол тесті шекарадан өткенге дейін кемінде үш тәулік бұрын тапсыруы керек.  

Оқи отырыңыз: 2021 жылы саяхат жасауға ең қауіпті елдер аталды 

Бұл ереже автокөлік құралы арқылы шекараны кесіп өтетін жолаушыларға да қатысты. ПТР-тест нәтижесі бар анықтама болмаған жағдайда шетелдіктер COVID-19 антигенінің бар-жоғын анықтайтын жедел тест тапсыруы керек.  

Антигенді анықтайтын жедел тест адамның бойындағы коронавирусты инфекцияның диагностикасына арналған. Бұл тест те ПТР-тест секілді әдіспен алынады. Яғни, зертхана қызметкері мақта тампонының көмегімен мұрын қуысынан жұғынды алады. Бұл тексеру әдісінің басты артықшылығы – нәтижені жылдам алу мүмкіндігі. Тест нәтижесі орыс және ағылшын тілінде ұсынылады.

Сондай-ақ шекарадан жеке көлік құралымен де өтуге болады. Ол үшін жеке басын растайтын куәлік, жүргізуші куәлігі мен техникалық паспорт, коронавирус жұқтырмағанын дәлелдейтін ПТР-тест нәтижесі қажет.

ПТР: тест талаптары

Өзбекстанға саяхаттағысы келетін қазақстандықтар осы жылдың 25 наурызынан бастап белгіленген сапа стандарттарына сәйкес келетін зертханада ПТР-тест тапсырған болса ғана ел аумағына кіре алады. Мұндай зертхананың тізімін Өзбекстан Республикасының салалық ведомстволары әзірледі. Қазақстандықтар үшін:

  • "ОЛИМП" клиникалық-диагностикалық зертханасы;
  • INVIVO зертханасы;
  • "Сұңкар" медицина орталығы;
  • INVITRO зертханасы;
  • EL Lab PCR зертханасы.

Өзбекстанда карантинді бұзғаны үшін айыппұл көлемі қанша

Коронавирус жұқтырғандар санының күрт өсуіне байланысты Өзбекстан билігі күшейтілген карантин талаптарын енгізіп, құқық қорғау органдары бетперде тағу мен әлеуметтік қашықтықты сақтау режимін бақылауды күшейтті.

Өзбекстанның әкімшілік жауапкершілік туралы кодексінің 54-бабы қоғамдық орындарда бетпердесіз жүру беске дейінгі базалық есептік шамада, яғни 1 225 000 сом (шамамен 116 доллар) көлемінде айыппұл салуды көздейді.

Осы жылдың 30 сәуірінен бастап инфекцияның таралуына жол бермеуге бағытталған басқа да талаптарды бұзғаны үшін азаматтар 20 базалық есептік шама көлемінде – 4 900 000 сом (шамамен 465 доллар) айыппұл төлейді. Лауазымды тұлғалар үшін бұл жаза көлемі 30 базалық есептік шама көлемінде, яғни 7 300 000 сом (шамамен 693 доллар) болуы мүмкін.

Қазақстандықтарға арналған виза мен тіркеу

Бүгінгі күні Өзбекстанға бару үшін қазақстандықтарға виза қажет емес. Өзбекстан аумағында 90 күн ішінде 30 тәулікті визасыз өткізуге болады. Шекарадан өту үшін небәрі шетел төлқұжаты қажет. 14 жасқа дейінгі балалар туралы мәлімет ата-ананың бірінің төлқұжатына жазылуға тиіс немесе балаларда да жеке шетел төлқұжаты болуы керек. Ал 14 жастан асқан балалардың міндетті түрде жеке шетел төлқұжаты болуы қажет.

Өзбекстан аумағында тіркеусіз жеті күн өткізуге болады. Осы мерзім аяқталғаннан кейін тіркелу керек. Алайда тіркеуді алу үшін міндетті түрде құқық қорғау органдарына жүгіну қажет емес. Бұл рәсімді қонақ үйлерде, пәтер жалға беретін жеке тұлғалардан және виза мен тіркеу бөлімдерінен алуға болады. Тіркеу туралы анықтаманы барлық кезде өзімен бірге алып жүруі керек. Себебі төлқұжатты тексеру орнының қызметкерлері аталған анықтаманы Өзбекстан аумағынан шығар кезде сұрауы мүмкін.

Өзбекстанда саяхаттап қайтқан қазақстандықтардың басым бөлігі ел билігі туристерге мейлінше жақсы көзқараспен қарайтынын атап өтті. Бірақ жағымсыз жағдайға тап болмас үшін елдің ішіндегі заң мен ережені қатаң сақтауға кеңес береді.

Жаңалықтар
0