Өңірлер

Қазығұрт ауданында тұрғындар ауыл әкімдігінің алдын мал қораға айналдырды

© Sputnik / Александр Кондратюк / Медиабанкке өтуПастух пасет стадо коров и коз. Архивное фото
Пастух пасет стадо коров и коз. Архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.05.2021
Жазылу
Мал жаятын жерден таршылық көріп отырған Қарабау ауылының тұрғындары жер мәселесін қайта қарастыруды талап етіп отыр

НҰР-СҰЛТАН, 12 мамыр – Sputnik. Түркістан облысында малын жаятын жер таппаған жұрт төрт түлігін жергілікті әкімдіктің алдына айдап әкелді. Себебі, Қазығұрт ауданына қарасты Қарабау ауылдық округінің тұрғындарында қарыс қадам жер жоқ, деп хабарлайды КТК арнасы.

Төрт ауылдың жайылымы кезінде "тұқым өндіреміз" деген сылтаумен ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты жеке шаруашылыққа өтіп кеткен. Тұрғындар мекеменің тұқым өндірумен емес, өз қалтасын қампайтумен айналысып кеткеніне ашулы.

Малын үйде ұстап, болмаса тар көшеге жайып жүрген Қарабау ауылының тұрғындары сиырын қайырып әкімдіктің алдына әкелді. Зәресі ұшқан шенеуніктер оны әкімдік алдынан ары айдап әлек. Елдің мұндай қадамға баруына жайылым жердің жоқтығы мәжбүрлеген.

Қарабау округіне қарасты төрт ауыл бар. Барлығының негізгі күнкөрісі мал шаруашылығы. Бірақ 2000 жылдардың ортасында төрт ауылға тиесілі жайылым жер ауылшаруашылығы министрлігіне қарасты "тұқым өсіреміз" деген жеке кооперативтің қолына өткен. Ауылдың маңы түгел жекешеленген соң, ол жерге тұяқ тигізуге тыйым салыныпты. Сондықтан жұрт жерімізді қайтарыңдар деп атой салды.

"Талабымыз – жерді бөліп берсін. Жердің ішінде өзіміздің жайылым жеріміз бар ма, басқамыз бар ма, өз жеріміз бұл. Қайтеміз енді, жайылымды қорғап сотталсақ сотталамыз. Бидайы, жоңышқасы бар ма, малымызды сол жерге жаямыз, басқа амал жоқ", – дейді ауыл тұрғыны Нұржан Сманов.

Кооператив тұқым өсірумен емес, өз қалтасын қампайтумен әлек болғаны әмбеге аян көрінеді. Яғни, мекеме мыңдаған гектар бидай егетін жерге жоңышқа егіп, оны сатуды кәсіпке айналдырған. Бұл туралы жерді алып қойған ауылшаруашылығы министрлігі де жақсы біледі дейді жұрт.

Тіпті, былтыр ел ішінен үш кооператив бөлінсін, жерді соларға береміз деген уәде де берген. Бірақ вице-министрдің сөзі сол күйі қалған.

"Үш кооперативке хат жазады. Олар жерді әлі де бермейді. Бұған вице-министр Айдар Сапаров кінәлі. Осынша халықты алдап, шулатып қоюға бола ма? Қарабау шаруашылығы халыққа бермейді, үкіметке өткізбейді. Сонда кімді асырап жатыр ол", – дейді тұрғындардың бірі Мұса Көмекбаев.

Жер беруге құзырет жоқ

Ауылшаруашылығы министрлігіне бағынатын жекеменшік "Қарабау" кооперативінде 5 мың 745 гектар жер бар. Бұл атшаптырым алқап министрлікке тиесілі дейді кооператив өкілдері. Сондықтан бір адым жерді жергілікті жұртқа беруге құзыреті жетпейді екен.

"Біз орындаушымыз. Бізге қалай тапсырма келеді, заң аясында береміз. Берме десе, бермейміз. Жердің егесі ұлттық аграрлық ғылым беру орталығы. Халыққа бірнәрсе бер деген ешқандай тапсырма жоқ. Шаруашылық өзін-өзі қаржыландырып, жұмысын жүргізуде", – дейді "Қарабау" тәжірибелік-өндірістік шаруашылығының директоры Дәурен Әбдірәсілов.

Кооператив басшысы айтқан ұлттық аграрлық ғылым беру орталығының өкілдері де жайылымға бере салатын жеріміз жоқ деп отыр. Ал ауыл сыртында мал жаятын жалғыз орын ол – қоқыс полигоны.

Сынтас, Жұмысшы, Құларық пен Қарабау ауылдарында мал жаятын жер жоқ. Есесіне ауыл іргесінде ресми алып қоқыс полигоны жатыр. Мал жаятын жер болмаған соң, тұрғындар қой мен ешкісін амалсыздан қоқыста жаюға мәжбүр.

Оқи отырыңыз: "Депутат менсінбейді, әкімдік тыңдамайды": Түркістан облысында ауыл тұрғындары шу шығарды

Ауылда тұрып малын тек қоқыс арасында өрістетін жұрт жер мәселесін қайта қарасын деп отыр. "Жайылымдық жерлерімізді тартып алды" деген олар енді ауылшаруашылығы министрлігінің үстінен премьер министр мен президентке шағым түсірмек.

Жаңалықтар
0