НҰР-СҰЛТАН, 12 мамыр – Sputnik. Мәжілісте мектептердің қауіпсіздік мәселесі көтерілді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Депутат Андрей Линниктің айтуынша, бұған дейін мектептегі атыс сияқты трагедиялар, көбінесе мұхиттың арғы жағына тән проблема болып көрінген. Себебі қару-жараққа қатысты көп шектеу жоқ.
Алайда күні кеше Қазан қаласында болған жағдай қазақстандықтарды да есеңгіретті. Ресейде қару-жарақ айналымы мен білім нысандарын қорғауға қатысты қатаң талап болса да, мектепке жасалған қарулы шабуыл кезінде ондаған адам қаза тапты.
Осы орайда депутат Қазақстандағы мектептер мен балабақшаларды лаңкестіктен қорғау шараларына тоқталды. Мәселен, 2015 жылы үкімет №191 қаулыны қабылдады. Онда лаңкестіктен қорғау талаптары және оған кіретін нысандар көрсетілген. Соның ішінде білім беру мекемелері де бар.
"Қаулыға сәйкес, оқушылардың саны 3 мың балаға дейін болса, бейнебақылау жүйесі міндетті түрде орнатылады. Ал 3 мыңнан артық болған жағдайда бейнебақылау жүйесінен бөлек күзет сигнализациясы, бақылау, басқару және хабарландыру жүйесі орнатылуы шарт. Сонда осы ғана ма? Қаулыны дайындағандар қауіпсіздік шаралары осымен жеткілікті деп ойлай ма?", – деді Линник мәжілістің жалпы отырысында.
Депутат мектептерде күзет қызметін вахтерлердің атқаратынын да еске салды. Олардың көбісі зейнетке шыққан. Ондай адамдармен тіл табысып, мектеп ғимаратына емін-еркін кіріп кетуге болады.
"Ал жауыз біреу келсе, егде жастағы күзетші оған қарсылық көрсете ала ма? Ондай сұрақтар көп. Неге мемлекеттік органдардың басым бөлігі алынбайтын қамал сияқты? Әскери күзеті мен бес метрлік тосқауылы бар. Ондай жерге кез келген адам кіре алмайды. Ал мектептер мен балабақшалар әрлі-берлі өтетін аула іспеттес", – деп атап көрсетті депутат.
Мәжілісмен қару-жарақ сатуға қатысты тағы бір проблемаға тоқталды. Бүгінде 18 жасқа толған адамға қаруды сатып алуға рұқсат берілген. Ал қарапайым күзет қызметкерлеріне қару-жарақ ұстауға болмайды. Ұлттық компанияларда жұмыс істейтін күзетшілер ғана қару-жарақпен жүре алады. Осыған байланысты депутаттар білім нысандарын лаңкестіктен қорғау талаптарын қайта қарау қажет деп санайды. Үкіметке бірнеше ұсыныс жолданды. Ол жерде:
- оқушылардың санына қарамай, барлығына бірдей қауіпсіздік жүйесін орнату;
- күзетке арнайы дайындықтан өткен мамандарды қабылдау;
- кіреберісте металл іздегіштерді орнату;
- күзет қызметкерлеріне қару-жарақ ұстауға рұқсат беру;
- психологтар мен учаскелік инспекторлардың жұмысын күшейту;
- атыс қаруын ұстауға және сақтауға берілетін рұқсатттарды беруді қатаң қадағалау;
- лицензия беру жасын 18-ден 24-ке дейін көтеру мәселелері айтылған.
Оқи отырыңыз: "Мектепте емтихан мен соңғы қоңырау өткізілмесін": депутаттар үкіметке талап қойды