Қоғам

Көз алдыма алақ-жұлақ етіп қорыққан балалар келді – Қарақат Әбілдина

© Photo : Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз қызметіҚарақат Әбілдина
Қарақат Әбілдина - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.05.2021
Жазылу
Әнші соңғы жылдары табиғи апаттың жиілеп кетуіне не себеп болып жатқанын ойлана бастағанын айтты

АЛМАТЫ, 11 мамыр – Sputnik. Қазақстандық әнші Қарақат Әбілдина ел ішінде болып жатқан төтенше жағдайларға қатысты ойын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Осы соңғы 4-5 жылдың айналасында бірнеше төтенше жағдай болды. Ұшақтың құлап, тұрғын үйден өрт шықты, оған Арыс, Мақтаралдағы жағдайларды қосыңыз. Күні кеше Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласында тілсіз жаудан халық зардап шекті... Ұлтқа бөлуден аулақпын, десе де кіл қазақ тұратын ауылда 40-қа жуық баспана өртке оранды дейді. Тас түскен жеріне ауыр, оңай емес", - деп жазды Әбілдина желідегі парақшасында.

"Көз алдыма көздері алақ-жұлақ етіп қорыққан балалар, не істерін білмей дал болған адамдар, азан-қазан, у-шу елестеп қоя берді. "Апат айтып келмейді" дейміз, бірақ та бәріне кісінің қатысы болып тұр. Кішкене қателік қаншама адамның жанына жара салып, басына қайғы әкеледі. Әркім өз ісіне жауапкершілік алса, әлем гүлденетін еді", - деп атап өтті ол.

Әнші соңғы жылдары табиғи апаттың жиілеп кетуіне не себеп болып жатқанын ойлана бастағанын жасырмады.  

"Мұндай жағдай бұрын көп болмайтын-ды, кейінгі кезде жиілеп кетті ме... Не болмаса бұрын әлеуметтік желі болмай, хабардың бірін естісек, бірін естімейтін бе едік...", - деп таңданды әнші.

Айта кетейік, 10 мамырда Риддер қаласында қураған ағаштар жана бастады. Түстен кейін тілсіз жау Лесхоз кентінің Сосновый бор мен Лихачев көшелерін шарпыды. Өрт Комиссаров, Сосновый бор, Коммунальная, Лихачев пен Жуковский секілді 5 көшеге тарады. Аталған көшелерде 59 тұрғын үй болған. Соның ішінде 37 тұрғын үй өртенген (9 шаруашылық құрылыс).

Оқи отырыңыз: Риддерде төтенше жағдай режимі жарияланды 

Өртенген үйлерде 83 адам тұрады. Зардап шеккен 13 адам жатақханаға, қалған 68 адам туыстарының үйіне орналасты. Өрт орнында 1948 жылы туған әйелдің денесі табылды. Сондай-ақ ауруханаға 1949 және 1980 жылы туған екі ер адам жеткізілді. Екеуінің де жағдайы ауыр, денесінің 88 және 80 процентін күйік шалған.

Риддерде төтенше жағдай режимі енгізілді.

Жаңалықтар
0