Қоғам

"Ипотека алуды жоспарладым": судья Жолманова өзіне тағылған айыпты жоққа шығарды

© Photo : Пресс-секретарь С. ЖолмановойСветлана Жолманова
Светлана Жолманова - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.05.2021
Жазылу
Заң бойынша ұлттық қауіпсіздік қызметі сыбайлас жемқорлық пен алаяқтық бойынша қылмыстық істермен айналыспайды

АЛМАТЫ, 11 мамыр – Sputnik. Алматыда ірі көлемде пара алғаны туралы ақпарат тараған Медеу ауданының судьясы Светлана Жолманова өзіне қатысты жағдайды түсіндірді. Ол үйі мен жеке кабинетін ұлттық қауіпсіздік қызметі заңсыз тінтігенін, сондай-ақ 8 айдан бері кабинетінде болған жайттың бәрі заңсыз тыңдалғанын айтты.

"Бұған дейін БАҚ пен әлеуметтік желіде жарияланған параны алған емеспін. Маған қатысты пара алу бойынша қылмыстық іс қозғалған жоқ. Менің кабинетімде табылған 10 мың АҚШ доллары менің өз ақшам және қылмыстық іске еш қатысы жоқ. Дәл сол күні мен ағаммен бірге сол ақшаны пәтерді ипотекаға алу үшін бастапқы жарна ретінде салуды ойластырдық. Сол арқылы егде жастағы анамды өзім тұратын жақын жерге көшіргім келді", – деді Светлана Жолманова.

Судьяның сөзінше, өзін кабинетін тінту кезінде де, одан кейін де ұстап әкетпеген. Оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталмаған. Белгілі бір қылмыстық іске куәгер ретінде қатысып жатыр. Алайда судья істің неге қатысты қозғалғаны, оның жай-жапсарын білмейді.

"БАҚ-та шыққан шуды менің беделімді түсіруге, мені қаралауға бағытталған қысым жасаудың бір түрі деп айтуға болады. Мұны менің ерік-жігерімді басу үшін және жеке басыма жасалған шабуыл деп санаймын. Осындай жосықсыз әрекет салдарынан қоғамда судьяның бет-бейнесіне қатысты кертартпа пікір қалыптасады. Елімізде әділ соттың жоқ екенін насихаттайды. Барлық судьяның парақор екені туралы стереотиптің шындыққа сай келмейтінін айтқым келеді", – деді басы дауға қалған судья.

Светлана Жолманова кабинетін тінту кезінде ұлттық қауіпсіздік қызметі мамандарының заңсыз әрекет еткенін атап өтті. Айтуынша, ҰҚК-ның кабинетте тінту жүргізуге санкциясы мен оны жүргізуге бас прокурордың келісімі болмаған.

"Кабинетіме кенеттен кіріп келгендерін пайдаланған ҰҚК қызметкерлері мені алдап, тінту санкциясы мен бас прокурордың рұқсаты бар екеніне сендірді. Тінту жүргізуге қарсылық білдірген жоқпын, себебі ешқандай заңсыз әрекет жасаған жоқпын. Тінтуден кейін менің жұмыс кабинетімде 2020 жылдың тамызынан бері жасырын бейнебақылау мен тыңдау құрылғысы қойылғанын білдім", – деді судья.

Архивное фото человека в клетке для подсудимых - Sputnik Қазақстан, 1920, 25.10.2019
Қоғам
Алматыда судья алған парасын қайтарып жатқан жерінен ұсталды - видео
Жолманованың айтуынша, судьяның өкілеті екі жағдайда тоқтатылады. Біріншісі – судьяға қатысты қылмыстық іс қозғалса, екіншісі – судья қылмыстық жауапқа тартылса тоқтатылады.

Ал Жолмановаға қатысты ешқандай қылмыстық іс қозғалмаған, ол іске куәгер ретінде қатысып жатыр. Алайда оның өкілеті Қазақстан жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асановтың өкімімен тоқтатылып отыр.

"Осылайша, жоғарғы сот тарапынан да заң бұзылып отыр. Сот басшылығы хабардар болып, органдар мені 8 ай бойы заңсыз бақылаған. Сол арқылы Қазақстан Республикасының Конституциясында кепілдік берілген судьяның жеке өмірі, тәуелсіздігі және иммунитетіне қатысты құқығымды бұзды. Кеңесу бөлмесінің құпиясы бұзылды, ол ешқандай жағдайда бұзылмауы қажет еді. Тінту заңсыз жүргізілді. Қазірге дейін сотқа дейінгі тергеудің не себепті қозғалғанын түсінбей отырмын. Маған да, менің адвокаттарыма да ешқандай ақпарат берілмей отыр", – деді ол.

"Мен судья ретінде мемлекеттің мүддесін бұзбадым және ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндірмеймін. Сол себепті істі неге ұлттық қауіпсіздік комитеті жүргізіп отырғанын түсінбедім. Себебі бұған дейін судьяларға қатысты істермен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет айналысатын", – деді Жолманова.

Заң бойынша ұлттық қауіпсіздік қызметі сыбайлас жемқорлық пен алаяқтық бойынша қылмыстық істермен айналыспайды. Мұндай істерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, кей жағдайда полиция қолға алады.

"Судьяның мәртебесі Қазақстан Конституциясында бекітілген және кепілдік берілген. Соған сәйкес судьяға қатысты қылмыстық істі қозғау, оған қатысты ұстау жүргізу, бұлтартпау шарасын қабылдау секілді әрекеттерге ерекшеліктер бекітілген. Себебі судья – Қазақстан Республикасы президенті тағайындайтын тәуелсіз лауазымды тұлға. Судьяға қатысты қылмыстық іс қозғау президенттің келісімімен және жоғарғы сот кеңесінің қорытындысы бойынша жүзеге асырылады", – дейді адвокат Мақсат Рахметжанов.

Ол адамның кінәлі-кінәсіз екені анықталмай тұрып, тергеу әрекеті барысын интернетке таратып, сол адамның беделіне, қадір-қасиетіне сол сұғылғанын айтты.

Балалар бар кезде үйін тінтіген

Светлана Жолманованың сөзінше, қызметкерлер кеңсеге тінту жүргізген кезде бір бөлігі үйіне де барған. Ол жерде мектеп жасындағы балалары үйінде болған. Үйде тінту басталғанын естіген соң, оны тоқтатқан. Кеңседегі тінту жұмыстары аяқталған соң қызметкерлермен бірге үйіне барып, өзінің көзінше жұмысты жалғастыруға рұқсат берген.

Судья сондай-ақ, 10 мың АҚШ долларын не себепті жұмыста сақтағанын түсіндірді.

"10 мың доллардың бір бөлігі – менің жеке жинағым, бір бөлігін анамның пәтерін ауыстыру үшін қарызға алдым. Анам қазір Түрксіб ауданында тұрады. Ол пәтерді сатқалы жатырмыз. Үстіне ақша қосып, менің үйіме жақын жерден үй аламыз. Дәл сол күні бастапқы жарнаны төлеу үшін ақшаны жұмысқа алып келдім. Сол күні сағат 15.00-де бауырыммен бірге ақшаны "Отбасы банкке" салу үшін банкке барамыз деп жоспарладық", – дейді судья.

Айтуынша, ол үнемі ақшаны кеңседе сақтайды. Себебі үйінде балалар жалғыз қалады. Келеңсіз жағдайдың алдын алу мақсатында қаржысын жұмыс орнында сақтауды жөн көреді.

"Басқа ақша болған жоқ. БАҚ пен әлеуметтік желіде тараған миллиондаған доллар туралы ақпарат жалған. Көлікте де, үйде де ешқандай ақша шыққан жоқ. Менде тіпті көлік те жоқ", – деді ол.

Судья төңірегіндегі дау

Айта кетейік, сәуірдің соңында әлеуметтік желіде Алматы қаласы Медеу ауданы судьясы Светлана Жолманованың кабинетін тінту кезінде миллиондаған доллар табылғаны туралы ақпарат тарады. Кейіннен Алматы қалалық соты желіде тараған ақпаратты жоққа шығарды.

"Алматы қаласы Медеу ауданының судьясы Светлана Жолманованың кабинетінен 4 500$, үйінен 2 800 000$, көлігінен 600 000$ табылды және құрылыс жүргізушіден 1 180 000$ алды деген әлеуметтік желідегі ақпарат шындыққа жанаспайды", – деді қалалық соттың баспасөз қызметі.

Ол сондай-ақ судьяның кабинетінен 10 мың доллар табылғанын, үйінен ештеңе табылмағанын хабарлады.

Айта кетейік, Светлана Жолманова сот жүйесінде 20 жылға жуық уақыттан бері жұмыс істейді.

Жаңалықтар
0