НҰР-СҰЛТАН, 11 мамыр – Sputnik. Риддер аумағындағы орман өрті толығымен ауыздықталған жоқ. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Бүгін таңертең Қазавиаорманкүзетінің тікұшағымен әуеден барлау жұмысы жүргізілді, оның қорытындысы бойынша өрт алаңы – 283 гектар деп нақтыланды. Сағат 07.00-де елді мекен ішіндегі өрт сөндірілді. Орман өртінің периметрі бойынша ашық жану байқалмайды. Қазіргі уақытта жекелеген учаскелерде ағаш діңгектерін сөндіру жүргізілуде", – деді Уәли арнайы брифингте.
Оның айтуынша, өрт әлі толығымен ауыздықталған жоқ. Орманда түтіндеп жатқан жерлер бар.
Ал Лесхоз кентінде тілсіз жау толығымен сөндірілді. Өрт 5 көшені – Комиссаров, Сосновый бор, Коммунальная, Лихачев пен Жуковский көшесін шарпыды. Бұл жерлерде 59 тұрғын үй болған.
"37 тұрғын үй өртенген. Соның ішінде 9 шаруашылық құрылыс бар. Өртенген үйлерде 83 адам тұрады. Зардап шеккен 13 адам жатақханаға, қалған 68 адам туыстарының үйіне орналастырылды", – деп атап өтті Уәли.
Өрт кезінде 1948 жылы туған бір әйел қаза тапты. Бұдан бөлек, ауруханаға 1949 және 1980 жылы туған екі ер адам жеткізілді. Екеуінің де жағдайы ауыр, денесінің 88 және 80 пайызын күйік шалған.
Оқи отырыңыз: Павлодарда шырт ұйқыда жатқан тұрғындар көшеге шығуға мәжбүр болды – видео
Қазавиаорманкүзетінің Ми-8 тікұшағымен биіктікте сөндіру құрылғыларымен көлемі 12 тонна су шашылды. Материалдық шығынды анықтау мақсатында зардап шеккен тұрғын үй объектілерін тексеру жөніндегі комиссиясының жұмысы басталды.