Денсаулық

Атопиялық дерматит: емдеу және алдын алу

© Photo : СС0 / theaut66Ребенок с леденцом
Ребенок с леденцом - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.05.2021
Жазылу
Егер баланың біресе бетінде, біресе қолында бөртпелер пайда болса, онда ауруханаға бару қажет. Балаларда атопиялық дерматит жиі кездеседі және ол кешенді емдеуді қажете етеді

Атопиялық дерматит – бұл терінің созылмалы қабыну ауруы. Оны "нейродермит" немесе "атопиялық экзема" деп те атайды. Көбіне бұл ауру бір жасқа дейінгі балаларда немесе балалардың тым кішкентай кезінде пайда болады.

Педиатр дәрігерлердің айтуынша, аурудың туындау механизмі әлі жете зерттелген жоқ. Тұқым қуалау факторы мен терінің құрғақтығы және тым сезімталдығына алып келетін генетикалық деңгейде тері құрылысының бұзылуы маңызды рөл ойнайды. Аурудың асқынуы тағамдық аллергендерді қоздырып, күйзелістік жағдайлар, ауыр инфекциялар мен механикалық тітіркендіргіштер тудыруы мүмкін.

Балалардағы атопиялық дерматит себептері мыналар:

  • генетикалық себептер, мысалы, иммундық жүйенің аллергендерге қатысты тым өткір әрекет етуі немесе терінің қорғаныс ақуыздарына жауап беретін гендердің туа біткен ақаулары;
  • аллергиялық себептер: үйдегі шаң-тозаң, аллергия тудыратын азық-түлік тағамдары (шоколад, цитрусты жемістер, жаңғақтар), үй жануарларының жүні, өсімдіктердің тозаңы және басқа;
  • климат және жағымсыз экология;
  • темекі шегу;
  • стрестік жағдайлар.

Балалардағы атопиялық дерматит симптомдары ретінде терінің құрғақтығын, қызыл және жарылған бөртпені және қышуды атауға болады.

Атопиялық дерматиттің түрлері 

Атопиялық дерматиттің үш түрі бар:

  • сәбилерде (екі жасқа дейінгі балада пайда болса);
  • балаларда (2 жастан 13 жасқа дейінгі балалар);
  • ересектерде (13 және одан үлкен жастағы адамдар).

Соның ішінде балаларда кездесетін атопиялық дерматиттің бірнеше түрі бар:

  • Дерматиттің зритематозды-сквамозды түрі. Бұл жағдайда құрғақ, жарылған теріде түйін секілді бөртпе пайда болады. Іріңсіз бөртпелер көбіне саусақтардың сырт жағында, мойында және шынтақ бүгілетін тұста болады.
  • Пруриготәріздес түрі. Мұнда дерматит кезінде құрғақ теріде қатты қышитын тығыз кішкене ісіктер пайда болады. Қасу салдарынан олардың айналасында қанды қабықшалар түзіледі. Мұндай бөртпелер әдетте дененің жоғарғы бөлігінде, бетте және қолда болады.
  • Лихеноидты түрі. Бұл дерматит кезінде тері құрғақ әрі қызыл болады және теріде тері сызықтары айқын көрінеді. Қызару салдарынан шағын папулалар пайда болады.
  • Экзематозды түрі. Экзематозды атопикалық дерматит кезінде бөртпе әдетте саусақтар мен өкшеде пайда болады. Теріде көпіршік тәріздес кішкентай түйіндер түзіліп, олар жарылады. Соның салдарынан теріде қабықшалар қалып қояды.

Балалардағы атопиялық дерматит шектеулі, яғни бөртпе дененің белгілі бір бөлігінде ғана пайда болады немесе таралған сипатта болуы, яғни дененің бірнеше бөлігінде туындауы мүмкін.

Сонымен қатар, атопиялық дерматит жеңіл, орташа ауыр немесе ауыр түрде жүруі мүмкін.

Балалардағы атопиялық дерматитті емдеу

Аллергологтар атопиялық дерматит туындаған жағдайда ең алдымен ауру қоздыратын факторлардың немесе аллергендердің көзін жоюға кеңес береді. Бұдан бөлек баланың терісіне дұрыс күтім жасап, инфекция қайта туындамас үшін емдік жақпамайларды уақытылы қолдану қажет.

Атопиялық дерматитті емдеу кезінде теріні ұдайы тексеріп тұру керек. Теріге тұрақты күтім жасау оның ылғалдылығы мен тойтарыс беру функциясын сақтауға мүмкіндік береді. Ылғалдандырғыш жақпамайларды тұрақты қолдану керек. Жуыну кезінде тері құрғайды әрі тітіркенеді. Сондықтан шомылғаннан кейін күніне 2-4 рет жақпамай қолданған жөн, дейді педиатр дәрігерлер.

Ауру асқынған жағдайда емдік құралдар мен терапевтік ем-шаралар қолданылады.

Атопиялық дерматиттің диагностикасы

Балалардағы атопиялық дерматитті емдеуді бастамас бұрын оны педиатр, дерматолог немесе аллергологқа көрсету қажет. Дәрігерлер бұл ауруды бөртпелерді сырт көзбен тексеру арқылы анықтайды. Сондай-ақ терідегі аллергиялық сынамалар алынып, иммунограмма жасалуы мүмкін.

Тері сынамасы кезінде дәрігер нақты қай аллерген баланың иммундық жүйесінің реакиясын тудырып отырғанын анықтайды. Ал иммунограмма қандағы аллергендерге қатысты антиденелер деңгейін көрсетеді.

Тағамдық ықтимал аллергенді анықтау үшін рационға қандай да бір өнімді қосады немесе алып тастайды да, ағзаның реакциясын бақылайды. Егер рационға бал енгізілген соң бөртпе пайда болса, онда аллерген анықталды деген сөз.

Тамақтануды өзгерту

Атопиялық дерматитті емдеудің негізгі элементі ретінде диетаны атауға болады.

"Атопиялық дерматит анықталған балалардың 15-30%-інде ғана тамақтану бұл ауруды емдеуге тікелей әсер етеді. Осыған қарамастан диетаның маңызы ерекше", - дейді педиатр дәрігерлер.

Мұндай диагноз қойылған баланың тамақтануына өзгерістер енгізіп, аллергиялық реакция тудыратын өнімдерді рационнан алып тастау керек болады. Атопиялық дерматиті бар балалардың басым бөлігіне цитрусты жемістер, бал, жаңғақ, шоколад секілді бірқатар аллергиялық әсері жоғары өнімдерден бас тартуға тура келеді.

Дәрігерлер ең дұрысы, қуырылған, ысталған, тұздалған тағамдарды, тәтті тоқаштарды, какао, құлпынай, қарақат, анар - қызыл-сарғыш түсті жемістер мен көкөністерді, сондай-ақ бал, жаңғақ, саңырауқұлақ, майлы ет және уылдырық сынды тағамды рационнан алып тастау керек екенін айтып жүр.

Тамақтану дәстүрін өзгертумен қатар тұрмысты да түбегейлі өзгертуге тура келеді: яғни үй жануарларынан, жүннен немесе синтетикалық матадан тігілген киімдерден бас тарту керек.

Терпаевтік әдістер

Балалардағы атопиялық дерматитті емдеу тек белгілі бір тағамдардан бас тарту және теріні ылғалдандыратын жақпамайларды қолдануды ғана емес, сонымен қатар емдік жақпамайларды пайдалануды да қарастырады.

Дәрігерлердің айтуынша, ауру енді басталған кезде кальциневрин ингибиторларын қолдануға болады. Алайда негізгі емдік құрал ретінде гормоналды препараттарды атауға болады. Қайталанған бактериялық инфекция туындаса, құрамында антибиотиктер бар жақпамайларды қолдануға тура келеді.

Балаларда кездесетін атопиялық дерматитті емдеу кезінде мыналарды қолдануға болады:

  • теріні жұмсартатын және ылғалдандыратын гипоаллергенді жақпамайлар;
  • ауру асқынған болса, 5-7 күннен аспайтын мерзімде гормоналды майлар;
  • аллергияны жеңілдетуге арналған антигистаминді препараттар;
  • бактериялық инфекция бар болса, антибиотиктер мен қышымаға қарсы құрауыштары бар майлар.

Сондай-ақ А және Е дәрумендері, суланып тұрған жерді құрғату үшін висмут субгаллаты, ал тіндерді қалпына келтіру үшін декспантенол қолданылады.

Балалардағы атопиялық дерматит асқынған және ауыр түрде жүріп жатса, онда жүйелі гормоналды терапия тағайындалады. Сонымен қатар арнайы аппараттың көмегімен жарық арқылы әсер ететін фототерапия да қолданылады.

Емдеу барысында аллергенді арнайы иммундық терапия да қолданылуы мүмкін. Атопиялық дерматит терінің терең қабатында жатқан болса, баланың ағзасына иммундық жүйені қатты тітіркендіретін аллергеннің аздаған мөлшері енгізіледі. Бұл дене бұғаттаушы антиденелер түзуі және уақыт өте келе аллергенге қатысты сезімталдылық төмендеуі үшін қажет.

Халық емі

Атопиялық дерматит кезінде дәрігерлер халық еміне жүгінбеуге кеңес береді. Бұл проблеманы шешуге теріні дұрыс күту және диета, сондай-ақ дәрігердің кеңестерін мұқият орындау көмектеседі.

Егер дәріханадағы лосьонды сатып алғыңыз келмесе, оны өз бетіңізше әзірлеуге болады. Алайда бала ағзасында ел арасында таралған мұндай емнің құрауыштарына да аллергия болуы мүмкін екенін естен шығармаңыз.

Лосьонға арналған рецепттердің бірі емдік вероника шөбін қолдануды қарастырады. Ол үшін бір ас қасық аталған құрғақ шөптің үстіне 250 мл қайнаған су құйып, оны үш сағат бойы тұндырып қою керек. Содан кейін ерітіндіні шайқап, сүзіп алу қажет. Дайын болған лосьонмен теріні күнделікті өңдеуге болады.

Дәрігерге қашан көріну керек

Баланың денесіндегі кез келген бөртпе алаңдауға себеп болады. Рационда немесе гардеробта бұрын-соңды қолданылмаған тағам немесе киім пайда болса, эксперимент жасап көріңіз: дәл осы зат баланың бойында аллергия тітіркендіргішін қоздыруы мүмкін.

Егер дерматит себебін анықтай алмасаңыз, дәрігердің көмегіне жүгініңіз. Себебі терінің қышуы балаға жайсыздық әкеліп, оның үнемі мазасыз болуына себепші болады. Бала денесінде бөртпе пайда болса, педиатрға, дерматологқа немесе аллергологқа қаралу керек. Аталған мамандардың қай-қайсысы босла да қандай шара қолдану керектігін айтады.

Атопиялық дерматит профилактикасы

Балалардағы атопиялық дерматит профилактикасының ережелері көп.

  • Біріншіден, баланың рационы мен күн тәртібін реттеңіз және оның күйзеліске түспеуін қадағалаңыз.
  • Екіншіден, теріні ылғалдандырып, оған күтім жасаңыз. Теріні тұрақты жуып, дұрыс құрғатып, гипоаллергенді лосьондар мен жақпамайларды шамадан тыс қолданыңыз.
  • Үшіншіден, баланың айналасындағы ықтимал аллергендердің көзін жойыңыз: үй жануарларынан, синтетикалық киімдерден, аллерген тағамдардан бас тартыңыз.

Дәрігерлер осы ережелерді қатаң сақтаған жағдайда балаларда атопиялық дерматит туындамайтынын айтады.

Жаңалықтар
0