НҰР-СҰЛТАН, 11 мамыр — Sputnik. Алматыда екі жүргізушінің төбелесін куәгер видеоға түсіріп алды. Қымбат көлік мінген жігіт қарсыласын талдырып тастап, оқиға орнынан қашып кеткен, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Әлеуметтік желіде видеомен бірге зардап шеккен жүргізушінің туыстары таратқан мәлімдеме де жарияланды. Оған сәйкес, төбелес 4 мамырда Коблукова көшесінде шамамен сағат 14:00-де болған. Infiniti көлігінің иесі жолдың қарсы бетіне шығып, Mark II-ні өткізбей қойған.
"Белгісіз себептерге байланысты ол менің ағамды есінен танғанша ұрған. Сосын оқиға орнынан қашып кетті. Біз полицияға арыздандық. Бірақ нәтиже жоқ. Ағамның ауруханада жатқанына 6 күн болды. Ешкім әлі кешірім сұрамады. Сонда заң қайда? Министрлік қайда қарап отыр?", - дейді зардап шеккен жігіттің туыстары.
Видео мен фотода зардап шеккен жігіттің қызыл Nissan-ды тіркеуге алып, сүйреп келе жатқанын анық байқауға болады.
Алматы қалалық полиция департаменті осы оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеудің басталғанын мәлімдеді. Онымен Бостандық ауданының полицейлері айналысып жатыр.
Оқи отырыңыз: Талғарда белгісіз біреулер жас жігітті аяусыз соққыға жықты – видео
"Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 293-бабы (Бұзақылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Жарақаттың қаншалықты ауыр болғанын анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды. Соның нәтижесінде тиісті шешім қабылданады", - дейді тәртіп сақшылары.
Полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтап жатқанын да жеткізді. Қымбат көліктің иесі бірден ұсталыпты.