Қоғам

Қазақстанда тағы бір университеттің лицензиясы тоқтатылды

© Photo : vidhyarthidarpanСтуденттер, архивтегі сурет
Студенттер, архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 10.05.2021
Жазылу
Жоспардан тыс тексеріс барысында университет білім беру саласындағы заңнаманы өрескел бұзғаны анықталды

НҰР-СҰЛТАН, 10 мамыр – Sputnik. Білім және ғылым министрлігі Алматыдағы Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің лицензиясы уақытша тоқтатылды.

Министрліктің білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетіне Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің білім сапасына қатысты шағым келіп түсті. Осыған байланысты жоғары оқу орнында жоспардан тыс тексеріс жүргізілді, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Жүргізілген бақылау барысында университет студенттерінің білімі тексерілді. Білім алушылардың 97%-і шекті балл жинай алмады және оқу процесінде алған білімі мен құзыреттерін жеткілікті деңгейде растай алмады.

"Жоспардан тыс тексеріс барысында университетте сабақтар кесте бойынша өткізілмейтіні анықталды. Студенттердің оқу жетістіктерін тексеру нәтижелері ЖОО-дағы білім беру сапасы төмен екенін көрсетті. Одан бөлек, оқу орны кадр даярлау бойынша жұмыс берушілермен белсенді жұмыс істемейтіні де байқалды. Шет тілдер және іскерлік карьера университетінде академиялық адалдық қағидаттары да сақталмайды. Мәселен, студенттердің курстық жұмыстары өзге адамның еңбегін көшіріп алуды тексеру жүйесінен өтпейді, ал кейбір дипломдық жұмыстар, академиялық қағидалар бұзылғанына қарамастан, қорғауға жіберілген", – деді білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда 25 жоғары оқу орны лицензиясынан айырылды

Осыған байланысты университет лицензиясын заң бұзушылықтарды жойғанға дейін тоқтату туралы шешім қабылданды. Заңнамаға сәйкес, лицензияның күші тоқтатылған жағдайда, студенттер оқу орнында анықталған заңбұзушылықтардың жойылуын күтпей-ақ, басқа жоғары оқу орындарына ауыса алады.

Еске салсақ, өткен жылдың соңында білім министрлігінің тапсырысымен "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы білім бағдарламаларының сапасын бағалау бойынша рейтинг дайындаған болатын. Жұмыс берушілердің айтуынша, 10 аутсайдер ЖОО анықталды, олардың қатарында Шет тілдер және іскерлік карьера университеті де бар.

Жаңалықтар
0