НҰР-СҰЛТАН, 8 мамыр – Sputnik. Елордада 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында Кеңес Одағының екі мәрте Батыры, аты аңызға айналған ұшқыш Талғат Бигелдиновтің ескерткіші ашылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Алып мүсін Сарыарқа даңғылы бойындағы Кенесеры мен Абай көшесінің ортасындағы аллеяда орналасқан. Дәл сол жерден Талғат Бигелдинов көшесі басталады. Ескерткіш қоладан және граниттен жасалды. Мүсінші – Нұрлан Далбай, ал сәулетші – Расул Сатыбалдиев. Олар Ұлы Отан соғысы жылдары кезіндегі жас ұшқыш Бигелдиновтің бейнесін жасап шықты. Батырдың кеудесінде медальдары да бейнеленген.
Талғат Жақыпбекұлы Бигелдинов соғыс жылдары ИЛ-2 шабуылдаушы ұшағымен 305 рет аспанға көтерілді. Батылдығы мен ерлігі үшін Ленин, Қызыл Ту, Александр Невский, Қызыл Жұлдыз, III дәрежелі Даңқ, I және II дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталды, екі рет Кеңес Одағының Батыры атағын алды.
Ол соғыстан кейінгі жылдары әскери және азаматтық авиация саласында жұмыс істеді, қоғамдық қызметпен айналысты. Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институты мен Қарағанды "Жас ұлан" республикалық мектебіне батырдың есімі берілген. Аталған оқу орындарының аумағында аты аңызға айналған ұшқыштың ескерткіштері тұр. Енді тағы бір мүсін астананың ортасында ашылып отыр.
Оқи отырыңыз: Мүгедек жан Жеңіс күні құрметіне Уфадан Астанаға арбамен сапар шекті
Ескерткіштің ашылу салтанатына Талғат Бигелдиновтәң қыздары – Галина мен Райхан да қатысты.