НҰР-СҰЛТАН, 8 мамыр – Sputnik. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Грузияда белгісіз жағдайда көз жұмған қазақстандық қыздың өліміне қатысты түсініктеме берді.
"Грузияның құқық қорғау органдары біздің елшілікке берген ақпаратқа сәйкес, 5 мамырда Тбилиси қаласындағы бір үйдің терезелерінің түбінен Қазақстан азаматының денесі табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, қыз тоғызыншы қабаттан құлап мерт болған", - деп мәлімдеді СІМ.
Грузия полициясы өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу деген күдікпен қылмыстық іс қозғады.
Күдіктінің қамауға алынғаны хабарланып отыр. Басқа ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді.
Министрлік Қазақстанның Грузиядағы елшілігінің консулы марқұмның отбасымен үнемі байланыста екенін атап өтті.
"Бұл іс елшіліктің ерекше бақылауына алынды. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі қазақстандық қыздың денесін отанға жеткізуді ұйымдастыруда жан-жақты көмек көрсетіп жатыр", - делінген хабарламада.
Марқұмның сіңлісі қыз өлер алдында құрбысына аудиожазба жіберіп үлгергенін айтты. Онда белгісіз ер адамның қоқан-лоққы көрсетіп жатқаны естіледі.
Алдын ала мәліметке сүйенсек, Әсел Айтпаева Грузияға бір ай бұрын ақша табуға кеткен. Ал бірнеше күн бұрын жақындарымен байланысқа шықпай қойған.