Қоғам

Геморройды қалай емдеу керек - маман кеңес берді

© REUTERS / Yves HermanЛекарства, таблетки
Лекарства, таблетки  - Sputnik Қазақстан, 1920, 06.05.2021
Жазылу
Көп қыз-келіншек геморройға шалдықса, бұл ауруды емдеуден қысылып, оны жасыруға немесе тіпті елемеуге тырысады. Әсіресе емдеуші дәрігер ер адам болса, мамандар геморройды асқынбай тұрған шақта емдеу оңай екенін айтып отыр

Геморрой деген не

Геморрой - бұл тік ішекте орналасқан геморроидалды түйіндердің қалыптан тыс ұлғаюы. Бұл түйіндер қан тамырларының түйісуін білдіреді. Геморроидалдық тамырлар түйісуінде қан жүруінің бұзылуы салдарынан түйіндер қабынады.

Бүгінде геморрой әйелдердің колопроктолог дәрігерлердің көмегіне жүгінуінің ең жиі себебі болып отыр.

Геморройдың пайда болу себептері

Дәрігерлердің айтуынша, қазіргі қоғамда қалыптасып жатқан өмір сүру салты геморройдың пайда болуына бірден-бір себеп. Себебі адамдар көп уақытын компьютер алдында немесе машинада отырған күйде өткізеді. Бұл тік ішектегі қан айналымының бұзылуына әкеп соғады.

Сондай-ақ дұрыс тамақтанбау, созылмалы іш қату, ащы тағам мен алкогольді ішімдікті жиі тұтыну, тым ауыр дене жаттығулары, жүктілік пен бала босану, жас ұлғайған кездегі ағзадағы өзгерістер де әйелдерде геморрой пайда болуына алып келеді.

Геморройдың белгілері

Бастапқы кезде әйел адам геморройдың белгілерін байқамауы мүмкін. Аса қатты асқынбаса, геморройда ауырсыну бола бермейді. Колопроктологтардың айтуынша, үлкен дәретке барған кездегі қолайсыздық та барлық әйелде бола бермеуі мүмкін.

Геморройдың көп белгілері тоқішектің аурулары, соның ішінде онкологиялық ауру кезіндегі симптомдармен бірдей болуы ықтимал. Сондықтан өз бетінше емделуге болмайды.

Жалпы геморрой симптомдары әртүрлі болуы мүмкін. Ал жүкті әйелдерде геморрой тіпті ешқандай белгісіз асқына беруі мүмкін.

Жүктілік кезіндегі және бала босанғаннан кейінгі геморрой

"Жүктілік мерзімі ұлғайған сайын әйелдерде қантамырлардағы қанның жүруі жиі бұзылады. Сондықтан барлық жүкті әйелде геморрой пайда болады. Алайда болашақ ананың о баста геморрой ауруы болса, онда бала босанғанға дейін дендеп кету қаупі үлкен", - дейді акушер гинеколог Мария Селихова.

Кей жағдайда геморрой бала туған соң өздігінен кетіп қалуы мүмкін. Бірақ уақыт өте келе қайта пайда болады.

Мамандар әйелдерге аяғы ауыр кезде геморрой пайда болмас үшін жеңіл дене жаттығулары, йога, пилатес, стретчинг, бассейндегі жаттығулармен айналысуға кеңес береді.

Босанғаннан кейін геморройдың асқыну қаупі тым жоғары. Оған бала туу кезінде жамбасқа түсетін ауыртпалық пен күш және жамбас бұлшықеттерінің созылуы себеп.

Ал жүктілік кезінде геморройды емдеуге арналған дәрі-дәрмекті дәрігердің жіті бақылауымен қабылдау қажет. Себебі кейбір препаратты жүктілік кезінде ішуге болғанымен, бала емізу кезеңінде тыйым салынған болуы мүмкін.

Мысалы, жергілікті стероидтарды жүктіліктің бірінші триместрінде қолдануға тыйым салынғанмен, кейінірек қабылдауға рұқсат етіледі. Ал стероидты емес қабынуға қарсы препараттар, яғни ауырсынуды басатын және қызуды түсіретін дәрілерді көп жағдайда жүктіліктің үшінші триместрінде қолдануға мүлде болмайды. Жалпы жүрек астында тағы бір өмір иесі жатқан шақта бұл препараттың қай-қайсысының көмегіне жүгінбеген абзал.

Геморройдың асқынуы

Дәрігерлер көп әйел ұялғандықтан бұл ауру асқынғанға дейін емдемей жүре беруді әдетке айналдырғанын айтып дабыл қағуда. Ауру дендеп, әбден жанына батқанға дейін маманның есігін ашуға қысылады.

Үлкен дәретке барған кезде қағазға қан жұғуын елемеудің ақыры геморроидалды түйіндердің сыртқа шығуына алып келеді. Уақыт өте келе бұл түйін өздігінен тартылғанымен, жағдайдың ушықпауына да еш кепілдік жоқ. Асқынған геморрой тромбозға, анальды жарықшақтың пайда болуына, инфекциялық және асқынған қабынуларға, проктит пен парапроктитке алып келеді.

Геморройды емдеу

Егер геморройды бастапқы сатыда анықтаса, онда бұл ауруды отасыз, яғни хирургиялық әдіссіз-ақ емдеуге болады.

Халық еміне сенуге бола ма?

Интернетте халық емі әйелдердегі геморройдан құтылуға көмектескені туралы ақпарат көп. Расында да кейбір әдістер тиімділігін көрсетіп келеді.

"Геморройды емдеу кезінде жатырдағы балаға қауіп төнбеуі маңызды. Сондықтан халық емін үшінші триместрде қолданудың өзектілігі жоғары, - дейді проктолог, хирург Татьяна Лапина. – Олардың қатарында ауру орнына шырғанақ майы және балмен бастырмалар жасау, бүтін түйнектерден кесіліп дайындалған картоп тығындәрісі, қырмызыгүл және пияз қабыршақтарының негізінде жылы ванна қабылдау, балқурай тұнбасын ішу бар. Сондай-ақ геморриалды түйіндерді емдеу мақсатында жүктілік кезінде орындауға болатын гимнастикалық жаттығулардың да пайдасы бар. Бұл – диафрагмалық тыныс алу, бөксе бұлшықетіне кезекпен күш түсіру және босату, арқамен жатып жамбасты көтеру, "велосипед" жаттығуы, аяқтың ұшымен отырып-тұру және тағы басқа көптеген гимнастикалық жаттығулар. Бұл жаттығуларды тұрақты түрде, күніне 2 рет және әрқайсысын 10 реттен орындау керек".

Ешқандай психология мен қандай да бір әсерлер геморриалды қантамырлардағы қан айналымының бұзылуын реттей алмайды. Бұл дәрігердің жіті бақылауымен және медициналық препараттардың көмегімен емдеуге жататын күрделі проблема.

Геморройды жергілікті емдеу кезінде тік ішек аумағына жақпамайлар мен тығын дәрілерді қолдану керек болады.

Дәрігер мына сынды препарттарды жазып беруі мүмкін:

  • қанды тоқтатуға арналған гемостатикалық препараттар;
  • қышуға қарсы препарттар;
  • қабынуға қарсы препараттар;
  • жараның жазылуына ықпал ететін препараттар;
  • ауырсынуды басатын препараттар.

"Жүктілік кезінде геморриалды түйіндерді дәрі-дәрмекпен емдеу ісіну мен ауырсынуға қарсы әсері бар қабынуды басатын жақпамайларды қолдануды қарастырады. Сонымен қатар ректалды тығындәрілер, хирургиялық араласу (ем шаралары ұзақ ақыт көмектеспеген жағдайда) және лазер немесе магнит қолданылатын физиотерапия да осы әдістерге жатады. Геморрой асқынған жағдайда ем стационарда өтеді", - дейді проктолог, хирург Татьяна Лапина.

Әйелдердің геморройын емдеу флеботропты препараттар, дәрумендер көмегімен қантамыр тонусын арттыруды және асқазан-ішек жолдары жұмысын қалыпқа келтіруді қарастырады. Асқазан-ішек жолдарының жұмысын реттеу кезінде созылмалы іш қатуы бар әйелдерге іш жүргізетін дәрі қолдануға және құрамында жасұнық көп тағамдарды ішуге тура келеді. Оның қатарында көкөніс, кебекті ботқалар және таза су бар. Уақытының көп бөлігін отырып өткізетін қыз-келіншектер емдік дене шынықтырумен айналысы керек.

Егер геморрой тым асқынып кеткен болса, онда хирургиялық емдеу әдістеріне көшуге тура келеді.

Бұл шағын инвазивті сипатта болады. Оған склеротерапия түйіндерді бұзатын дәрі егу, инфрақызыл коагуляция (түйіндердің жанындағы шырышты қабықты күйдіру арқылы қанды тоқтату), латексті сақиналардың көмегімен түйіндерді оқшаулау (ол сақиналар түйіндердің түбін басып тұрады да, нәтижесінде түйін түсіп қалады), лазерлі коагуляция (түйінді алып тастау) жатады.

Сондай-ақ геморрой аса қатты асқынса, хирургиялық әдіс арқылы геморроидэктомия (қабынған тіндерді алып тастау) немесе трансанальді резекция (тік ішектегі шырышты қабықтың бір бөлігін алып тастау) жасау керек болады.

Геморройдың алдын алу және кеңестер

Адамдар қарапайым ғана профилактикалық шараларды сақтаса, геморрой еселеп азаяр еді. Әйелдерде геморройдың туындауының алдын алуға септігі тиетін бірнеше кеңес:

  • Зиянды әдеттерден бас тарту. Соның ішінде темекі шегу және шамадан тыс алкоголь ішу де бар.
  • Мүмкіндік болса, күн сайын отырған күйде өткізуді қажет ететін өмір салтынан бас тартыңыз. Ия, қазір көп қыз-келіншек кеңседе және компьютер алдында 7-8 сағаттап жұмыс істейді. Алайда мұндай өмір режимін серуен, екі сағат сайынғы шағын гимнастикамен түрлендіріп отыруға болады. Автокөлігіңіз бар болған күнде де жұмысқа жаяу жетуге әдеттеніп көріңіз. Бұл денсаулыққа пайдалы.
  • Мазасызданбаңыз. Күйзеліс – көптеген ауруға, соның ішінде әйелдерде геморрой пайда болуына себеп.
  • Тамақтану қалпыңызды қайта қарастырыңыз. Асығыс-үсігіс құрғақ тағамды талғажу ету зиян. Ең дұрысы – күн сайын белгілі бір уақытта және шағын көлемде тамақтану керек. Мүмкін болса жасұныққа бай азық-түлікке басымдық беріңіз.
  • Шамадан тыс салмақ салмаңыз. Жағажайда әсем сұлбаңызбен талайды тамсандырғыңыз келетіні түсінікті. Алайда спорт залда өзіңізге үлкен жүктеме түсірмеңіз. Тым ауыр дене жаттығулары геморрой туындау қаупін арттырады.
  • Асқазан-ішек жолдары проблемасын дер кезінде емдеу керек. Созылмалы іш қату, диарея немесе метеоризм маман көмегіне жүгінуді қажет етеді. Оның үстіне іш қатуды емдеместен геморройдан құтылу мүмкін емес.
  • Гигиена сақтаңыз. Дәрет қағазын ылғалды бір реттік майлықтарға алмастыруға және әжетханаға барған сайын жуынуға тырысыңыз.
Жаңалықтар
0