Көздің көруінің бұзылуына алып келетін себептердің 80%-нің алдын алуға немесе оны емдеуге болады. Қайтымды соқырлықтың дамуының ең кең таралған себебі - катаракта. Бұл көз жанарының бұлдырлығымен сипатталатын ауру. Көз жанары линза іспетті болады және жарық сәулелерін сындырып, оны біртегіс көздің ішкі тор қабығына бағыттау басты қызметі. Катаракта кезінде бұлдырлаған көз жанары жарық өткізбей, адамның көру қабілеті соқыр болғанға дейін нашарлай береді.
Бұл ауру туа біткен немесе келе қалыптасқан болуы мүмкін. Келе қалыптасқан катаракта әлдеқайда жиі кездеседі. Ол жасқа қарай, травматикалық, қайталанған сипатта немесе түрлі жағымсыз факторлардың әсерінен болады.
Катарактаның дамуы – қартаюдың табиғи процесінің салдары. Жас өзгерістері жанардың құрылымы биохимиялық деңгейде өзгеруіне алып келеді. Жанардың құрамына кіретін ақуыз өзінің мөлдірлігін жоғалтып, жарықты нашар өткізе бастайды.
Катаракта салдарынан адамдардың өмір сапасы да айтарлықтай төмендей, жарақат алу, құлау, апатқа ұшырау қаупі артады. Сондықтан офтальмологтың көмегіне жүгіну маңызды.
Катаракта симптомдары
Катарактаның назар аударуды қажет ететін негізгі белгілері:
- көру өткірлігінің төмендеуі;
- көздің тұмандануы;
- заттарды бұлыңғыр етіп көру;
- көз қарашығының түсі өзгеруі;
- заттардың қос-қостап көрінуі;
- көз алдында жарықтар, нүктелер, сызықтар пайда болу;
- жарыққа сезімталдылық.
Осы белгілерді өзіңізден немесе жақындарыңыздан байқаған болсаңыз офтальмолог дәрігерге қаралу керек.
Катаракта сатылары
Бұл ауру өршуіне қарай 4 негізгі сатыға бөлінеді:
1. Катарактаның бастапқы сатысы
2. Катарактаның жетілмеген сатысы
3. Катарактаның жетілген сатысы
4. Катарактаның аса жетілген сатысы
Катарактаны емдеу
Қазіргі уақытта катарактаны медикаментозды емдеудің тиімділігі медицинада расталмаған.
Бұл ауруды тиімді емдеудің жалғыз әдісі – ота жасау. Ота кезінде бұлыңғырланған жанарды интраокулярлы линзаға ауыстырады.
Катарактаны хирургиялық жолмен емдеу көзі дұрыс көрмейтін және соның салдарынан еңбек қабілеті төмендеп, күнделікті тіршілікте қолайсыздық сезініп жүрген адамдарға ұсынылады.
Диагностика
Катаракта офтальмолог дәрігердің тексеруі және құрал-аспаппен зерттеулердің нәтижелері негізінде анықталады. Тексеру кезінде көз бұршағының түрлі бөліктерінде бұлыңғырлықтың болуы катаракта бар деп секемденуге себеп. Диагнозды растау үшін дәрігер бірқатар диагностикалық тексеру жүргізеді.
Көру өткірлігін тексеру
Көздің көру өткірлігін анықтау үшін дәрігер емделушіден әдетте арнайы кестедегі әріптер мен символдарды атауды сұрайды. Науқас мейлінше ұсақ қаріпті көре алса, оның көз өткірлігі соншалықты жоғары деуге болады.
Саңылаулы шаммен тексеру
Саңылаулы шам офтальмологқа емделушінің көзін ұлғайтылған үлгіде көруге мүмкіндік береді.
Катарактаны емдеудің заманауи әдістері
Медициналық технологиялардың дамуымен түрлі ауруларды емдеудің жаңа әдістері де пайда болып жатыр. Катарактаны заманауи емдеу микроинвазивті әдістерді қолданумен жүзеге асырылады. Катарактаны емдеу бойынша ең тиімді операциялардың бірі – ультрадыбысты факоэмульсификация. Бұл операция кезінде жалпы наркоз қолданылады және ол стационарда немесе амбулаторлық режимде жүруі мүмкін.
Хирург әдетте ұзындығы 2,75 милиметрден аспайтын микрокесінді арқылы көздің алдыңғы камерасына тиісті құралдың ұшын кіргізеді. Ол құрал ультрадыбыс жиілігімен ауытқып тұрады да, осы арқылы жанарды құрайтын затты эмульсияға айналғанға дейіін ыдыратады. Одан соң көздегі бұл масса вакуум арқылы тазаланады. Бұлыңғыр жанарды алып тастаған соң аталған кесінді арқылы интраокулярлы линзаны орналастырады. Ал жаңағы кесінді тігусіз-ақ бекітіледі. Бұл әдіс кеңінен қолданылады және оның жағымсыз салдары сирек кездеседі.
Сонымен қатар бүгінде катаракта отасын лазерлік сүйемелдеумен жүргізу мүмкіндігі туды. Мұндай процесс кезінде зирург кесіндіні пышақпен емес, лазермен орындайды. Лазер өте тік капсула кесіндісін кесуге және жанар ядросын тең бөлікке бөлуге мүмкіндік береді. Бұл катарактаның асқынған жағдайында хирургтың жұмысын жеңілдетеді.
Аурудың өрбуі, белгілері, науқастың қосымша аурулары, қарсы көрсетілімдері секілді факторларды есепке ала отырып, дәрігер операцияны қандай әдіспен өткізуді өзі шешеді.
Операцияға қалай дайындалу керек
Дәрігер операцияға дайындалу үшін арнайы көз тамшыларын тағайындайды. Ота алдында душ қабылдап, басты жуып, таза киім кию керек және өзімен бірге күн сәулесінен қорғайтын көзілдірік ала келу қажет. Отаға дейін кемінде төрт сағат бұрын тамақтанып алу қажет. Сондай-ақ ота жасатар алдында ішімдік ішуге және темекі шегуге тыйым салынады.
Екі көзді бірдей емдеуге бола ма?
Жоқ, әдетте операция кезек-кезекпен жасалады. Ота жасалған көз жазылғаннан кейін екінші көзге операция тағайындалады.
Операциялардың арасы қанша уақыт болуы керек?
Оталардың арасы қанша уақыт болуы керектігін дәрігер шешеді. Ол мерзім бір күннен бір айға дейін созылуы мүмкін. Сондай-ақ екінші ота уақыты емделген алдыңғы көздің жазылу қарқынына қарай да анықталады.
Отадан кейінгі қалыпқа келу
Катарактаны жою бойынша операциядан кейін науқастар қалыпты өмірге тез-ақ оралады. Қазір асқынбаған катарактаны факоэмульсификациялау операциясы амбулаториялық жағдайда өтіп, 10-20 минутқа созылуы мүмкін. Ота кезінде ота жасалатын аймаққа анестезия салынып, наркоз қолданылмайды және ол қалпына келу кезеңі де ұзаққа созылмайды. Алайда факоэмульсификация да хирургиялық емдеу әдісі болғандықтан, дәрігердің кеңестерін қатаң сақтау қажет.
Науқас операция аяқталғаннан кейін 2-3 сағаттан соң көре алады. Ота жасалған күні беттің жоғарғы жағында ауырсыну және ісінуі болуы мүмкін. Операциядан кейін дәрігер тағайындаған көз тамшыларын міндетті түрде қолдану керек. Бұл зақымдалған тіндердің тезірек қалыпқа келуін қамтамасыз етеді. 4-6 аптадан кейін көз толық жазылады.
Отадан кейін көзді қорғау, салқынға шықпау, физикалық жүктемені шектеу, ауыр көтермеу, косметика пайдаланбау маңызды. Ал серуендеу, жұмыс істеу, кітап оқу, жазу, компьютер алдында отыру секілді қалыпты іспен айналыса беруге болады. Бірақ көздің шаруашына жол бермеу керек. Сонымен қатар тұрақты тексеру жүргізу үшін дәрігерге қаралып тұру қажет. Егер отадан кейін қалтырау, көздің қатты ауыруы, қызаруы, жасаурауы, ірің ағу, көздің ісінуі секілді белгілер пайда болса, тез арада дәрігерге көріну керек.
Ауруханада жату керек пе?
Көп жағдайда жеңіл түрдегі катарактаны алып тастау бойынша ота амбулаториялық режимде жасалады. Бірнеше сағат өткен соң науқас үйіне қайта алады және бұл мерзімді емдеуші дәрігер тағайындайды.
Операциядан кейін дәрігердің тексеруіне неше рет бару қажет?
Операциядан соң дәрігерге қаралып, кесінді орнының жазылуын тексертіп тұру керек. Кейде бұл бір күннен соң, бір апта немесе бір айдан соң болуы мүмкін.
Ұшаққа қашан отыруға болады?
Бұл мерзімді емдеуші дәрігер әр науқас үшін жекеше түрде белгілейді. Көп жағдайда айтарлықтай шектеу болмайды.
Катаракта профилактикасы
Қарттық катаракта адамның егде тартуына байланысты туындайтыны белгілі. Сондықтан өмір бойы катарактаның пайда болуын мейлінше кейінге ысыруға көмектесетін профилактикалық ережелерді сақтау маңызды. Катаракта профилактикасына мыналар жатады:
- жарты жыл сайын офтальмолог дәрігердің профилактикалық медициналық тексеруінен өту (көбіне 50 жастан асқан адамдар үшін);
- дұрыс тамақтану, дәрумендерге, микроэлементтерге және антиоксиданттарға бай тағамдарды тұтыну;
- темекі шегуден, алкогольден, есірткіден бас тарту және т.б.;
- салауатты өмір салты;
- Е және С тобындағы дәрумендерді ішу;
- өндіріс пен зертханаларда қауіпті заттармен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау және жеке қорғаныс құралдарын (қорғаныс бетпердесі, көзілдіріктер) пайдалану;
- қант диабеті ағымын бақылау (қант деңгейінің шамалы жоғарылауы көру органдарындағы өзгерістерге әкелуі мүмкін);
- холестерин деңгейін бақылау;
- офтальмологиялық ауруларды уақтылы емдеу;
- қол мен көз гигиенасын сақтау.
Алдын алудың әмбебап әдістері жоқ. Катаракта кез келген адамда пайда боулы мүмкін. Бұл аурудың ерте уақытта пайда болуын тежеуге және оның асқынуына жол бермеуге бағытталған ортақ кеңестер.
Көп қойылатын сұрақтарға жауап
Ауруды емдемесе салдары қандай болуы мүмкін?
Катаракта – емдеуді қажет ететін ауыр дерт. Ол тек микрохирургиялық әдіспен емделетінін түсіну керек. Егер катарактаны емдемесе, ол ауыр асқынуға алып келеді. Бұған жол бермес үшін ауруды уақытында анықтап, дереу емдеуге кірісу керек.
Катарактаны емдеу бойынша отаны қай жаста жасатқан жөн?
Катарактаны жою бойынша ота жасауға қолайлы саналатын нақты жас жоқ. Оны кез келген жаста жасай беруге болады. Көз микрохирургиясының арқасында бүгінгі күні катарактаның біршама жетілуін, яғни көру қабілеті айтарлықтай нашарлауын күтудің еш қажеті жоқ. Сол себепті катаракта науқастың күнделікті өмірінде қолайсыздық туындатып, көруі төмендеген кез келген уақытта ота жасалады.
Катаракта мен глаукомаға бір уақытта ота жасауға бола ма?
Катаракта және глаукомасы бар науқастар ерекше қадағалауды қажет етеді. Сондықтан катаракта мен глаукома бойынша отаны бір мезгілде жасау немесе жасамау туралы шешімді емдеуші дәрігер қабылдайды.
Имплантациядан кейін жасанды жанарды ауыстыру керек пе?
Жоқ, заманауи интраокулярлық линзалар ұзақ уақыт бойы өз қасиеттерін сақтап тұрады. Сол себепті оны ауыстыру қажеттілігі туындамайды.
Компьютермен көп жұмыс істеу немесе теледидарды ұзақ уақыт көру катарактаның тез дамуына алып келе ме?
Компьютер алдында жұмыс істеу, кітап оқу, теледидар көру катарактаның пайда болуына әкеледі деген тұжырым дұрыс емес. Заманаи мониторлардың алдында 10 сағатқа дейін тапжылмай отыруға болады. Олардың сәуле шығару қарқыны айтарлықтай төмен. Сондықтан каратактасы бар адамдардың компьютермен жұмыс істеуіне тыйым салынбайды.
Бірақ монитор алдында ұзақ отыру көзді шаршатады және тітіркендіреді. Соның салдарынан алмасу процестері мен көзге қан жүру бұзылады. Гаджет экранына ұзақ қарау көздің шырышты қабығын жауып тұратын қабықшаның құрғауынан туындайтын "құрғақ көз" синдромын туындатады.
Операциядан кейін физикалық белсенділікке өмір бойына қандай да бір қатаң шектеу қойыла ма?
Ота жасағаннан кейін 3-4 апта ойы спортпен шұғылдануға және ауыр көтеруге болмайды. Көз толық қалпына келген соң, яғни шамамен 1,5-2 айдан кейін науқас отаға дейінгі қалыпты өміріне толығымен орала алады.
Катарактаны емдейтін халық емі бар ма?
Катарактаны халық емімен емдеу мүмкін емес.
Отадан кейін қандай асқынулар болуы мүмкін?
Заманауи технологиялар операциядан кейінгі асқынуларды мейлінше азайтқанымен, олардың толық жоққа шығару мүмкін емес. Сондықтан ықтимал асқыну ретінде ісіну немесе қабынуды атауға болады. Бұл асқынуларды тежеу үшін дәрігер бактерияға қарсы және қабынуға қарсы препараттар тағайындайды.
Көздің жасанды жанарының орнынан жылжуы. Бұл асқыну көздің жасанды жанарын дұрыс бекітпеу немесе жанардың байланысу аппаратының әлсіздігі салдарынан туындайды.
Қайталанған катаракта – жасанды жанардың артқы капсуласының бұлыңғырлануымен және отадан кейінгі кезеңде көрудің нашарлауымен айқындалады. Бұл катарактаны жою отасынан кейін жанарда өсуге қабілетті тіндердің қалып кетуіне байланысты пайда болады. Олар өскен жағдайда катарактаға тән белгілер туындайды. Бұл асқынуды емдеу үшін лазер қолданылады.
Көз ішіндегі қысымның жоғарылауы. Бұл асқынуды емдеу үшін көзішілік сұйықтықтың жылыстауына ықпал ететін медикаменттер қолданылады.