Видео

Елордада оқушылар "Жас сарбаз" атанды - видео

Жазылу
Нұр-Сұлтанда Отан қорғаушылар күніне орай қала мектептерінің бірқатар оқушысы жас сарбаз атанып, ресми куәлік алды. Офлайн форматта өткен шараға қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен қатысты

"Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде жас сарбаздар қайырымдылық шараларына белсене араласып, өзгелерге үлгі көрсетіп келеді. Алда келе жатқан Ұлы Жеңіс күнімен, Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен сіздерді құттықтаймын. Отан отбасынан басталады дейді. Сондықтан балаларды жастайынан бастап отансүйгіштікке, елі мен халқына, жеріне адал қызмет ететін адами құндылықтарға баулу өте маңызды. Бүгін ант қабылдаған жас сарбаздардың болашағынан үлкен үміт күтеміз", - деді Бақтияр Мәкен жастарға.

Шара барысында оқушылар Тәуелсіз Қазақстанның болашағына өз үлесін қосуға салтанатты түрде ант етіп, өздерінің әскери дайындығы мен құрастырған роботтарын таныстырды.

"Бүгін өткізген ерлік сабағының негізгі мақсаты – президентіміздің тапсырмасы аясында жасөспірімдердің әскери-патриоттық тәрбиесін жетілдіру және жас сарбаздарды жан-жақтылықпен дамыту", - деді "Жас сарбаз" жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы қалалық филиалының төрағасы Асхат Налшыбек.

Айта кетейік, шара Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінің, "Астана Жастары" мекемесінің және Ұлттық әскери патриоттық орталықтың қолдауымен өтті. 2018 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жастардың әскери-партиоттық тәрбиесін дамыту мақсатында құрылған "Жас Сарбаз" жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы құрамында қазір 7 мыңнан аса бала бар. Оларға арнап елорданың 90 мектебі мен 35 колледжінде "Жас сарбаз" сыныптары мен клубтары құрылған.

Жаңалықтар
0