Қоғам

ҰБТ-2021: Жаңа жүйе көшіруге мүмкіндік бермейді

© Sputnik / Владислав ВодневЦентр национального тестирования готовится принимать выпускников
Центр национального тестирования готовится принимать выпускников - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.05.2021
Жазылу
Алтыншы мамырда Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеудің негізгі кезеңі басталып, еліміздегі 130 мың оқушы ҰБТ тапсырады

НҰР-СҰЛТАН, 5 мамыр – Sputnik. 2021 жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі жаңалыққа толы. Мектептің басты емтиханын тапсыруда Қазақстан ТМД елдері ішінде алғашқы болып электронды форматқа көшті. 

Республика бойынша ҰБТ тапсыратын 51 орында үш ай бойы оқушылар өздері таңдаған күн мен уақытта екі рет емтихан тапсыра алады.

Sputnik Қазақстан тілшісі Қазақстанның Ұлттық тестілеу орталығының басшысы Дидар Смағұловпен сұхбаттасып, 2021 жылы ҰБТ тапсыру төңірегіндегі өзгерістер жайлы мәлімет алды.

"Көке-жәкесіз" ҰБТ

– Дидар Нұркенұлы, Ұлттық тестілеу орталығына басшылық қызметке келгенге дейін сіз сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде қызмет еттіңіз. Сондықтан ҰБТ саласын шайқалтқан даулы оқиғалар жайлы хабардарсыз. Сізден бұрын басшы болған азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылды... Осы қызметке келерде қорқыныш болмады ма?

– Қорқыныш болған жоқ. Себебі қабылдау кезінде мен Асхат Қанатұлына (Аймағамбетов – Қазақстанның білім министрі – Sputnik) "Маған қандай да бір заңсыз тапсырма бермейтініңізге кепіл бола аласыз ба? Егер сіздің тараптан заңды өзара қарым-қатынасқа жүз процент кепілдік берсеңіз, онда мен басқаларға кез-келген заңсыз мәселеде "жоқ" деп жауап бере аламын" деп бірден айттым. 

© Sputnik / Владислав ВодневДидар Смағұлов бес кезеңнен тұратын бейнебақылау жүйесі көшіріп жазуға мүмкіндік бермейтінін айтады
ҰБТ-2021: Жаңа жүйе көшіруге мүмкіндік бермейді - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.05.2021
Дидар Смағұлов бес кезеңнен тұратын бейнебақылау жүйесі көшіріп жазуға мүмкіндік бермейтінін айтады

Осы үш жыл ішінде министр өз сөзінде тұрды. Ешқандай заңсыз тапсырма болған жоқ. Біз мұнда қалыптасқан жүйені бұза алдық.

Бұрындары ҰБТ-ға ЖОО қызметкерлері бақылаушы болған. Оларға қомақты қаражат пен қонақ үйлерде тоқтағаны үшін тәуліктік ақы да қоса төленді, бақылау жүргізуге үйретті. Осының барлығына бюджеттен шамамен 500 миллион теңге жұмсалды. Қазір ҰБТ тапсыру барысына біздің тестілеу орталығының қызметкерлері бақылау жасайды. Бұл шамамен 200 адам. Өз басым адами факторды жойғанымызға қуанамын.

Мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде бес жыл жұмыс істедім. Сондықтан грант немесе басқа да артықшылықтар туралы сөз қозғалғанда қандай әрекеттер болатынын білемін. 2020 жылды есепке алмағанда жыл сайын ҰБТ-ға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Емтиханға бақылау жүргізетін азаматтардың іссапар мен қонақ үй шығындарына арналған төлемдер бойынша заңсыз бизнес құрылған. Біз осы төлемдерден бас тарту туралы шешім қабылдадық.

Қазір бюджетте іссапар шығындары деген бап жоқ. Жаңа жүйенің арқасында ел бюджетіне миллиардтаған теңгені қайтара алдық. Сондай-ақ ешқандай "көке-жәке" ҰБТ тапсыруға көмектесе алмайды және тестілеу арқылы пайда көретіндер де жоқ екенін сенімді түрде айта аламыз.

Егер біраз бұрын ҰБТ тапсыру үшін мемлекет тарапынан бір миллиард теңге бөлінсе, осы жылы небәрі 400 миллион теңге сұрадық. Жыл соңына қарай бұл сома тағы азаяды деп ойлаймын. Келесі жылы бюджет бұдан да аз болады. Себебі инфрақұрылым бар. Биыл бүкіл ел бойынша интернетке 190 миллион теңге жұмсалып отыр. Алдағы уақытта мұндай шығындарды оңтайландыратын боламыз.

Қазақстан ТМД-да бірінші болып электронды ҰБТ-ға көшті

– Наурыз бен сәуір аралығында қазақстандықтар электронды ҰБТ тапсырып көрді. Жаңа формат оқушылардың көңілінен шықты ма?

– Оқушылардың 99,9 %-і ҰБТ-ның компьютерлік форматын оң көзқараспен қабылдады деп айта аламын. Олар бұл әдістің тиімділігін, қолайлылығын жоғары бағалады. Кейбір оқушылардан түскен бірен-саран шағым техникалық ақауларға қатысты болды: тест тапсыру кезінде тінтуірдің шықылдаған дыбысы қатты шыққанын айтты, калькулятормен жұмыс кезінде сандар пернетақтасын іске қосуға арналған Num Lock батырмасын қосу туралы ұсыныс түсті.

Осыны назарға алдық және дыбыссыз тінтуірлер сатып алдық. Сондай-ақ тестілеу нәтижесінің жақсарғанын да айта кету керек. Қағаз арқылы тапсырылатын ҰБТ-мен салыстырғанда электронды тестілеу нәтижесі айтарлықтай өсті. Орташа балл 8 баллға артты, ал шекті баллдан өту проценті 13-ке дейін артты.

© Sputnik / Владислав ВодневҰлттық біріңғай тестілеу орталығы түлектерді қабылдауға дайындық жүргізіп жатыр
ҰБТ-2021: Жаңа жүйе көшіруге мүмкіндік бермейді - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.05.2021
Ұлттық біріңғай тестілеу орталығы түлектерді қабылдауға дайындық жүргізіп жатыр

Қағазбен тапсыратын ҰБТ кезінде қаңтарда шекті шамадан асқандар саны 47%-ті құраса, наурыз-сәуірде бұл көрсеткіш 60%-ті құрады. Грант иелену үшін тапсырылатын негізгі ҰБТ кезінде көрсеткіш бұдан да жоғары болады деп сенемін. Себебі оқушылар екі рет тест тапсыру мүмкіндігіне ие.

Даярлық орталықтарындағы әріптестеріміз қазір түлектердің сұраныстары да өзгергенін айтуда. Егер 2019 жылы олар орталыққа келіп, тестілеу кезінде көмек көрсетуді сұраса, қазір тестілеуге тиімді пайдалануға ықпал ететін кітаптар жайлы көп сұрайды.

Қазір балалар білімге жете мән беруде. Себебі бес кезеңнен тұратын бейнебақылау жүйесі көшіріп жазуға мүмкіндік бермейді. Сондықтан емтиханға дайындалу керек болады.

– Электронды тестілеу "ҰБТ грантпен оқуға түсудің өмірдегі жалғыз мүмкіндігі" деген ойдан арылуға көмектесті ме? Қазір оқушылар мен олардың ата-аналары бұл тестке біршама сабырмен қарайтын секілді.

– ҰБТ айналасындағы айқай-шу оқушыларға емтиханды екі рет тапсыруға мүмкіндік беру туралы шешім қабылдауымызға әсер етті. Біз психологтармен кеңестік. Ыңғайлы уақытта екі рет ҰБТ тапсыру мүмкіндігі оқушының күйзеліске түсуін болдырмай, оған таңдау құқығын, яғни жағдайды өз бақылауына алуға ықпал етеді.

Бұрындары ҰБТ бүкіл республикалық шара болды. Он күн бойы осы тақырыпта жаңалық жарияланып тұрды. Қазір шара уақытын ұзарту арқылы қысымды төмендеттік.

Биыл күніне 20 мың емес, бес мың оқушы тест тапсырады, ал балалар тест күнін өздері таңдайды. Алдыңғы жылдары ҰБТ тапсырған оқушылар тығырыққа тірелгендей сезім тудыратын бұл шараны ұмытпаған болар. Таңғы төртте тұрып, алтыда тестілеу орталығына қарай бет алып, сегізге дейін ғимарат алдында кептеліп тұрғанымыз және тест тапсыруға шаршаған, қалжыраған күйде кіргеніміз менің де есімде. Қазір бір оқушыға таңдау ұсынып отырмыз. Ендеше ол моральдік тұрғыда тестке дайын күйде келеді.

Компьютерлік тест қатеге жол бермейді: бұрын дөңгелектердің ішін толтыру кезінде қате жіберу жиі болды. Ал жаңа белгілеу қағазын алу мүмкіндігі жоқ. Оқушылар жауап бланкісін бояуға 40 минут жұмсаған. Мен өзім де осы жағдайды бастан өткіздім. Мұқият болмағанымның салдарынан бірнеше дөңгелекті қате бояп, балл жоғалттым.

Кейіннен менің алдыма көз жасын көл етіп оқушылар мен ата-аналар келеді. Алайда мен заң мен ережеге сүйендім.

Қазір ҰБТ-ның жаңа форматын іске қосу арқылы біз мұны өзгерттік. Әрбір тест тапсырушы сұрақтарға қайта оралып, өз жауабын өзгерте алады. Тестілеу процесін байқамастан жауып қою да мүмкін емес. Тестті аяқтамас бұрын жүйе оқушыдан тестті аяқтау туралы шешіміне сенімділігін бірнеше рет сұрайды.

Егер бүкіл қалада жарық өшіп қалса, тестілеу жүйесі жауаптарды есте сақтайды да, жарық қайта жанған кезде тестілеуге берілген уақытты сақтау арқылы емтихан үзілген тұсынан жалғаса береді.

– Электронды ҰБТ-ны қорғау жайында не айта аласыз? Себебі жүйені бұзғысы, айналып өткісі келетіндер табылады.

– Жүйені алдай алмайды. Мен мұны жүз процент сенімділікпен айтып отырмын. Егер өткен жылы 90% сенімді болсам, бүгін еш күмәнім жоқ. Жүйе толық қорғалған. Біз бүгін ғана ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестік сынақтарын аяқтадық. Сынақты Қазақстан ҰҚК мемлекеттік инспекциясы жүргізді.

Біздің ақпараттық қауіпсіздік талаптарына толық сәйкесітігіміз туралы қорытынды жасалды. Яғни, жүйені бұзу мен шабуылдардан толық қорғалған. Өте ауқымды жұмыстар жүргізілді. Біз үш ай бойы жүйенің қауіпсіздігі бойынша жұмыс істедік.

© Sputnik / Владислав ВодневҰБТ өтетін аумақта ұялы байланыс сигналын бұғаттайтын құрылғы жұмыс істейтін болады
ҰБТ-2021: Жаңа жүйе көшіруге мүмкіндік бермейді - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.05.2021
ҰБТ өтетін аумақта ұялы байланыс сигналын бұғаттайтын құрылғы жұмыс істейтін болады

Тест тапсырушының әрбір әрекеті логталады және жазылады. Логтар журналына ешкім кіре алмайды және өзгерістер енгізе алмайды. Сұрақтар мен жауаптар арнайы криптокілтпен шифрленген. Оған тек бір адам ғана кіре алады және ол мен емес. Тестілеу жүйесі Интернетте емес, жабық VPN-туннельде, жабық желіде өтеді. Жүйеге қосылу мүмкін емес.

ҰБТ-ны басқа құрылғыда тапсыру мүмкін емес екеніне кепілдік бере аламыз. Тек тестілеу орталығынан тапсырады. Мұндағы компьютерлерде тек тестілеу орталығының парақшасы ғана ашылады. Оған басқа бір құрылғыны қосу мүмкін емес. VPN-арнада біздің сервердің ІРІ-мекенжайы жазылған. Барлығы шифрленген. Біздегі қызметкердің біріне ақша беріп, көмек көрсетуін сұраса да, ол түсініксіз белгілерден басқа ештеңе ала алмайды.

– Еш қиындықсыз ҰБТ тапсыру қызметін ұсынатындар бар ма? Алаяқтар пайда болды ма?

– Ия, мұндай хабарландырулар кездесіп жатыр. Түрлі қызмет ұсынатын алаяқтар да бар. Бірақ сіздер бекерге ақшадан айырылып қаласыздар дегенді сеніммен айтамыз. Оның үстіне бізде 25 тамызға дейін тестілеу нәтижесін жою құқығы бар.

Рұқсатсыз жүйеге кірудің барлық әрекеті тіркеледі. Мұндай жағдай тіркелсе, оқушы грантқа оқуға түсу мүмкіндігінен айырылады. Сондықтан алаяқтарға сенбей, емтиханға дайындалыңыздар.

– Жүйе мен ҰБТ-ның жаңа форматын сынау кезінде көшіріп жазуға тырысқандар болған шығар. Қанша заңбұзушылық тіркелді.

– Әрине, болды. Барлығы 116 мың ҰБТ тапсырушы болды (сынақ тестілеуін тапсырғандар мен ЖОО-дағы ақылы оқуға түсуге үміткерлер). Біз 500-ден астам заң бұзушылық анықтадық. Тест нәтижелері жойылды. Негізінен оқушылар сматрфон қолдануға тырысқан.

Негізгі ҰБТ-ға прокторинг бағдарламасы, Ұлттық тестілеу орталығының қызметкерлері, қоғам белсенділері мен ата-аналар онлайн режимде бақылау жасайды. Оқушылар да емтиханның адал өтуіне атсалысып, заңға қайшы әрекеттердің суреттерін жолдайды. Заңбұзушылықтар орын алса, содан кейін мен қабылданған шаралар туралы акт тапсырамын. Біз адал ҰБТ жайлы мәлімдедік. Сондықтан балалар тестілеудің әділ өтуіне үлес қосқанына тек қуанамыз.

Сондай-ақ шпаргалка қолдану мен сыбырласу да көп кездеседі. Камералар аудиториядағы әс-әрекетті толық бақылап тұрғанын түсіну керек. Үш жерге камера орнатылған. Сондықтан заңға қайшы әрекет бір камераға түспесе, екіншісіне үсетіні анық.

– Негізгі ҰБТ кезінде ереже бұзған оқушыларға қандай жаза қолданылады?

– Сынақ тестілеуі кезінде ереже бұзудың салдары ауыр бола қойған жоқ. Негізгі ҰБТ кезіндегі мұндай кереғар әрекет оқушыны осы жылы грантқа түсу үшін ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен айырады. Бір жыл күту керек немесе ақылы оқуға түсуге тура келеді.

Ережелермен жақсылап танысып, тыйым салынған құрылғыны өзімен бірге алып кіру де ережені бұзған болып саналатынын және тест нәтижесін жоюға себеп болатынын түсіну керек. Міндетті түрде ол құрылғыны қолдану керек емес. Смартфонды қалтаңа салып алып кіріп, оны біреу көріп қойса, онда мұның өзі ереже бұзу деп санауға жеткілікті.

Барлық тыйым салынған затты жеке тұлғаны сәйкестендіру аркасына жеткенген дейін қалдыру керек. Бұл ереже 2020 жылдан бері енгізілді. Сондықтан тыйым салынған бұйымды алып кіруге тырыспаған абзал.

– Интернет сапасы қандай? Барлық аймақта желінің үздіксіз жұмыс істеуі қарастырылған ба?

– Бастапқыда бізде ел аумағында ҰБТ тапсыратын 51 орын болды. Содан кейін біз Атырау облысының Құрманғазы аулындағы орынды жаптық. Себебі интернет нашар болды. Содан кейін оптикалық-талшықты кабель жүргізілген және интернет жақсы жұмыс істейтін колледжді анықтадық. Осы оқу орнына VPN-арна жүргіздік. Желі сапасы жүйенің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Бізде негізгі жүктеме видеоға түседі.

ҰБТ оқушыларға таңдау жасау мүмкіндігін берді

– Жалпы ҰБТ тапсыру қалай өтетінін айтып беріңізші. Яғни, баяғыдай бір сынып бір күнде тест тапсырмауы мүмкін бе?

– Солай. Әр оқушы тест тапсыру күні мен уақытын өз бетінше таңдайды. Оқушылар онлайн режимде белгілі бір өңірде қанша орын бос екені туралы ақпаратты көре алады. Мұғалімдердің оқушыларды тіркеу процесіне араласуына тыйым салдық.

2019 жылдан бері мектептер рейтинг жүргізбейді. Бұрындары ҰБТ-ға қатысу құқығы мектептерге берілді және екі күнге жуық уақыт тіркелуге жұмсалатын. Бес құжат жинау керек болды. Ал қазір тіркелу процесі екі минутқа ғана созылады.

© Sputnik / Абзал КалиевҰБТ орталығына кіреберісте түлектерді түр-түсін ажырататын жүйе жұмыс істейді
ҰБТ-2021: Жаңа жүйе көшіруге мүмкіндік бермейді - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.05.2021
ҰБТ орталығына кіреберісте түлектерді түр-түсін ажырататын жүйе жұмыс істейді

Тестілеуге тіркелу үшін біз ешқандай құжат сұрамаймыз. Егер тиісті мәлімет мемлекетте бар болса, біз оларды заңды түрде өз бетімізше ала аламыз. Барлық қажетті мәліметті біз ІІМ мен әділет министрлігінің базасынан аламыз.

Оқушы тестілеуге келген кезде жүйе ЖСН арқылы баланың жеке тұлғасын сканерлейді және оқушының отыратын орнын көрсетеді. Бұл шамамен екі минут уақытты алады. Жүйе оқушының бетперде таққан-тақпағанын бақылап, оның дене қызуын тексереді. Егер баланың температурасы 37 градустан жоғары болса, онда біз келесі күні тест тапсыруды ұсынамыз.

– Қыз болып киінген жігіттің басқа адамның орнына ҰБТ тапсырмақ болғаны барлығының есінде болар. Қазір мұндай айланы іске асыру мүмкін бе?

– Адамның жеке тұлғасын анықтау жүйесін енгізгеннен кейін біз басқа адамның тест тапсыруға кіруіне жол бермейміз. Ең шебер визажист оның бет-әлпетін айнытпай ұқсатса да сканерді алдау мүмкін емес.

2020 жылы қаңтарда жоба пилоттық режимде жұмыс істеген кезде жүйе егіз екі жігіттің жеке тұлғасын анықтай алды. Егер бақылаушы жай адам болғанда, ол суреттегі адам мен тест тапсыруға келген адам бір екен деп ойлар еді. Алайда ақылды жүйе бұл адамның 30 минут бұрын тест тапсырған адамға қатты ұқсайтынын бізге ескертті.

Наурыздағы ҰБТ кезінде республика бойынша үш егіз болды. Сканер адамның жеке түр-тұлғасын жоғары деңгейде анықтай алады.

Қазақстандық ата-аналар ҰБТ-ның жаңа форматын қолдады ма

– Бұрындары қазақстандықтар ҰБТ тапсыруға бүкіл отбасы болып келіп, терезе тұсында балаларын тағатсыздана күтіп тұратын. Осы жылы сіздер ата-аналардың тестілеуге келуіне тыйым салдыңыздар. Бұған ата-аналар қалай қарады?

– Мен әлеуметтік желіде белсендімін, барлық хабарламаға, мені белгілеген посттарға жауап беріп отырамын. Ата-аналар бұл тыйымды дұрыс қабылдады дей аламын. Пандемия кезінде бұл ең алдымен балалардың қауіпсіздігі үшін қабылданған шара екенін жақсы түсінеді.

Біз ата-аналарға ҰБТ тапсыруды онлайн режимде бақылауға мүмкіндік беріп отырмыз. Аудиториялардағы байланыс пен камера сапасы жоғары. Сондықтан олар тестілеудің қалай өтіп жатқанын бақылай алады. Шағым түскен жағдайда біз мән-жайды толық анықтайтын боламыз.

– Мәжіліс депутаттары қандастардың ҰБТ тапсыру мәселесін көтерді. Пандемия мен тестілеудің жаңа форматында қандастар тест тапсырып, Қазақстандағы гранттан үміттене ала ма?

– Бізде өткен жылы гранттардың 4%-і қандастарға арналды. Олар осы жылы да сақталады. Өткен жылы онлайн-тест өткізіліп, процес бақыланды және проктеринг жүйесі енгізілді. ҰБТ-ға қатысқан 500 адамның ішінде 50 оқушының браузерді қолдану және басқа да ереже бұзғаны үшін тест нәтижелерін жойдық.

Яғни, онлайн-тестілеу бақылау әлсіз болады дегенді білдірмейді. Олар Қазақстан аумағында болса, басқалар секілді екі рет тапсыра алады. Егер ел аумағынан тыс жерде болса, онда бір рет онлайн-тест тапсырады.

Сондай-ақ қағаз түрінде ҰБТ тапсыру мәселесі қарастырылып жатыр. Шамамен 700 қандас ҰБТ-ға қатысқысы келетінін білдірді. Бұл негізінен Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолияда тұратын қандастар. Қытайдағы қандастардың ҰБТ тапсыруын ұйымдастыруда біршама қиындықтар болып отыр. Себебі оларда басқа интернет. Қазір осы мәселе сыртқы істер министрлігімен шешіліп жатыр.

Тесттен өткізіп жіберуге өтініш білдіретіндер

– ҰБТ тапсыруда "қол ұшын созып жіберу" туралы өтініш айтатын туыс-таныстарыңыз бар ма? Мұндай өтініштерге не деп жауап бересіз?

– Менің таныстарымның шамамен отыз проценті менімен араласуды доғарды. Қуанышыма орай осы жылы мұндай ешбір өтініш болған жоқ.

Өткен жылы менің жақын туыстарым ҰБТ тапсырды және өкінішке қарай грантқа түсе алмады. Менің ет жақындарым жағдайды жақсы түсінеді. Сондықтан ренжімейді. Қалай болғанда да мұны ашық айтпайды. Алайда менің отбасыммен 15 жыл бойы мүлде араласпай, қазір менің әжеме кәмпит-көйлегін көтеріп келіп, емтихан тапсыруға ықпал етуімді сұрайтындар да болды.

Менің әжем тік мінезді адам. Сондықтан мұндай туыстың бетін бірден қайтаратын. Ал маған келіп жолыққандардың барлығына бір ғана кеңес беремін – ҰБТ-ға дайындалу керек. Мен оларға көмектесе алмаймын.

ҰБТ-ың келешегі қандай

– ҰБТ болашағы жарқын ба? Жас қазақстандықтардың таза білімін тексеруде бұл емтихан қаншалықты тиімді?

– Бес-он жыл бұрын ҰБТ есте сақтау қабілетінің емтиханы болды. Қазір емтихан өзгерді. Ол функционалдық сауаттылыққа қарай бет бұрған. Жаттап алу жеткіліксіз, ол білімді қалай қолдану қажеттігін түсіну керек.

Осы жылы сұрақтардың 70%-і осы функционалдық сауаттылықты анықтауға бағытталған. Қалған 30%-і нақты ақпаратты есте сақтауға арналған.

Барлық өркениетті әлем тестілеуден бас тартып отырған жоқ. Сондықтан ҰБТ-ның жойылмайтынына сенімдімін. Келешекте компьюьтерде химиялық сынақтар өткізіп, эссе жазуға болады. Ал жасанды интеллект иесі оны бағалайды.

– Сұрақтардың сапасы қандай?

– Сұрақтар жыл сайын әзірленеді. Біз оқушшылар сабақ кезінде өткен тақырыптарды ғана сұраймыз. Тестті елдегі үздік ұстаздар әзірлейді. Сауалдар апробация мен екі кезеңді сараптамадан өтеді.

Егер 2018 жылы республикалық апелляциялық комиссия 101 тапсырманы дұрыс емес деген шешім шығарса, 2019 жылы мұндай тапсырма саны 58, 2020 – 27 болды.

Оқи отырыңыз: "Мұны қалай түсінеміз?": депутат Аймағамбетовтен ҰБТ мәселесін шешуді сұрады

30 мың сұрақтың 27-сі ғана дұрыс емес деп танылды. Біз оқушыларға тестілеуден кейін апелляцияға өтініш жазуға мүмкіндік береміз. Себебі олар ҰБТ нәтижесін бірден көре алады. Олар 30 минуттың ішінде апелляцияға беруі тиісті. Тест тапсырмаларының сапалы екеніне кепіл бола аламыз. Сондықтан ҰБТ тапсыруға көтеріңкі көңіл-күймен және өз білімдеріңізді арқалай келіңіздер.

Жаңалықтар
0