НҰР-СҰЛТАН, 1 мамыр – Sputnik. Бар-жоғы 18 жастағы алматылық Рада өмірінің соңғы 6 жылын тозаққа теңейді, деп хабарлайды "Астана" арнасы.
Айтуынша, ес біле сала, құлдық қамытын киген. 11 жасында анасы мен әжесіне еріп, Өзбекстаннан қоныс аударған ол көрмеген қорлығым қалмады деп еске алады.
Қазақстанға келгеннен кейін Раданың шешесі өз анасы мен қызын тастап кеткен. Құжатсыз, үйсіз далада қалған кейуана мен немере күн көріп, жан бағу үшін шұлық сата бастайды. Сол кезде 24 жастағы бейтаныс жігіт оларға көмектесетінін айтып, бірге тұрайық деп үйіне алып барған.
Бірге тұруға жігіттің ата-анасы бастапқыда қарсылық танытқанымен, кейін әжесіне күнделікті үй шаруасын, ал кішкентай қызға сырттың жұмысын тапсырыпты.
"Әжем сол үйдің тазалығына, ал мен 15-20 шақты алабай итке тамақ берумен айналыстым. Сөйтіп жүргенде сол үйдің ұлы – бізді үйіне ертіп барған баласы мені зорлады, ұрып-соқты. Мұрнымды сындырды. Күнде қорлық көрдім, 14 жасымда жүкті болып қалдым", – дейді Рада.
Жігіттің әке-шешесі бұлт жайтты полиция естімеу үшін барын салған көрінеді. Әжесін туыстарының үйіне жіберіп, ал өзіне сес көрсеткен. Құжатсыз болғандықтан, отбасы мүшелері үйде босандырып алды деп отыр.
Екі жылдан кейін екінші нәрестесін дүниеге әкелген. Бірақ шақалақ 3 айдан кейін шетінеп кетіпті. Тек, былтыр ғана үйде ешкім жоғын пайдаланып, отбасынан қашып шыққан. Қаладағы көлік жуу орталығына жұмысқа орналасқан Раданың аянышты тағдырын естіген әріптестері оған қоғамдық қорға жүгінуге кеңес берген.
"Жыл басында Рада біздің қордан көмек сұрап хабарласты. Ол өзін құлдықта ұстаған отбасынан 4 жастағы қызын алып әрең қашып шыққанын, бірақ қорқынышпен жүргенін айтты. Бұл жерде оны зорлап-қорлаған жігіт қана емес, оның ата-анасы да әділ жазалануы тиіс", – дейді қоғамдық қордың директоры Алмат Мұхамеджанов.
Қоғамдық қордың демеуімен, Рада құқық қорғау органдарына арыз жазды. Күдікті қазір қамауға алынған. Облыстық полиция департаменті оған қатысты тергеуді бастап кетті.
"Қазіргі кезде отыз бір жастағы күдікті қамауға алынды. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 300-бабы негізінде зерделеу үшін іс материалдары прокуратураға жолданды", – дейді Алматы облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Ақбота Қуанышбекқызы.
Оқи отырыңыз: "Ыстық сумен күйдіретін": Сексуалдық құлдықта болған қыз азапты күндерін еске алды – видео
Осы күндері Рада қызымен бірге көлік жуу орталығында тұрып жатыр. Жергілікті атқамінерлер оның 4 жастағы қызына туу туралы куәлік жасап берген.
Сондай-ақ келіншек қайырымды жандардың көмегімен Өзбекстанға барып құжаттарын да реттеп келген. Әжесін де тауып алыпты. Оның ендігі мақсаты азаматтық алу. Енді ол құлдықта өткен өмірін санадан өшіріп, өмірін жаңа парақтан бастауды көздейді. Ал күдіктілердің кінәсі дәлелденсе, 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.