Саясат

ЕАЭО елдерінің премьер-министрлері Қазанда қандай мәселелерді талқылады

© Sputnik / Тимур БатыршинФлаги стран ЕАЭС
Флаги стран ЕАЭС - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.05.2021
Жазылу
ЕАЭО елдері алдағы бес жыл бойы бірлескен ғарыш жүйесін құрумен айналысуды бастайды. Ал қазіргі кезде Қазақстан мен Ресей және Беларусь бұл саланың драйвері болып отыр

НҰР-СҰЛТАН, 1 мамыр – Sputnik. Еуразия экономикалық одақ елдерінің премьер-министрлері, сондай-ақ Өзбекстан, Куба, Молдова, Түркіменстан және Тәжікстан өкілдері Қазанда соңғы екі күн бойы кеңес өткізді. Мемлекеттердің үкімет басшылары сауда, ғарыш саласындағы ынтымақтастық пен бағаны тұрақтандыру мәселелерін талқылады. Үкіметаралық кеңестің басты қорытындылары туралы Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз.

Азық-түлік бағасының қымбаттауымен күрес

Ресей премьер-министрі Михаил Мишустин ЕАЭО елдеріне Одақ аясындағы экспортты реттеу бойынша іс-шараларды үкімет деңгейінде үйлестіруді ұсынды. Мақсат – тұтынушылық бағаның өсуіне жол бермеу. Бірінші кезекте бұл ауыл шаруашылығы мен шикізаттық өнімге қатысты болып отыр.

РҒА ХЭХҚИ Посткеңестік зерттеулер орталығының посткеңестік елдердің экономикалық дамуы секторының меңгерушісі Елена Кузьмина атап өткендей, бағаны ұстап тұру тек ұлттық деңгейде шешіледі. Оның болжамынша, әрбір мемлекет түрлі тауарлардың шекті жоғарғы құнын белгілейді де, осы шектен аспау керек болады.

"Бағаны алып-сатарлық тәртіпте қымбаттату жайында сөз болып отыр. Мұндай жағдайда әкімшілік тыйым салу мен реттеуші нарық механизмдерінің үйлесімі боулы керек. Тауарды жеткізушілер мен бағаны бақылап, өндірушілерден көтерме саудамен айнлысатындарға дейін барлығын тізбектеп қарастыру керек", – деп санайды экономист.

Расында да пандемияға байланысты соңғы жылы ЕАЭО-де азық-түлік бағасы айтарлықтай қымбаттады. Еуразия экономикалық комиссиясының (ЕЭК) мәліметі бойынша, қант – 56,9%-ке, картоп – 33,5%-ке және күнбағыс майы – 29,5%-ке қымбаттаған. Бірақ бағаның шарықтауы азық-түлік тапшылығынан туындамаған. ЕЭК төрағасы Михаил Мясниковичтің айтуынша, ЕАЭО өзін өзі азық-түлікпен толық қамтамасыз ете алатын ұйым.

"Біз азық-түлік теңгеріміне байланысты ауқымды жұмыс жүргіздік. Бағаның қымбаттауы бұқаралық ақпарат құралдарында жиі айтылып жатқандықтан, бидай, ет, қант, сүт өнімдері бойынша бізде ресурс жеткілікті екенін айтқым келеді. Бұл Одақтың ішкі нарығын тұрақты қамтамасыз етуге және артық тауарды экмспортқа шығаруға жетеді", – деді ол.

Бірыңғай ғарыш жүйесі

ЕАЭО елдері алдағы бес жыл бойы бірлескен ғарыш жүйесін құрумен айналысады.

"Бұл ұйымға мүше-мемлекеттердің спутник топтарын біріктіруді, біріккен ғарыш түсірілімдерінің материалдары бойынша бірыңғай мәліметтер банкін құруды, сондай-ақ ақпаратты қабылдау және өңдеуге арналған жердегі кешендерді модернизациялауды қарастырады", – деді Михаил Мишустин.

ЕЭК алқасы төрағасының көмекшісі Ия Малкина бұл жаһандық жоба 2021-2025 жылдары аралығында үш кезең бойынша жүзеге асырылатынын айтты.

"Мемлекеттер алғашқы іс-шараларды іске асыруға кірісіп те кетті. Нәтижесінде төрт-бес жаңа ғарыш аппараты дайындалады деп болжап отырмыз", – деді ол.

Малкинаның айтуынша, жобаға ЕАЭО-ның барлық елі тартылады. Бүгінде Қазақстан, Ресей Федерациясы мен Беларусь ғарыш саласындағы драйвер болып отыр. Алайда енді бағдарламаға Армения мен Қырғызстан да қатыса алады.

Кез келген елдегі кредит

Жыл соңына дейін ЕАЭО мүшелері кредиттік тарихпен алмасу тәртібі туралы келісімге қол қояды.

"Біздің елдеріміздегі азаматтар, заңды тұлғалар "бестіктің" барлық мемлекетінде кредит алу мүмкіндігіне ие болады. Ал банктер қарыз алушы туралы мәліметті тексере алады", – деді Мишустин.

Ресейлік премьер-министрдің айтуынша, Еуразия экономикалық одағы өңірдегі экономикалық тартылыстың орталығына айналуда. Артықшылығы бар сауда келісіміне қол қою туралы 50-ден астам ұсыныстың түсуі ЕАЭО-ға деген қызығушылықтың артқанына дәлел болып отыр.

ЕАЭО-да зиянкестерге орын жоқ

Үкімет басшылары ЕАЭО-дағы фитосанитарлық қауіпсіздікке назар аударды. Олар қызанақ жемісінің қоңырқай қатпарлылығы, пепино мозаикасы мен қызанақтың дақты шіруі сынды үш аурудың Одақ аумағына кіруіне және таралуына жол бермеу туралы келісті.

"Бұл өзекті мәселе және сарапшылар мен ғылыми қауымдастық деңгейінде терең талқылауды қажет етеді. Осы вирустың ұрықта, көшетте және жемісте бар болуын бақылаумен байланысты бірлескен шаралар қабылдау қажет", – деді Малкина.

Сонымен қатар, үкіметаралық кеңес ЕЭК пен мүше елдерге Одақтың карантин нысандарының бірыңғай тізімінде жоқ жаңа зиянкес ағзаларды анықтау бойынша жедел әрекет ету тәртібін пысықтауды тапсырды.

COVID-сіз саяхат

Михаил Мишустиннің пікірінше, "COVID-сіз саяхатта" қосымшасын дамыту қауіпсіз жолаушылар тасымалын жылдамырақ қайта жаңғыртуға мүмкіндік береді.

"Коронавируспен күрес шаралары күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі болып қала береді. Оның үстіне Еуропаның бірқатар елінде коронавирустың үшінші толқыны күннен-күнге өршіп жатыр. Сертификатталған зертханаларда тапсырылған коронавирусты анықтау тестінің нәтижелері жүктелетін "COVID-сіз саяхатта" атты қолайлы әрі сенімді қосымша құрылды. Қазір жобаға Армения, Беларусь, Қырғызстан мен Ресей қатысып отыр. Жақын уақытта Қазақстан да қосылады деп үміттенеміз", – деді Мишустин.

Оқи отырыңыз: ЕАЭО елдері өзара есеп айырысуда доллардан бас тартуы керек - ЕЭК министрі

Еуразия экономикалық одағының (ЕАЭО) үкіметаралық кеңесінің келесі отырысы 19-20 тамызда Қырғызстанда өтеді. Шолпан-Ата қаласы кездесу орны ретінде бекітілді. Іс-шараның күн тәртібі пысықталып жатыр.

Жаңалықтар
0