НҰР-СҰЛТАН, 28 сәуір – Sputnik. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров РИА Новостиге берген сұхбатында Ресеймен достық қатынас орнатпаған мемлекеттер тізіміне қай ел кіретіні және бұл құжат қашан дайын болатыны туралы айтып, Донбасс айналасындағы жағдайға тоқталды. Ол сондай-ақ Петров пен Башировке қатысты айыптаулар жайында пікір білдіріп, коронавирусқа қарсы ресейлік вакцинаның таралу қарқыны жөнінде мәлімет берді.
Тізімге кім кіреді
- Сергей Викторович, Ресеймен достық қарым-қатынас орнатпаған мемлекеттер тізіміне нақты қай ел кіретінін айта аласыз ба?
- Президент тапсырмасы бойынша қазір мұнымен үкімет айналысып жатыр. Ол жұмысқа бірқатар ведомство қатысып отыр. Алайда Ресей туралы қандай да бір пікір білдірген елдің барлығын бұл тізімге енгіземіз деген қате ой болмасын. Біздің шешімдеріміз тереңдетілген анализге негізделеді. Алайда болашақта ол тізімге енген мемлекетпен қарым-қатынасымыздың өрбуіне қарай тізім қайта қарастырылады.
- Ол тізіммен қашан танысуға болады?
- Жақында. Үкіметтің нақты тапсырмалары бар. Аз ғана уақыт күту керек.
- Рақмет! Тағы бір мәселе – Донбасс. Мұндағы шиеленіс жыл басынан бері өршіп тұр. Оқ ату тоқтар емес, ірі калибрлі қарулар қолданылып жатыр. Бұл өңірде тура соғыс жүріп жатқандай көрінеді. Донбаста жарты миллионға жуық Ресей азаматы бар. Айтыңызшы, соғыс бола ма?
- Егер барлығы бізге және жасаққа байланысты болса, олардың түпкілікті әдістерін түсіне алсақ, жағдайды соғысқа дейін жеткізбеуге болады. Зеленский үшін қазір ең басты мәселе – қалай болғанда да билік тізгінін ұстап қалу. Ол үшін Зеленский Донбасс жасағын террористер деп айтып жүрген неонацистер мен ультрарадикалдардың дегеніне көнуге дайын. Алайда 2014 жылдың ақпанынан бергі оқиғаларды жақсылап көрсе, ол аудандардан ешкім Украинаның басқа аумағына шабуыл жасамағанын түсінеді. Жасақтың көздегені терроризм емес. Біз оған сенімдіміз. Мен батыстағыларға сол аймақта тынымсыз еңбек етіп жатқан әскери тілшілер шынайы картинаны көрсетіп жатқанын айттым.
- Ия, окоптарда.
- Окоптарда. Олар осы аймақтағы, экономикалық блокадамен Украинадан тыс қалған өңірдегі тұрғындар қалай тіршілік етіп жатқаны, балалар және бейбіт тұрғындар көз жұмып жатқаны, азаматтық инфрақұрылымның қирап жатқаны туралы тұрақты репортаж жасап жүр. Батыстағы әріптестерімнен не себепті олар өз БАҚ-тарын сол аймақтағы ахуалды ашық көрсетуге насихаттамайтынын сұрадым. Екі жыл бұрын ЕҚЫҰ біздің талап етуімізден кейін әскери жасақ пен Киев басқарып отырған аймақта қанша бейбіт тұрғын көз жұмып, қанша нысан қиратылғаны туралы баяндаманы жариялады. Ол құжаттағы статистика Киев көп жағдайда азаматтық нысандарға соққы жасағанын, ал жасақ әскер оқ атылған нүктелерге ғана шабуылдағанын көрсетті. Біз мұндай баяндаманы жүйелі түрде әзірлеуге тырысып жатырмыз.
Егер соңғы жағдайларға келсек, Ресей Федерациясы Оңтүстік және Батыс әскери округтерде оқу-жаттығулар өткізетінін ашық жарияласа да, Украина шекарасына әскер орналастырып жатыр деген шу шықты. Біз оқу-жаттығулар аяқталғанын мәлімдегенімізде, Ресей кері шегінуге мәжбүр болды деген іспеттес ақпарат тарады.
Біз "жетілікке" қайта оралмайтынымызды бірнеше рет мәлімдедік. Алайда олар бас қосқан сайын "Біз Ресейді қайтадан "жетілікке" шақырмаймыз" дейді. Бұл "сегіздік" енді болмайды. Ол – тарих, өткен күннің оқиғасы.
Донбастағы ахуал мен бейбітшілік
Украинадағы жағдайды реттеу мәселесін Путин мен Меркель де талқылады. Күні кеше Путин бұл тақырып төңірегінде Макронмен бірге тағы сөйлесті. Байденмен де талқыланғаны белгілі. Менің ойымша бәрі оп-оңай. Зеленский мен оның командасына қолдау көрсетіп отырғандар оның Минск келісімін орындағанын қаламайды. Алайда Путин Донбастағыларды, неонацистік режимге қарсы тұрып жатқандарды ешқашан жалғыз қалдырмайтынымызды мәлімдеді.
Ресей неге Донбасты мойындамайды
- Көп адам неге Ресей Донбасты мойындамайтынын, алайда Абхазия мен Оңтүстік Осетияны мойындағанын түсіне алмайды. Себебі неде?
- Донбасс төңірегіндегі жағдай мүлде басқа болатын. Норманд форматындағы көшбасшылар – президент Олланд, канцлер Меркель, президент Порошенко, президент Путин қатысқан Минсктегі 17 сағатқа созылған келіссөздер нәтиже берді. Екі күннен кейін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі құжатты мақұлдады. Сондықтан қазір халықаралық құқықтық ақиқат біздің және жасақ әскер жағында.
- Зеленский Путинге хабарласа алмай жүр ме? Кулеба сізбен байланыса алмай жүрген көрінеді.
- Олар осы бағыт бойынша Минск келісімінің мәнін өзгертіп, Ресейді әскери қақтығыс болған тарап ретінде ұсынғылары келіп отыр. Себебі менің әріптесім Дмитрий Кулебадан және президент Зеленскийден келіп үскен сауалдар Донбастағы жағдайды реттеуге байланысты болды. Біз "бұл мәселені бізбен емес, Минск келісімінде көзделген талаптарға сәйкес Донецк және Луганскпен талқылау қажет" екенін айттық. Егер біздің украиналық әріптестеріміз бен президент Зеленский екі ел қарым-қатынасын қалыпқа келтіру мәселесін талқылағылары келсе, онда біз әрдайым ашықпыз.
- Тағы бір мәселе – Чехия. Оған не болды?
- Мен мұны талқылай алмаймын. Себебі олардың нені көздегенін түсіне алмаймын. Бұл бір шым-шытырық телехикаяға ұқсайды. Президент Земан шетелдік агенттердің диверсиясы болуы мүмкін екенін жоққа шығармай, қазіргі премьер Бабиш 2014 жылы ұсынған "қойма иелері салғыртығының салдарынан" болуы ықтимал нұсқаны да қарастыруды ұсынды. Ал енді Земанды Отанын сатты деп айыптап отыр. Парламент төрағасы барлық нұсқаны жіті қарастыруды ұсыну арқылы президент Земан мемлекеттік құпияның бетін ашты деп мәлімдеді. Бұл қалай сонда? Жалпы ол қару-жарақ қоймасында не болғанын әлі де анықтау керек. Неміс БАҚ жаяу әскерге қарсы миналар болғанын жазды. Ол мұндай қару сақтау Чехия мен Болгария да қол қойған конвенциямен тыйым салынған.
- Чехия ресейлік 18 дипломаттың ел аумағынан кетуін талап етті. Мұндай әрекетке не себеп?
- Чехтар қойма жарылысы мен дипломаттарды елден шығару жөніндегі хабарландыруды бір күнде жария етті. Алайда артынша жарылысқа Петров пен Баширов кінәлі, ал дипломаттарды елден қууға олардың барлаушы қызметінде болуы себеп екенін айтты. Әрине ол 18 дипломаттың заңға қайшы қызметін растайтын ешқандай дәйек жоқ.
- Жақында Қытайда сіз SWIFT халықаралық төлем жүйесінің баламасын іздеу қажет екенін, Ресей осыған дайын болуы керек екенін айттыңыз. Ол нақты қандай балама және оның дайындалу мерзімі шамамен қай уақыт екені белгілі ме?
- Ресейдің заңды мүдделеріне қысым көрсеткісі келетіндер SWIFT жүйесінен Ресей Федерациясын ажыратуды бұрын да айтты, қазір де айтып келеді. Сол уақытта АҚШ әлем елдерінің долларға тәуелділігін өз пайдасына жаратып, бәсекелестікті тізгіндеп отыруға тырысты. Сондықтан бүгінде Қытай, Ресей, Түркия және басқа да еллдер долларға тәуелділіктен айырылуға әрекет жасап жатыр. Ең дұрысы – ұлттық валютада есеп айырысуды енгізу керек. Осы тұрғыда біздің мемлекет те SWIFT жүйесінен Ресейді ажыратуға бел буып, нақты шара қабылданса, экономикаға үлкен зиян келтірмеудің жолдарын қарастырып жатыр. Жалпы Ресейде төлем карталарының ұлттық жүйесі бірнеше жылдан бері жұмыс істеп тұр.
- Сіз қытай әріптесіңіз Ван Имен бірігіп заңсыз санкциялардан зардап шеккен елдердің біріккен іс-шараларын ұйымдастыруды қолға алдыңыз. Бұл жоба қазір қандай деңгейде?
- Мен бұлай демес едім. Біз БҰҰ-да біржақты санкциялар, эмбарго, оқшаулау сынды заңсыз әрекеттерді тоқтату бойынша жұмыстарды бұрыннан жүргізіп келеміз. Америка Кубаға жариялаған эмбаргоға қатысты жұмыс та бірнеше онжылдықтан бері жалғасып келеді. Жыл сайын бұл резолюция 190-нан астам дауыс жинайды. Алайда біржақты санкиялар Обама, Трамп кезінде белең алып, қазір Байден билігінде де жалғасып жатқандықтан, БҰҰ-дағы көп мемлекет тобы біржақты заңсыз санкциялар және оның азаматтық қоғамға әсері туралы баяндама жасайтын қызмет құруды ұсынды. Ол қызметке Беларусь азаматы тағайындалды. БҰҰ Бас ассамблеясы құрған бұл институт, механизм сәтті жұмыс жүргізіп жатыр. Баяндамалар да таратылуда. Менің ойымша бұл өте пайдалы әрекет.
- Америкалықтар ресейлік "Спутник V" вакцинасынан бас тартуы үшін Бразилияға ықпал етуге тырысып жатқандарын мойындады. Бразилияда коронавирусқа қатысты жағдай ушығып тұрғанына қарамастан ел билігі ресейлік препараттан бас тартуға мәжбүр. Мұны қалай түсінуге болады?
- Мен бұған таңғалмаймын. Америкалықтар осы ісі үшін ұялмайды. Жасырып та отырған жоқ. Бразилияда қазір бас тартуға қатысты наразылық туындап жатыр. Егер америкалықтар осы істің артында өздері тұрғанын ашық мойындаса, онда оларға кез келген заңсыз әрекетке рұқсат бар деп ойлағандары. Еш қымсынбастан бұйыруға құқылымыз деп ойлап отыр.
Бірақ еске түсірейікші, жақында ғана президент Макрон жаңа соғыс басталғанын және ол соғыста Ресей мен Қытай вакцинаны қару ретінде қолданатанын мәлімдеді. Мұның барлығы қазір ұмытыла бастады. Қазір тіпті Германия, канцлер Меркель ресейлік вакцинаны қолдану ықтималдылығы туралы айтып жатыр. Біз ешкімді мәжбүрлемейміз. Уақыт барлығын өзі реттейді деп ойлаймын. Высоцкий айтқандай, мен де адамдардың бойынан тек жақсы қасиеттерді көруге тырысамын. Себебі жаман тұстарын олар өздері-ақ көрсетеді.
- Сұхбатыңызға рақмет!