НҰР-СҰЛТАН, 28 сәуір – Sputnik. Нұр-Сұлтанда тағы бір көпір асты кеңістігі абаттандырылады, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
"Қабанбай батыр даңғылында Есіл өзенінің жағалауындағы көпірдің астында (Самал шағын ауданы жағынан) көлеңкелі қалқалар, балалар алаңы, демалуға арналған аймақ, қойылымдар/концерттер мен шығармашылық эксперименттерге арналған импровизацияланған сахна, тамақтану орындарын ашу жоспарланып отыр.
"Өткен жылы елордада алғаш рет көпірлер астындағы орындар абаттандырылды. Бұл орындар жұртшылықты бірден өзіне баурап алды. Міне, биыл бұл жобамызды кеңейту туралы шешім қабылданды. Енді тағы бір көпірдің астында серуендеуге арналған орын ашылады. Осылайша бір кездері бос жатқан аумақ тағы бір қоғамдық орынға айналады", - дейді Нұр-Сұлтан қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ұранхаев.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы қалада екі көпір асты кеңістігі ашылған болатын. Олардың бірі — Сарайшық көпірінің астында. Бұл аумақ түрлі спортқа бөлініп, көше тренажерлері, әткеншектер, workout аймағы және т.б. орнатылды.
Екіншісі — Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы көпірдің астында орналасқан. Онда стритбол алаңы, үстел теннисіне арналған аумақ және workout-аймақ орналасқан. Сондай-ақ, жастардың өтініші бойынша скейт-аймақ ашылды.
Жаңа қоғамдық кеңістікті ашудың негізгі идеясы — спортпен айналысу үшін қолайлы атмосфера құру. Басымдық — бұқаралық спортты дамыту.
Бұл көпірдің асты танымал отандық және шетелдік спортшылардың суреттерімен безендірілген. Мысалы, баскетболшы Әлжан Жармұхамедов, кәсіби теннисші Зарина Дияс, қазақстандық боксшы Геннадий Головкин, баскетболшылар Джеймс Леброн, Коби Брайант және т.б.