НҰР-СҰЛТАН, 28 сәуір – Sputnik. Мәжіліс депутаты, "Ақ жол" партиясының мүшесі Азат Сембинов қазақ-қытай шекарасындағы кептеліс проблемасын қозғады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ол 2008 жылы Батыс Еуропа – Батыс Қытай көлік дәлізінің құрылысы басталғанын еске салды.
"Жобаны жүзеге асыруға Қазақстан халықаралық ұйымдардан 5,5 миллиард доллар тартты, қазір оны пайызбен қайтарып жатырмыз. Алайда өкілетті органдардың жайбасарлығынан салынған дәліздің де, оның қаржылық қайтарымын да көріп отырған жоқпыз. Қазақ-қытай шекарасындағы "Нұр жолы" халықаралық пунктінде жүздеген автокөлік бір жылға жуық уақыт кептелісте тұр", – деді Сембинов сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановқа жолдаған депутаттық сауалында.
Айтуынша, "Ақ жол" былтырдан бері үкіметке осы мәселеге қатысты бірнеше рет жүгінген, алайда мәселе сол күйі шешімін таппады.
Сондай-ақ ол Еуразиялық экономикалық одақтың құрылғанына қарамастан, Қазақстан мен Ресей шекарасында да ара-тұра кептеліс болатынын атап өтті.
"Кәсіпкерлер қазақ-ресей шекарасындағы "Сырым" өткізу бекетінде үш жүзден аса жүк көлігі бірнеше күннен бері тоқтап тұрғанын айтып шағымданды. Кептеліске Ресей тарапынан өткізу талаптарының біржақты қатаңдатылуы себеп болған", – деді мәжілісмен.
Осы ретте депутат ЕАЭО аясында тауар, қызметтер мен капитал қозғалысының еркіндігі қамтамасыз етілуге тиіс екенін еске салды.
Оқи отырыңыз: Қытаймен шекарадағы өткізу бекеттері мамырда бірнеше күнге жабылады
Айтуынша, одақ ішінде шекаралық бақылаудың күшеюі тауарлардың еркін қозғалысына кедергі келтіріп, бизнесті шығынға ұшыратады және бірыңғай экономикалық кеңістік принциптеріне сай келмейді.
Осыған байланысты "Ақ жол" фракциясы ресейлік серіктестермен осы мәселені пысықтап, кәсіпкерлердің құқығын қорғауды талап етті.