НҰР-СҰЛТАН, 28 сәуір – Sputnik. Депутат елдің жерін алып қойды. Түркістанда облыстық мәслихаттың депутаты мың гектардан астам жайылым жерді қоршап алған. Бәйдібек ауданындағы ат шаптырым алқапты Ерлан Нұрмаханов айналдыра қазып тастапты. Соның салдарынан тұрғындардың төрт түлігі арыққа құлап мертігіп жатыр, деп хабарлайды КТК арнасы.
Ата-бабасынан келе жатқан жайылым жер депутаттың жекесіне айналған соң, мұндағы жұрттың өрісі тарылған. Аудандық шенеуніктер халық қалаулысының сөзін сөйлейді дейді жүргілікті тұрғындар.
Бәйдібек ауданындағы Жолғабас пен Кеңес ауылы төрт түлігін қуықтай жерге жайып жүр. Себебі, ауылдың айналасындағы жайылымға кіру мүмкін емес. Атам заманнан үйір жылқы мен отар-отар қой жайылған жердің екі жылдан бері айналасы қазылып терең ор болып жатыр.
"Азғана ауылды менсінбегені ме? Байлар келіп, бар жерімізді қоршап алып жатыр. Біз малды қайда жаямыз? Бар күнкөрісіміз – мал. Шөпті сатып алу керек. Мыналар өз шөбімізді өзімізге сатады. Не істеуіміз керек? Ауылда отырып шөп сатып алсақ, онда малды не үшін асырап отырмыз", – дейді Бәйдібек ауданының тұрғыны Сәрсенбек Арыстанов.
Тереңдігі мен ені бір жарым метрлік арықтың қанша шақырымға созылып жатқанын ешкім айта алмайды. Бұл орға түсіп шыға алмай қырылған ірі қараның өзі оннан асады екен. Қой мен ешкі тіпті көп. Арықты бойлай жүрсеңіз, әр жерде ор түбінде теңкиіп жатқан өлексені көресіз. Мәселен, біздің көзімізше екі үш ешкі арыққа түсіп кетті. Абырой болғанда жақын маңда жүрген иесі көріп қалып, төлдерін шығарып үлгерді.
Ұшы-қиыры көрінбейтін арықтың қазір суы қайта тартылған. Ал жаңбыр жауып, қар ерігенде су арықтың бетіне дейін шығады. Ондай кезде тұрғындар мал түгілі, адамын уайымдайды. Себебі, ауылда кішкене балалар осы арықтың бойында ойнайды.
Ауыл тұрғындары жайылым жер қалмағанын да, арықтың қауіпті екенін де аудандық әкімдіктен бастап, ор қазған облыс депутаты Ерлан Нұрмахановқа да талай айтыпты. "Бірақ депутат менсінбейді, ал әкімдік тыңдамайды" дейді жиналғандар.
"Ерлан Нұрмаханов облыстық мәслихат депутаты. Сол кісі алған мына жерді. Бұл елдің мал жаятын жері. Біреуі қазір малын шығара алмай қалды. Депутат ауыл тұрғындарын тыңдамайды. Мына ауылмен санаспайды", – дейді Бәйдібек ауданының тұрғыны Әліби Ақжанбаев.
Тұрғындар облыстық мәслихат депутатын бүгін де шақырған. Бірақ халық қалаулысы "Мысырда демалып жатырмын" деп сәлемдеме айтып жіберіпті. Есесіне ауылға келген аудандық атқамінерлер депутататтың жалға алған 1 066 гектар жерінің 350 гектарына бидай егіліп жатқанын жеткізді. Бірақ екі жылдан бері қазылып жатқан орды күні кеше ғана көрдік деп айды аспаннан бір-ақ шығарды.
"Жер қатынастары жөніндегі инспектор бар. Ауыл әкімімен бірлесіп анықтайды. Жердің мақсатсыз пайдаланып жатқан болатын болса, аудандық сот арқылы талап-арыз беріліп, аудан әкімдігінің жер қойнауына жерді кері қайтарады", – дейді Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары Берік Тұрлыбеков.
Оқи отырыңыз: Вице-премьер Тоғжанов 10 сотық жер беру мәселесін түсіндірді
1 066 гектардың 350 гектарына ғана егін егіліп жатқанын айтқан басшы қалған жердің қаншалықты мақсатты пайдаланып жатқанын анықтамақшы. Айтпақшы, әкімдердің артынан депутаттың інісі де жетті. Ол жерді қазып тастағаны үшін айыппұл төлеуге әзір екен. Тіпті, көп ұзамай арықты қайта көмуге уәде берді.