НҰР-СҰЛТАН, 27 сәуір — Sputnik. Қарағанды облысының Теміртау қаласында контейнер өртеніп, алты миллион теңгенің мүлкі жанып кетті, деп хабарлады Polisia.kz.
24 сәуірде Теміртау қаласының ПБ-на контейнер өртенгені туралы хабарлама келіп түсті. Онда құрылыс және химиялық материалдар болған.
Оқиға болған жерде бейнебақылау камерасы арқылы анықтау жұмыстары жүргізілді. Бейнежазбада белгісіз біреу контейнердің жанына орнатылған қоқыс жәшігін өртегені анықталды. Жалынның ұшқындары құрғақ шөпті тұтатып, көп ұзамай от контейнерге жеткен.
Криминалдық полиция қызметкерлері 28 жастағы ер адамды ұстады, ол кінәсін мойындады.
Қазақстан Қылмыстық кодексінің 204-бабы (Бөтеннің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.