НҰР-СҰЛТАН, 27 сәуір – Sputnik. Алматының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары вирус жұқтырған пациенттерден алынған сынамаларды зерттейді. Бұл туралы қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді.
Бұған дейінгі зерттеудің қорытындысы бойынша алматылық науқастардан алынған сынамалардың 78%-інен "британдық" штамм табылды. Сондай-ақ коронавирустың "бразилиялық" және "оңтүстікафрикалық" штаммдары анықталды, деді Бекшин.
"Келесі аптадан бастап біз вирустың мутацияланған түрлерін анықтау үшін 1 000 сынаманы зерттеуді жоспарлап отырмыз. Мутацияға ұшырағандардың арасынан "британдық", "даниялық", "бразилиялық" және "оңтүстікафрикалық" штаммдарды анықтаймыз. Коронавирустың жаңа штаммдары адамға тез жұғады. Олардың инкубациялық кезеңі де қысқа", - деді ол.
Алматының бас санитар дәрігері мутациялар, негізінен, жас буынға "бағытталғанын" атап өтті.
Тағы оқыңыз: Алматыда зират он күнге жабылады
"Өздеріңізге белгілі, наурызда симптомды аурулар саны 90%-ке артты, ал қаңтарда олар барлық науқастың 73%-ін құраған еді. Коронавирусты 20-39 жастағы адамдар жиі жұқтырады – 36%. Сондай-ақ бір жасқа дейінгі балалар арасында ауруға шалдығу 2%-ке, 6 жастан асқандар арасында 22,5%-ке өсті. Мектеп оқушылары жиі ауыра бастады – 8%. Үйде онлайн оқып жатқан балалар ауырып жатыр", - деді Бекшин.
Адамдар вирусты, негізінен, үйде және сауда орындарында жұқтырады.