НҰР-СҰЛТАН, 27 сәуір — Sputnik. Қазір Алматыда коронавирус жұқтыруға қатысты жағдай ушығып тұр, деп мәлімдеді Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин.
Оның айтуынша, 2020 жылдың наурызымен салыстырғанда 2021 жылы ауру жұқтырғандар саны күрт 1,8 есеге артты.
"Жыл басынан 26 сәуірге дейін қалада коронавирус жұқтырудың 33 230 фактісі тіркелді. Өткен жылы барлығы 18,5 мың болатын. Яғни бұл көрсеткіш биыл 1,8 есеге артып отыр. Соңғы тәулік ішінде 689 адамнан коронавирус табылды. Яғни, Алматыдағы жағдай пессимистік сценарий бойынша өршіп тұр", - деді Бекшин брифингте.
Бас санитар дәрігер коронавирус жұқтыру бойынша бұған дейін барлығы 14,5 мың жағдай тіркеледі деген болжам болғанын айтты. Енді сәуірдің үш аптасында 13 697 адамның ағзасынан коронавирус анықталған.
"Яғни біз дайындаған болжам дөп келіп тұр", - деп қорытты ол.
Оқи отырыңыз: Алматылықтар өзі қалаған вакцинаны салдыра ала ма – Сағынтаев жауап берді
Еске салсақ, қазір Алматы "қызыл" аймақта тұр. 26 сәуірде 689 адамнан коронавирус анықталды, оның ішінде 591 – ауру симптомы бар, 98 – симптомсыз. 579 адам аураханадан шығарылды және тағы 355 науқас медициналық мекемеге түсті.
Сондай-ақ ол мамыр айында мерекелерге байланысты ауру жұқтырғандар саны артуы мүмкін екенін, ал айдың ортасынан бұл көрсеткіш төмендейтінін айтты.
"Жағдайды болжау бойынша топ құрдық. Ол оң сипаттағы болжамдар ұсынып отыр. Алматыда локдаун енгізетіндей жағдай ушыға қоймайды", - деп атап өтті Жандарбек Бекшин.