НҰР-СҰЛТАН, 26 сәуір — Sputnik. "Бұқар жырау тауэрс" тұрғын үй кешенінің тұрғындары Sputnik Қазақстан тілшісіне 17-ші қабаттан секіріп өлген ер адамның мұндай әрекетке баруына не түрткі болғаны жайлы әңгімелеп берді.
Көз жұмған ер адамның көршілері даудың басы дивандардан шыққанын айтты. Ол жиһазды ғимараттың бірінші қабатындағы дәлізге қойып қойған. Олардың айтуына қарағанда ер адам бірнеше ай бұрын белгісіз себептермен дивандарды өрт кезіндегі эвакуациялау есігінің алдына қалдырған.
"Бұл дивандар 2020 жылдың қыркүйегінен бері сол жерде тұрды. Ол жиһазды ешқайда жылжытқан жоқ, алып та кетпеді. Дивандар өрт кезінде шығатын есікті, жалпы жолды жауып тұрды. Қатты ыңғайсыз болатын. Біз пәтер иелерінің кооперативіне бірнеше рет шағымдандық. Содан кейін бір апта бұрын кооператив қызметкерлері келіп, дивандарды далаға шығарып тастады. Ал өткен аптада қар мен жаңбыр жауды. Нәтижесінде жиһаз зақымдалды. Сенбі күні бұл оның ашуын келтіріп, күзетшіге оқ атты", - дейді аталған үйдің тұрғыны Татьяна Молдашева.
Тұрғындар ер адамды кез келген түсініксіз жағдайда алдында тұрған адамның бетіне түкіруге дайын ашушаң адам ретінде сипаттайды.
Кейбірінің айтуынша, ол 10 жыл бойы жалғыз тұрмаған. Оның әйелі және төрт баласы болған. Алайда бірнеше жыл бұрын олар бұл үйден кетіп қалған көрінеді.
"3-4 жылдан бері жалғыз тұрып келді. Бұрын отбасы бар болатын. Бірақ әйелін ұрып-соғып, дұға жасауға кедергі жасайды деп балаларын түн ауғанша далаға қуып шығатын. Басымен дінге кірген адам еді. Әйелі мен балаларын туыстары келіп алып кетті. Себебі соңғы рет ұрғанда әйелінің тісін сындырды", - деді Татьяна.
Әлеуметтік желі пайдаланушылары кешен тұрғындары неге полиция шағымданбағанына таңданыс білдірді.
"Біз неге бұрыннан бері арызданбағанбыз деп жазып жатыр. Неге біз шағымдану керекпіз? Біз тұрғын үйге қатысты шығындарды төлеп тұрамыз. Оның ішіне күзет те кіреді. Біртүрлі плакаттардың ілініп тұрғаны жайлы айттық та. Бұл адамға мүмкін көмек қажет шығар деп пәтер иелерінің кооперативіне ескерттік. Көңіл бөлген жоқ. Біз қауіпсіз әрі күзетілетін тұрғын үй кешенінде тұрғымыз келеді. Дивандар жайын айтсам, олар кіреберіске шығарылды. Себебі кедергі келтіріп тұратын. Алайда өз беттерінше әрекет етіп, далаға шығара салмай, ол азаматқа ескерту керек еді", - дейді Айжан Мұхаммедиева.
Барлық көрші дәл осы дивандар даудың басы болғанына сенімді. Кейбір тұрғындардың айтуынша, атылған оқ дыбыстары бұған дейін де болған. Пәтер иелерінің кооперативі төрағасына бұл жай ескертілгенмен, ешбір шара қолданылмаған.
"Біз оған жиһазды алып тастау туралы айттық. Себебі бірнеше ай бойы жүріп-тұруға қолайсыздық тудырып келді. Ол маған дивандарды алып тастауға уәде берді. Уақыт өтіп жатты, жиһаз тұрған орнында тұра берді. Сосын мен пәтер иелерінің кооперативіне шағымдандым. Жұмысшылар келді де, дивандарды далаға шығарып тастады. Ол осыған қатты ашуланды. Менің білуімшше, ол ескі жиһазды қалпына келтірумен айналысып, осы кәсіппен табыс тауып отырды", - дейді Нуриля есімді тағы бір тұрғын.
Жергілікті пәтер иелері кооперативінің өкілі Әлібек Нұрғали Sputnik Қазақстан тілшісіне осы жағдайға байланысты пікірімен бөлісті. Сұқбат барысында ол оқ атқан ер адамның есімі Руслан екенін айтты.
"Алдымен оған мінездеме берер болсам, ол психологиялық тұрғыдан тұрақсыз, қызба адам болатын. Оның үстінен көп тұрғын шағымданатын. Ол да балалар мен тұрғындарға арызданатын. Бізбен әңгімелесуге құлқы жоқ еді. Бізден жасырынып, әңгімеден басын ала қашатын", - дейді Әлібек Нұрғали.
Пәтер иелерінің кооперативі өкілінің айтуынша, ол пәтер ер адамның өзінікі емес. Жылжымайтын мүлік иелері әзірше байланысқа шықпаған.
"Бірақ пәтер иелері – оның әйелінің туыстары деген ақпарат бар. Қазір олар осы жаққа келе жатыр екен", - деді Нұрғали.
Оның айтуынша, марқұм үнемі спорт алаңындағы балаларды қуып, олардың ойнауына мұрша бермеген. Осы әрекеті үшін тұрғындар да жиі шағымданған.
"Диванға қатысты да шағым көп болды. Біз диванды сыртқа шығаратынымыз жайлы оған ескерттік. Ол кезде оның тарапынан қандай да бір наразылық болған жоқ. Бұған дейін оқ атылғаны өтірік. Егер расында да оқ атылса, күзет пен консьерж шара қолданар еді. Ия, плакаттар ілінетін. Тұрғындар суреттерін жіберетін. Мен оны күзетшіге жолдайтынмын. Бірақ ол мән-жайды анықтауға барған күзетшіге есік ашпайтын. Менің білуімше, оның басқарушы компаниямен арасында да кикілжің болған. Бұл басқа басқарушы компанияның кезінде болған оқиға", - деп айтып берді Әлібек Нұрғали.
Оқи отырыңыз: "Мені қауіпті жермен өткізіпті": Алматы тұрғыны полицияның жұмысын сынға алды
Оның айтуынша, пәтер иелерінің кооперативі қауіпсіздікті арттыруы үшін тұрғындар қызмет ақысына қатысты қомақты қарызды өтеулері керек.
"Бүгінде тұрғындар мүлік иелерінің бірлестігін құрды. Қазір қабылдау-тапсыру процесі жүріп жатыр. Барлық мәселе сот процесіне тіреліп тұр: тұрғындар қарызы шамамен 40 миллионға жуықтайды. Шағымданып отырған да осы қарызы бар тұрғындар. Олар екі жылдан бері тиісті төлем жасамай келеді. Осы қарыз өтелсе, біз лифтілерге камера орнатып, күзетті де күшейтер едік, периметр бойынша көбірек камера қояр едік. Қарыз көп болғандықтан, мүмкіндік те жоқ", - деді Нұрғали.
Ал тұрғындар пәтер иелері кооперативінің төрағасы осындай қайғылы жағдайдың болуына жол бергені үшін жауап беретініне сенімді.
"Олар тұрғындармен етене байланысып жұмыс жүргізулері керек. Бар ойы ақшада, бұл ұйым кетсін. Марқұмға жолығып, дұрыстап сөйлесуге болар еді. Ал олар болса дивандарды қар мен жауын астына қалдырып қойды", - дейді "Бұқар Жырау Тауэрс" тұрғындары.
Еске салсақ, "Бұқар жырау" тұрғын үй кешені №3 блоктың Валентина есімді консьержі бірнеше күн бұрын атыс ашқан ер адам туралы айтып берді.
Оқ атқан ер адам жайлы не білеміз
Алматы полициясы тұрғын үйде оқ атқан ер адам 1963 жылы туған және Ресей азаматы екенін хабарлады. Кейбір деректер бойынша, ол пәтер жалдап тұрған. Сондай-ақ полиция департаментінің баспасөз қызметі біраз уақыт бұрын оның әйелі мен бала-шағасы одан кетіп қалғанын мәлімдеді. Ер адамның мұндай қылмыстық әрекетке баруының себебі әзірше белгісіз.
Тұрғындардың айтуынша ер адамның күзетшімен дауласуына далаға шығарылған дивандар себепші болған. Көршілері оның ашушаң болғанын және дөрекілігі үшін оны үй тұрғындарының чатынан шығарып тастағанын айтып берді.