Оқиға

"Сөзбен жеткізе алмай отырмын": атыс болған үйдің тұрғыны көршісі жайлы айтты

© Sputnik / Тимур БатыршинПулевое отверстие в стекле на месте стрельбы в ЖК "Бухар Жырау"
Пулевое отверстие в стекле на месте стрельбы в ЖК Бухар Жырау - Sputnik Қазақстан, 1920, 25.04.2021
Жазылу
"Бұқар Жырау Тауэрс" тұрғын үй кешенінің тұрғыны жергілікті пәтер иелері кооперативінің жұмысын сынға алды: тұрғындар көршісінің ерсі әрекетіне әлдеқашан шағымданған болып шықты

АЛМАТЫ, 25 сәуір – Sputnik. Алматыдағы "Бұқар Жырау Тауэрс" тұрғын үй кешенінің тұрғыны Айжан Мұхамедиева Instagram парақшасында пәтер иелері кооперативінің жұмысына шағымданды.

Ол кешегі оқиға кезінде қаншалықты қорыққанын сипаттауға сөз таппағанын жазды.

"Оқиға болған жерге жақын маңда тұрғандықтан жағдайды естіп қана қоймай, оның терезені ашып, оқ атқанын көрдік", - деп жазды әйел.

Оның айтуынша, тұрғындар көршінің қисынсыз сөздер жазылған плакаттар іліп, ауаға оқ атқаны жайлы пәтер иелері кооперативіне бірнеше рет айтқан.

"Біздің пәтер иелері кооперативі бұған қалай жол берді? Тұрғындар оның плакат іліп, бұған дейін де оқ атқанын, тұрғындардың чатында сандырақтайтынын бірнеше рет айтқан кезде неге әрекет етпеді? Жағдайдың ушығып жатқанын көре тұра ПИК басшылығы жағдайды елемеді, ең соңында адамды өзін өлтіруге жеткізді", - дейді әйел.

Сонымен қатар әйел пәтер иелері кооперативі басшылығы ер адамды дөрекілік танытқаны үшін тұрғындар чатынан шығарып жібергенін, кешегі жағдай кезінде де тұрғындарды сабырға шақыратын екі ауыз сөз жазбағанына ашуланды.

Айта кетейік, 24 сәуірде Алматыда көпқабатты үйлердің бірінде ер адам сол маңдағы күзетшінің аяғына оқ атты. Содан кейін 17-қабаттағы пәтеріне жасырынып, полициямен келіссөзге келмеді. Ал тұрғындар күзетші мен ер адам арасындағы тұрмыстық жанжалға жарты жыл бойы кешеннің кіреберісінде тұрған диван себеп болған деген болжам айтты.

"Жарты жылдан бері кіреберісте дивандар тұрды. Пәтер иелерінің кооперативі шаршаған болу керек, оларды көшеге шығарды. Оқ атқан адам шығып, соған жынданған. Күзетшіге барып, "рацияңды бер, бастығыңмен сөйлесемін, неге олай істегенін сұраймын" деген. Ал күзетші рацияны беруге құқығы жоқ екенін айтқан. Ал ол күзетшінің аяғына оқ атқан", - деген еді тұрғын.

Оқи отырыңыз: Алматыда полициямен атысқан ер адам 17-ші қабаттан секіріп кетті

Полиция ер адамды ұстау үшін арнайы операция өткізді.  Алайда жасақ қызметкерлері атыс қаруын қолданбаған. Ал қару ұстаған адам 17-қабаттан секіріп кетті.

Тұрғындар арасында зардап шеккендер жоқ. Тергеу барысында күдіктінің Ресей азаматы екені анықталды.

Жаңалықтар
0