НҰР-СҰЛТАН, 23 сәуір — Sputnik. Алматыда 3,9 миллиард теңгені жымқырған қылмыстық топ құрықталды, деп хабарлады қаржы мониторингі агенттігі.
Іс бойынша 6 адам сот алдында жауап берді. Олардың қатарында қаржы полициясының бұрынғы қызметкері және банктердің бірінде басшылық қызметте болған азамат та бар.
Қылмыстық топ 2017-2019 жылдары өз басқаруындағы 7 компания арқылы 3,9 миллиард теңгені шешіп алған.
"Сот үкімімен айыпталушылар қылмыстық кодекстің 28-бабының 5-бөлімі және 216-бабының 3-бөлімі (Іс жүзінде жұмыстар орындалмай, қызметтер көрсетілмей, тауарлар тиеп-жөнелтілмей шот-фактура жазу бойынша әрекеттер жасау) бойынша кінәлі деп танылды және түрлі мерзімдерге бас бостандығынан айырылды", - деп хабарлады қаржы мониторингі агенттігі.
Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің мүлкі мемлекет пайдасына тәркіленді.
Оқи отырыңыз: BI Group басшысы миллиардтап қаржы жымқыру ісіне қатысты түсініктеме берді
Агенттіктің хабарламасына сәйкес, 2020 жылы Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеулер департаменті қылмыстық кодекстің 216-бабы бойынша 85 қылмыстық іс қозғаған. Соның ішінде жалған фирмалардың банк шоттарынан ақшалай қаражатты шешу бойынша ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған жетекшілік етудің 3 фактісі анықталған.