Қоғам

Үкімет басшысы мен денсаулық сақтау министрі Тоқаевқа есеп берді

© Sputnik / Абзал КалиевАқорда
Ақорда - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.04.2021
Жазылу
Президент үкіметке отандық вакцина өндірісін арттыруды және оның халыққа қолжетімді болуын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды

НҰР-СҰЛТАН, 23 сәуір – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр Асқар Мамин мен денсаулық сақтау министрі Алексей Цойды қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.

Кездесу аясында еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал, халыққа вакцина салу барысы мен республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері жайында әңгіме өрбіді.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа халыққа екпе егуге қатысты қабылданып жатқан шаралар жайында айтылды. Асқар Маминнің айтуынша, сәуірден бастап ай сайын 2 миллион адамға вакцина салу жоспарланып отыр.

Президентке отандық QAZVAC вакцинасының өңірлерге жеткізілуі жайында ақпарат берілді.

"Премьер-министр Қазақстанның COVID-19 індетіне қарсы вакцина шығарған он мемлекеттің және өз әзірлемелерін тіркеген бес елдің қатарына кіргенін айтты. Сонымен қатар ол 26 сәуірден бастап ASHYQ қосымшасын барлық облыстар кең көлемде қолданыла бастайтынын атап өтті", – делінген хабарламада.

Оның түсіндіруніше, бұл "қызыл" және "сары" аймақ кезінде экономиканың әртүрлі секторының қауіпсіз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысына берілген ақпараттарға сәйкес, жұқпалы аурулар ауруханасындағы орындар 42 пайызға, жан сақтау бөлімдері 28 пайызға толық. Сондай-ақ дәрі-дәрмек пен жеке қорғаныс құралдарының қажетті қоры жасақталған, ПТР-зертханалары күніне 123 мың адамға дейін қызмет көрсете алады.

Сонымен қатар 25 мың төсек-орын қоры бар, барлық өңірде заманауи құралдармен жабдықталған жаңа жұқпалы аурулар ауруханалары жұмыс істеп жатыр.

Оқи отырыңыз: Министр Цой вирус жұқтырған оқушылар көбейгенін айтты

Асқар Мамин Қасым-Жомарт Тоқаевқа 29-30 сәуір күндері өтетін Еуразиялық парламентаралық кеңестің отырысына дайындық барысы туралы да баяндады. Оған қоса, инвестиция тарту, халықты жұмыспен қамту мәселелері де қарастырылды.

Кездесу соңында президент үкіметке отандық вакцина өндірісін арттыруды және оның халыққа қолжетімді болуын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.

Жаңалықтар
0