НҰР-СҰЛТАН, 22 сәуір – Sputnik. Сенат депутаты Андрей Лукин агроөнеркәсіп кешені саласын сыбайлас жемқорлық жайлағанын айтып, АӨК-ті субсидиялау ережесін қайта қарауды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сенатордың айтуынша, соңғы бес жылда жеңілдікпен берілетін несие мен субсидияға 2,9 триллион теңге бөлінген. Алайда аграрлық салаға бөлінетін субсидиялар тиімсіз әрі мақсатсыз жұмсалуда.
"Жалған келісімшарттар жасалып, шындыққа жанаспайтын ақпараттардың берілетіні де жасырын емес. Соның салдарынан қаражат желге ұшып жатыр. Субсидия беру механизмі ашық емес және ережелері де жетілдіруді қажет етеді. Дәл осы себептен бұл саланы сыбайлас жемқорлық жайлаған. Оған жемқорлық істерінің көптігі дәлел", - деді Лукин үкіметке жолдаған депутаттық сауалында.
Айтуынша, 2018-2020 жылдар ішінде мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға қатысты 144 қылмыстық іс тергелген. Оның ішінде сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша 57 іс қозғалған. Ал субсидияны жымқыру бойынша 87 сотқа дейінгі тергеу жүргізілген.
"Салдарынан мемлекетке 2,1 миллиард теңгеден астам шығын келтірілді", – деді депутат.
Сонымен қатар ол ұсынылған ақпараттар мен деректердің дұрыстығына тек ауыл шаруашылығы өндірушілері жауапты екеніне назар аударды. Ал жауапты лауазымды тұлғалар шаруалардың өтінімін қысқа мерзімде қарап, деректердің толық екеніне ғана көңіл бөледі.
Оқи отырыңыз: Үкімет ауыл халқына микрокредит беруді жалғастырады
"Осыған орай агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау ережелерін қайта қараған жөн деп есептеймін. Сол арқылы ауыл шаруашылығы өндірушілерінің өтінімдерін тексеру бойынша жергілікті атқарушы органдардың міндеті мен субсидия төлемін жүргізетін лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарастыру қажет", – деді Лукин.
Сондай-ақ сенатор мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға бөлінген бюджет қаражатын пайдалану заңдылығын тексеру қажет деп санайды.