Қоғам

Елорда тұрғындары орталық саябақтағы ағаштардың кесілуіне наразы – әкімдік не дейді

© Photo : пресс-служба Управления культуры и спорта города АстаныЦентральный парк Астаны
Центральный парк Астаны - Sputnik Қазақстан, 1920, 22.04.2021
Жазылу
Нұр-Сұлтан әкімдігі орталық саябақта санитарлық тазалау жүргізіліп,  қураған ағаштар мен бұталар ғана кесіліп жатқанын айтты

НҰР-СҰЛТАН, 22 сәуір — Sputnik. Нұр-Сұлтан әкімдігі орталық саябақтағы ағаштардың кесілуіне қатысты түсініктеме берді.

Facebook желісіндегі елордалық пабликтердің бірінде саябақтағы ағаштардың кесілуі туралы ақпарат тарады.  Астаналықтар жасыл желектің көзін жоюға не түрткі болғанына қатысты болжам жасады. Астана тұрғындарының бірі ағаш кесілген жерде құрылыс жұмыстары басталуы ықтимал екенін атады. Пікір білдірушілердің басым бөлігі бас қалада жазда күннен қалқан болуға жарарлықтай ағаш жоққа жақын екенін жарыса жазды.

"Құрметті оқырмандар, орталық саябақта теннис корты мен "Думан" қонақ үйінің ортасындағы ағаштар не себепті қырқылып жатқанын кім біледі?" – деп жазған астаналық тұрғын кесілген ағаштардың суретін де қоса тіркеді.

Нұр-Сұлтан әкімдігі саябақта зақымдалған ағаштарды санитарлық бұталау мен қураған ағаштарды ғана кесу орындалып жатқанын айтты.

"Қала аумағында экологиялық айлық өтіп жатыр. Яғни көшелерді, аулаларды, аялдамаларды және тағы бірқатар орындарды санитарлық тазарту жүргізілуде. Сонымен қатар белгіленбеген орындарға төгілген қоқыстар шығарылып, газон аумақтары тазалануда және ағаштарды бұталау жүріп жатыр", - деді әкімдікте.

Есіл ауданы әкімдігінің мәліметі бойынша, мұндай жұмыстар қала аумағында жасыл желекті күту және қорғау ережелеріне сәйкес.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда ағашты заңсыз кескендер миллиондаған айыппұл төлейді

Еске салсақ, өткен жылдың соңында ағаш кесуге қатысты оңтүстік астанада да дау шықты. Мұнда Төле би көшесінің бойында Әуезов пен Жароков көшесі арасындағы аймақта тоғыз емен мен төрт шегіршін діңгегі табылды. Ал Алматының жасыл экономика басқармасы ағаштарды кесуге рұқсат бермеген.

Жыл басынан бері Қазақстанда ағашты заңсыз кескені үшін айыппұл көлемі бес есе ұлғайтылды. Егер келтірілген шығын көлемі 100 айлық есептік көрсеткіштен (2020 жылы 277 800 теңге) асса, онда қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Жаңалықтар
0