НҰР-СҰЛТАН, 22 сәуір — Sputnik. 4 мамырда "Болашақ" халықаралық бағдарламасына құжат қабылдау басталады. Бұл туралы білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Құжаттар 27 қазанға дейін қабылданады. Биылғы жылдың ерекшелігі сол, енді құжат қабылдау жыл бойы жүргізіледі. Бүгінде дайындық шаралары атқарылды. Стипендияны тағайындау үш кезеңде өтеді - маусым, тамыз бен қараша. Стипендиялар осы үш кезең бойынша бірдей таратылады", - деді Дәуленов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, жақында республикалық комиссия 2021 жылдың басым мамандықтарының тізімін бекітті. "Болашақ" стипендиясын тағайындау барысында осы тізім негізге алынады. Биыл оған жаңа мамандықтар да енді.
"Мәселен, вирусология, робототехника, сондай-ақ жасампаз экономикаға қатысты мамандықтар бар. Сосын биыл біз биотехнологтар, биологтар мен вакцинация саласындағы мамандарға ерекше көңіл бөліп отырмыз. Олар да шетелде даярланады", - деп атап көрсетті вице-министр.
Биылғы бағдарламаның тағы бір ерекшелігі бар - оған "Инновациялар мен жаңа технологиялар" бөлімі енгізілді. Сол жерде тиісті мамандықтар көрсетілген.