НҰР-СҰЛТАН, 21 сәуір — Sputnik. Қазақстан халық партиясының мәжілістегі фракциясы үкіметке депутаттық сауал жолдап, мүгедектердің зейнет жасын төмендетуді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Депутат Ерлан Смайыловтың айтуынша, бүгінде мемлекет тарапынан мүгедек адамдардың құқығы мен мүддесін қорғауға арналған бірқатар шара атқарылып жатыр. Алайда жұмыс істейтін мүгедек адамдардың зейнет жасын төмендету мәселесі назардан тыс қалған.
Оқи отырыңыз: Таразда мүгедек жандар министрлік бекіткен ережені өзгертуді талап етті
"Мүгедектерді жұмыспен қамту және оларға толыққанды жағдай жасау маңызды басымдық екені даусыз. Сонымен бірге мүгедек ересек адамдардың физиологиялық жай-күйін, денсаулық жағдайын да ескеру қажет. Жас өткен сайын ауру күшейеді және мүгедек адамдарға 63 жасқа дейін жұмыс істеу қиынға соғады. Соған қарамастан олар жұмыс істеуді жалғастыра береді. Өйткені мүгедектік бойынша алатын жәрдемақы мардымсыз. Сосын зейнетақыны көбірек алу үшін зейнетке шыққанға дейін жұмыс істеуге мәжбүр", - деді Смайылов мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, мүгедектердің зейнет жасын төмендеткенде денсаулықты, диагнозды, еңбек сипатын және тағы басқа мәселелерді ескеру керек.
"Бірақ олар көп балалы аналар секілді орташа 55 жаста зейнетке шығу керек. Зейнетке шыққан мүгедек адамдарды зейнетақымен қамсыздандыру тетігі жеке пысықтауды қажет етеді. Мысалы, бүгінгі күні мүгедектік бойынша төленетін жәрдемақыны және қосымша зейнетақының бір бөлігін алуға болады", - деп атап өтті депутат.
Осы орайда Смайылов тағы бір маңызды мәселені көтерді. Бүгінде мүгедектердің шығыны көп. Олар медициналық препараттар мен қызметтерге біраз ақша жұмсайды. Бұдан бөлек, көмекші құрылғыларды сатып алу қажет. Сол себепті мүгедек адамдар зейнетке шыққаннан кейін де еңбек ету құқығынан айырылмауы қажет.
Ресми мәліметке сәйкес, бүгінде Қазақстанда ересек мүгедектердің жалпы саны 600,4 мың адамды құрайды. Олардың 15 проценті, яғни, 85,5 мың адам (51 744-і – ерлер, 33 750-і – әйелдер) жұмыс істейді.