Экономика

Салықшылар Абхазия мен Оңтүстік Осетиядан көлік сатып алатындарға ескерту жасады

© Sputnik / Владислав ВодневАвтокөліктер
Автокөліктер - Sputnik Қазақстан, 1920, 19.04.2021
Жазылу
Әлібек Әбділов аталған екі елден автокөлік сатып алғандар Армениядан тасымалданған көліктер мәселесін қайталауы мүмкін екендігін айтады

НҰР-СҰЛТАН, 19 сәуір – Sputnik. Қырғызстанда Абхазия мен Оңтүстік Осетиядан сатып алынған көліктер мәселесі ушығып барады. Сенімхатпен әкелінген көлік құралдарын уәкілетті органдар тіркеуге алмай жатыр. Осыған байланысты Қазақстанның салық органдары қазақстандықтарға ескерту жасап, бұрынғы Армения көліктерімен болған қателікті қайталамауға шақырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті Абхазия мен Оңтүстік Осетиядан келген көліктер ЕАЭО-ның тауары болып саналмайтын мәлімдеді. Сондықтан кедендік рәсімдеуге жатады. Ал оны уақытша кіргізсе, көлік заңды иесінің атында болуы шарт. Дегенмен, бүгінде осы көлік құралдарын сенімхатпен сату жағдайлары бар.

"Қазір Қырғызстанда ондай көліктер көбейе бастады. Осыған байланысты біз қазақстандықтарға алдын ала ескерту жасап отырмыз. Егер Абхазиядан көлік алсаңыз, барлық кедендік рәсімдерден өту керек. Сосын Қазақстанда заңды түрде тіркеуге қою қажет. Ал сенімхатпен сатып алынған көліктердің проблемасы болады", – дейді комитеттің баспасөз хатшысы Әлібек Әбділов.

Оның айтуынша, әзірше Абхазия мен Оңтүстік Осетиядан көлікті сатып алу жағдайлары тіркелген жоқ. Дегенмен, Армениядан келген көліктердің мәселесі қайталанбау үшін алдын ала ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілгені жөн.

Айта кетейік, Қазақстанға заңсыз көлік әкелгені үшін әкімшілік немесе қылмыстық жаза қарастырылған. Ал көліктің өзі тәркіленеді. Еуразиялық экономикалық одаққа уақытша кірген көліктер бір жыл ғана жүре алады. Ал тіркеуге қою үшін барлық кедендік рәсімнен өту керек. Одан кейін тіркеу мен утилизациялық алым төленеді.

Оқи отырыңыз: Көлікті тіркеу мәселесі: Армения мен Қырғызстанға қайта бару керек пе?

Ал Қырғызстанда Абхазия мен Оңтүстік Осетиядан сатып алынған көліктер мәселесі ушығып барады. Бішкекте 100-ге жуық жүргізуші митингке шығып, ЕАЭО талаптарына сай келмейтін көліктерді рәсімдеп беруді талап етті. Полицейлер ондай көлік құралдарын ұстап, айыппұл тұрағына тоғытып жатыр. 

Жаңалықтар
0