АЛМАТЫ, 19 сәуір – Sputnik. Армениядан әкелінген көліктерге екі рет салық салынбайды. Бұл туралы қаржы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
"2020 жылдың 1 ақпанына дейін Армениядан көлік әкелген және Қазақстан Республикасында есепке қойған қазақстандықтар өз еліміздің заңнамасына сәйкес көлік салығын төлейді", – делінген министрлік таратқан ақпаратта.
Министрліктің хабарлауынша, Қазақстан және Армения қаржы министрліктері қосарланған салық салуды болдырмау мақсатында көлікке салық салу бойынша өзара уағдаласқан. Ол 2006 жылдың 6 қарашадағы Табыс пен мүлiкке салынатын салыққа қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияда айтылған.
Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген көліктер қазірге дейін Армения Республикасының уәкілетті органдарында тіркеу есебінен шығарылмағандықтан, екі мемлекет те көлікке салық салуға үміткер бола алады.
Алайда конвенцияның 21-бабы, 4-тармағының ережесіне сәйкес Армения Республикасынан 2020 жылдың 1 ақпанына дейін әкелінген, меншік құқығы бойынша Қазақстан Республикасының резиденттеріне тиесілі автокөліктерге Қазақстанда ғана салық салынады. Ереже көлік Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарында тіркеу есебіне қойылған сәттен бастап күшіне енеді.
"Осы үшін екі мемлекеттің салық органдары Қазақстан Республикасында көліктің тіркелген күнін көрсете отырып, тіркелген көлік бойынша мәліметтер алмасады. Мұндай көлікке қатысты қосарланған салық салу мәселесі туындамайды", – деді қаржы министрлігі.
Оқи отырыңыз: Зейнетақы жинағын пайдалану: БЖЗҚ салық төлеу тәртібін түсіндірді
Қазақстан Республикасы салық кодексінің нормаларына сәйкес көлік салығын төлеу көлікті Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарында есепке қойған кезден бастап міндеттеледі.