НҰР-СҰЛТАН, 17 сәуір – Sputnik. Қарағанды облысының полиция департаменті мен ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері Қазақстанның бес облысында синтетикалық есірткі өндіретін зертхана ашқан оннан астам адамды ұстады.
Полицейлердің мәліметінше, қылмыстық топтың басшылары шетелде жүр. Алайда бұл оларға Қазақстанның түрлі облысында заңсыз бизнесті жолға қоюға еш кедергі келтірмеген.
"Бұл зертханалардың ұйымдастырушылары Қазақстаннан тыс жерде жүріп, Қазақстан, Ресей, ТМД мен алыс шет елдердің аумағында психотропты заттарды дайындаумен, сақтаумен, тасымалдаумен және сатумен айналысатын трансұлттық ұйымдасқан топ құрды. Сондай-ақ мессенджерлер арқылы Қазақстан аумағында жұмыс істейтін құрылымдық бөлімшесін басқарумен және үйлестірумен айналысқан",- деп мәлімдеді Қарағанды облысы полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин.
Трансұлттық ұйымдасқан топ қатысушыларынан құрғақ және сұйық түрінде 70 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді. Сонымен қатар есірткі дайындауға пайдаланылатын 3,5 тоннадан аса прекурсор алынды.
Трансұлттық ұйымдасқан топты ұйымдастыру және басқару фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 264-бабы 1 және 2-тармақтары негізінде сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктілер, егер кінәсі дәлелденсе, он бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Тергеу жалғасып жатыр.