НҰР-СҰЛТАН, 16 сәуір – Sputnik. Шымкентте хирургтер кеңірдегіне түйреуіш тұрып қалған үш айлық қызды құтқарды.
Сәбиді тыныс алу жолында бөгде зат бар деген күдікпен жедел түрде балалар клиникалық ауруханасына жеткізген. Дәрігерлер нәрестені тексеріп, рентгенге түсірді. Тексеріс нәтижесінде кеңірдектің жоғарғы бөлігінен түйреуіш табылды, деп жазды Otyrar.
Қауіпті затты алып тастау үшін науқасқа аурухананың білікті хирургтері Әкім Түлкібаев, Нұрбол Қоянбаев, сонымен қатар анестезиолог дәрігер Берік Тотықов ота жасады.
"Фибробронхоскоппен операция жасалып, түйреуіш алынды. Ота кезінде пышақ қолданылмады. Баланың жалпы жағдайы жақсы, хаттамаға сәйкес қажетті ем алып жатыр", - деді Түлкібаев.
Дәрігерлердің айтуынша, бөгде зат ауыз қуысы мен жұтқыншақ арқылы кеңірдекке түсіп, сол жерде тұрып қалады. Балалар көбінесе ұсақ моншақты, түймені, инені, түйреуішті, сүйекті, ұсақ монетаны жұтып қоюы мүмкін.