НҰР-СҰЛТАН, 14 сәуір – Sputnik. Мәжіліс депутаты Вера Ким балаларға тегін үйірмелер мен секцияларға қатысуға мүмкіндік беретін нормативтік-құқықтық актілерді әлі қабылдамаған жайбасар шенеуніктерді сынады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Вера Ким өткен жылдың соңында депутаттар балаларға спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерге тегін қатысуға мүмкіндік беретін заңды қабылдағанын еске салды. Алайда өкілетті органдар бұл нормаларды жүзеге асыратын нормативтік-құқықтық актілерді әлі күнге дейін қабылдамаған.
"Бұл заң балалар үшін мемлекеттік спорт және шығармашылық тапсырысты енгізуді көздейді. Жаңа нормалар 2021 жылдың 1 мамырында күшіне енеді. Жаңашылдықтардың арқасында балалар шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларына тегін бара алады. Бұл нормалар қолданысқа енуі үшін бірқатар нормативтік-құқықтық акті қабылдау қажет", - деді ол премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдаған депутаттық сауалында.
Әйтсе де, айтуынша, президент заңға қол қойғаннан бері 3,5 ай өтсе де, нормативтік-құқықтық актілер әлі қабылданбаған.
Оқи отырыңыз: Аймағамбетов маңызды бастама қалай жүзеге асырылатынын түсіндірді
Осыған байланысты Ким үкіметтен тиісті құжаттар неге әлі күнге дейін әзірленбегенін сұрады. Сондай-ақ нормативтік-құқықтық актілерді тез арада дайындап, қабылдау қажеттігін айтты.