Қоғам

"Міндетті түрде адам өлімі болуы керек пе?": депутат министрге шүйлікті

© Sputnik / Елена БережнаяСу басқан үй
Су басқан үй - Sputnik Қазақстан, 1920, 14.04.2021
Жазылу
Депутаттың пікірінше, бізде іс-шаралар бір бағдарламадан екінші бағдарламаға көшіп, ауысып отырады да ақырында орындалмай қалады

НҰР-СҰЛТАН, 14 сәуір – Sputnik. Мәжілістің бір топ депутаты су тасқынына қарсы күреске қазынадан қыруар қаржы бөлінсе де, еш нәтиже болмай отырғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Мәжіліс депутаты, "Қазақстан халық партиясы" фракциясының мүшесі Жамбыл Ахметбеков су тасқыны жыл сайын көптеген азаматтың өмірі мен мүлкіне қауіп төндіретінін атап өтті. Айтуынша, тасқынмен күреске бөлінетін қаржы сомасы да жылдан жылға өсіп жатыр.

"Егер "2017-2020 жылдарға арналған су тасқыны қатерінің алдын алу және жою жөніндегі шаралар кешені" жол картасына 42 миллиард теңге бөлінсе, 2020-2023 жылдарға арналған осыған ұқсас жол картасына бөлінген қаржы 160 миллиард теңгеге жетті. Осыдан келіп нәтиже қайда деген сұрақ туындайды", – деді депутат.

Әдетте, төтенше жағдайлар министрлігі алдымен жағдайдың тұрақты екенін және су тасқынына дайын екенін мәлімдейді. Ал көктемде еліміздің жүздеген елді мекені су астында қалады. Тасқын су тұрғын үйлерге, аулалар мен көшелерге құйылады, автомобиль жолдарын су басып, инфрақұрылым бұзылады, тұрғындар қауіпті ауданнан шұғыл көшіріледі.

"Міне, бұл жағдай жыл сайын осылай қайталана береді", – деді ол премьер-министр орынбасары Роман Склярға жолдаған депутаттық сауалында.

Ахметбековтің дерегінше, соңғы бес жылда Қазақстанда 272 елді мекенді су басқан. Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облысы жыл сайын су тасқынының құрбаны болып отыр. Ал кеше елорда мен оның маңы тасқын судан зардап шекті. Нұр-Сұлтан қаласындағы "Есіл" тұрғын үй кешенінің жертөлесі мен көлікжайы суға толды.

"Төтенше жағдайлар министрлігі елорда іргесіндегі Қоянды кентін су тасқынынан құтқару үшін шұғыл аттануға мәжбүр болды. Біздің партияның өкілдері тасқын судың астында қалған Қараөткел (Ильинка) ауылына барып,  су тасқынының зардабын өз көзімен көрді. Жергілікті тұрғындар дәрменсіз күйде, еңбекпен тапқан дүние-мүлкінен айрыламыз ба деп қатты алаңдауда. Елді мекендерді, мал-мүлікті су басып, бүкіл елді су тасқыны жайлаған кезде сусорғымен арпалысқанша, осы апаттың алдын алып, су тасқынын болдырмаудың амалын қарастырған жөн емес пе!", – деп ашынды ол.

Оқи отырыңыз: Су тасқыны кезінде өзіңді қалай ұстау керек - маманның ақыл-кеңесі

Бізде іс-шаралар бір бағдарламадан екінші бағдарламаға көшіп, ауысып отырады, ақырында орындалмай қалады?! Неліктен бағдарламалық құжаттарға енген іс-шаралар кейіннен "тиімсіз" болып шығады? Ал осы "тиімсіз іс-шараларға" кеткен бюджеттің қаражатына кім жауапты болады? Қалайша бізге Қызылағаш пен Көкпекті трагедиясы сабақ болмайды? Тасқынның алдын алу үшін уақтылы шаралар қабылдау керек екенін түсіну үшін міндетті түрде қайтадан адам өлімі болу керек пе?", – деп қапаланды Ахметбеков.

Депутат үкіметтен 2017-2020 жылдарға арналған жол картасын орындауға жауапты, бірақ оны орындамаған тұлғалар қандай жауапқа тартылатынын, болашақта тұрғын үйлерді, көшелерді су басуға жол бермеу және басқа да төтенше жағдайларды болдырмау үшін қандай қосымша шаралар қабылданатынын сұрады.

Жаңалықтар
0