Өңірлер

"7 жасар қызымызды кепілге алды": Балқашта шарасыз ана жанайқайын жеткізді

© pixabay.comЕр адам, иллюстративті сурет
Ер адам, иллюстративті сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.04.2021
Жазылу
Yandex newsTelegram
Полиция департаменті ер адамның жеті жасар қызын кепілге алғаны туралы факті расталмағанын хабарлады

НҰР-СҰЛТАН, 13 сәуір – Sputnik. Балқаш тұрғыны бұрынғы күйеуінің түн ішінде үйге кіріп, кішкентай қызын кепілге алғанын айтты. 31 жастағы келіншек балаларының әкесін жазалауды сұрап отыр.

"НеМолчи.kz" қоры әлеуметтік желідегі парақшасында 31 жастағы әйелдің оқиғасын жариялады. Балқаш тұрғыны бұрынғы күйеуін кішкентай қызын кепілге алды деп айыптады.

Айтуынша, 26 ақпан күні түнде бұрынғы күйеуі терезені сындырып, пәтерге кірген. Үйде келіншекпен бірге қарт анасы, ұлы және қызы болыпты. Әйел анасы мен ұлын алып, сыртқа шығып үлгерген. 7 жасар қызы бұл уақытта ұйықтап жатқандықтан, пәтерде қалып қойған.

Әйелдің сөзінше, пәтерде жалғыз қалған экс-күйеуі ас үй пышағымен қаруланып, туған қызын кепілге алған.

Оқиға орнына полиция келген. Тәртіп сақшылары ер адаммен келіссөз жүргізгеннен кейін, бала анасымен қауышты. Жәбірленушінің айтуынша, ер адам қызын босатқаннан кейін, өз-өзін пышақпен жарақаттаған.

Сонымен қатар, 31 жастағы келіншек тергеушілердің жұмысына шағымданды. Айтуынша, іс әлі сотқа жетпеген.

"Тергеуші өз міндетіне салғырт қарап отыр деп санаймын немесе оның өз көздегені бар. Егер бәрі осылай жалғаса берсе, бұрынғы күйеуім жазадан құтылып кетеді. Ал маған өмір бойы үрей құшағында өмір сүруге тура келеді. Біз ажырасқалы бері ол мені бірнеше рет қорқытты, үйімнің жанында күтіп тұрды, аңдыды. Төрт рет қорғау ұйғарымы жазылды, ұрып-соғу фактісі бойынша екі әкімшілік іс қозғалды. Бұл адам күннен күнге қатігезденіп барады. Мен өзім және кішкентай балаларымның өмірі үшін қорқамын", - деп көмек сұрады жәбірленуші.

Тағы оқыңыз: Нұр-Сұлтанда полициядан көмек сұраған әйелді үйінің кіреберісінде өлтіріп кетті    

Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі әйелдің жазбасына қатысты түсініктеме берді.

"Facebook әлеуметтік желісінде Балқаш тұрғынының бұрынғы күйеуі кішкентай қызын кепілге алғаны туралы хабарламасы жарияланды. Алайда аталған факті расталған жоқ", - деді полиция департаментіндегілер.

Баспасөз қызметінің ақпаратынша, осы жылдың 26 ақпанында Балқаш қаласының полиция бөліміне 31 жастағы әйелден арыз түскен. Ол 32 жастағы бұрынғы күйеуіне қатысты шара қабылдауды сұраған. Айтуынша, ер адам терезені сындырып, пәтерге заңсыз кірген.

"Сол күні полиция бөлімінде Қылмыстық кодекстің 149-бабы "Тұрғынжайға онда тұратын адамның еркiнен тыс заңсыз басып кiру" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полицейлер оқиға орнын қарап шықты, жәбірленуші мен оның бұрынғы жұбайынан жауап алды, көзбе-көз кездестірді. Қазір куәгерлерді анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүріп жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша процессуалды шешім қабылданады", - делінген хабарламада.

Бұған қоса, ПД ақпаратынша, жәбірленушінің бұрынғы күйеуі 4 наурызда әкімшілік жауапқа тартылып, үш тәулікке қамалды.

Жаңалықтар
0